Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:56

356 түлек мектеп бітіреді

23.05.2023

1517

0

Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары анық. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады.

Иә, бүгінгі ғасыр, жаһандану дәуірі мемлекеттерді бір-бірінен білім, ғылым, үздіксіз даму мен бәсекеге қабілеттілік арқылы ажыратып қойды. Дамушы елдер дамыған елдің осы жолдағы озық тәжірибелерін тұтынады. Біздің ел де қазір даму үстінде. Мақсат – дамыған отыздыққа ену, Мәңгілік Ел болу. Осы тұрғыда мемлекеттік сая­сат­тың, қолдау мен көмектің басым бөлігі білім саласына бағытталып, бәсе­кеге қабілетті мамандар даярлауға ба­сым­дық берілуде. Әсіресе білімді ұрпақ тәрбиелеуде жасалып жатқан жұмыстың жүйесі көңіл көншітеді. Ал аудан педагогтарының салаға серпін берудегі жүйелі жұмысы мен табан­дылығы саланың дамуына үлкен сеп болуда.
Жалпы, ауданда 20 мектеп жұмыс жасайды. Балаларды ыстық тамақ, киім-кешекпен қамту жайы да жолға қойылған. Жал­пыға міндетті оқу қоры аясында тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санат­тағы отбасылардан шыққан 3 944 бала ыстық тамақпен қамтылуда. Оның 2045-і атаулы әлеуметтік көмек ала­тын отбасылардың балалары болса, аз қамтылған отбасы балалары және 1899-ы – бастауыш сынып оқушылары. Қосымша білім беру ұйымдары да аудандағы білім саласының қарқын алуына, оқушылардың мектеп қа­бырға­сындағы білімдерін одан ары же­тілдіріп, өнерге, түрлі үйірмелерге баулуға да жұмыс жасап келеді. Аудан­дағы 1 оқушылар үйі, 1 өнер мектебі және 2 спорт мектебінде 2 300 бала қосымша білім алуда.
Қуантарлығы, Жалағаш ауданының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуде жыл сайын абы­ройы­мызды арттырып, мерейімізді асы­рып келеді. ҰБТ қоры­тын­­дысымен алдыңғы қатардан көрініп жүрген ауданымыз білімді, бәсе­кеге қабілетті жастарды түлетуде көпке үлгі боларлықтай. Ал биылғы оқу жы­лында 356 бітірушінің 333-і ҰБТ-ға қа­тысады. «Алтын белгі» 17 және «Үздік аттестатқа» 42 бітіруші үміт­кер. Бітіруші түлектердің алдында үлкен білім сынағы тұр. Биылғы оқу жылында да мемлекет тарапынан 11 сынып оқушыларына ұлттық бі­рың­ғай тестілеуге екі рет қатысуға мүм­кін­дік беріліп отыр. Ең жоғары нәтижесін оқушы конкурсқа ұсына алады.
Айта кетейік, биылғы оқу жылы 31 мамыр­да аяқталады. Оқу жылын аяқ­тау­ға бай­ланысты салтанатты шара 1 маусым Халық­ара­лық ба­ла­ларды қорғау күні аясында бар­лық мек­тепте бір уақытта өткі­зіледі.
Аудандық білім бөлімінің мәлі­метінше, жазғы демалыс уақытында аудан бойынша 6 683 бала қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстар бүгіннің өзінде қолға алыныпты. Яғни облыс көлемінде және облыстан тыс лагерлерге, Ал­маты, Шымкент, Жаңақорғанда, сон­дай-ақ кент сыртындағы «Ақтерек» ла­ге­ріне, туристік экскурсияларға оқушылардың 90 пайызын қамту жоспарда бар.
Айта кетейік, күні кеше аймағы­мыз­да ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. Аталған науқан Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған аудан­дарындағы ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде 22 мамырдан 5 шілдеге дейін жалғасады. Бүгінде облыстағы 8 210 мектеп бітіруші түлектің 7421-і тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Ал кешегі алғашқы тестілеуде 286 түлек он бір жыл бойы алған білімдерін саралап, бағын сынады. Бұл тестілеу білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл мүм­кіндік балалар мен ата-аналардың сынаққа бойы үйренуі үшін берілген.
Жалпы, білімі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бе­реді. Ал заман талабына сай білімді ұстаз бәрінен қымбат. Мұғалімнің беделі төмен болған жерде тиісті білім де, тәрбие де болмайды. Ал мұғалім беделі ұстаздың білімімен бірге рухани-адамгершілік мәдениетіне тә­уелді. Бұл тұста ау­дандағы сала қызметкерлерінің ең­бе­гін ерекше атап өтуге болады. Өйт­кені Жалағаш ауданында білім саласы бойынша жүйелі жұмыс бар, жетістік те көп.


Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: