Кәріқұрлықтың ең үздік футбол клубын анықтайтын Чемпиондар лигасының жартылай финал ойындары бүкіл әлем бойынша миллиондаған футбол жанкүйерлерінің назарын аударатын басты спорт оқиғасына айналды. Осы маусым аясында жанкүйерлер тарапынан бұл матчтар нағыз футбол соғысы болады деп те күтілді. Иә, ол үмітті толықтай ақтады. Маусым бойы текетірескен турнирде жартылай финалға жолдама алған 4 команда бір-бірімен күш сынасты. Олар Манчестер Сити мен Реал Мадрид, Интер мен Милан арасындағы Милан дербиі еді.
Бірінші матч италияндық Милан мен Интер арасындағы Миландық дерби болды. Бұл кездесу футбол қауымының назарын өзіне аса аудартпады, бірақ ол итальяндық жанкүйерлердің жүрегінде қалды. Себебі ол – біз түсіне бермейтін екі клуб арасындағы мәңгілік текетірес, тартыс еді. Кім мықтыны анықтау қиынның қиыны. Миланды футбол тарихында бірнеше кубоктардың иегері атанған титулды ұжымдардың бірі деуге болады. Ал Интер қай уақытта да өзінің сапалы ойынымен футбол элитасының шыңында жүрген команданың бірі. Сондықтан да екі ұжым арасынан қызықты ойынды күту заңдылық еді.
Бірінші ойында екі ұжым да техникасын, ұйымшылдығын және жеңіске деген құлшынысын көрсете отырып, әр доп үшін күресті. Бірақ өкінішке орай Милан 1 таймда Интер футболшыларының қарқынына төтеп бере алмады. Өз қақпасына бірінен-бірі жауапсыз 2 голды жіберіп алды. Осылайша Интер өзіне екінші ойынға еш алаңдаусыз күйде шыға алатын жағдайды тудырды десек болады.
Иә, бірінші матчтың нәтижесі Интердің соңғы ойындардағы формасын растады. Ал Милан алдағы текетірестің айқын андердогы ретінде қала берді. Десе де «доп домалақ» демекші, күтпеген жерден тосынсый болуы да мүмкін. Тарих көрсеткендей Милан Чемпиондар лигасын ең көп ұтқан клубтар қатарында. Не болса да, Пиоли командасы қарымта ойында қайта серпілу керек, әйтпесе финалға жолдаманың тағдырын өзгерту өте қиын болады. Бір өкініштісі, Милан бірнеше мықты ойыншыларының жарақатына байланысты лайықты дәрежедегі ойынды көрсете алмауда.
Қарымта ойында Интер өз алаңында Миланды қабылдады. Иә, Интер өте мықты көрінеді. Бірақ осы маусымда Симоне Индзагидің қорғаныстағы тәлімгерлері мінсіз жұмыс істеп жатыр деп айтуға болмайды, оны А сериясының соңғы турында Сассуоллодан өткізіп алған екі гол растайды.
Десе де Россонеридің қабілеті көп нәрсеге жетеді. Олар әр түрлі стильдерге бейімделуді, кез келген жағдайда тиімді ойын көрсетуді біледі және кез келген қорғанысқа қорқыныш сезімін сыйлай алады. Бірақ ескертетін бір жағдай бар. Алаңда міндетті түрде Рафаэль Леау болуы керек. Бірінші кездесуде ол болмады, сондықтан Миланның шабуылы әлсіздеу көрінді.
Сөйтіп екінші ойын да басталды. Алғашында командалар өткір шабуылымен көзге көрінбеді. Интер ойыншыларының допқа иелік етуі басымырақ болды. 1 таймда есеп ашылмады. Үзілістен кейін 2 тайм дереу басталып кетті. Қалған 45 минутта Милан кем дегенде қарсылас қақпасына жауапсыз 2 гол тоғыту керек. Бірақ қалай? Қарсылас та осал команда емес. Жанкүйерлердің үміті Миланда болды. Заңдылық қой, көрермендердің ұтылып жатқан командаға бір бүйрегі бұратыны, жанашырлық сезім дейміз бе? Десе де аяушылық білдіретін Интер емес. Матчтың 74 минутында Интер өзінің кезекті шабуылында аргентиналық Лаутара Мартинес қарсылас қақпасынан саңылау таба білді. Матчта соғылған жалғыз гол Интер мен Миланның текетіресіне нүкте қойғандай болды. Осылайша, Интер жалпы 3:0 есебімен арада 13 жыл салып, Чемпиондар лигасының финалына шықты.
Келесі әңгімеге арқау болатын жартылай финалдық ойын бойынша біраз әңгіме айтылса керек. Әрине ол – Манчестер Сити мен Реал Мадрид кездесуі. Ағылшындар соңғы жылдардағы әлемнің ең үздік, ең қымбат клубының бірі болса, испандықтар Чемпиондар лигасының бүгінгі жеңімпазы. Сондай-ақ бұл екі команда арасында бітпес спорттық текетірес пен бәсекелестік бар. Сондықтан бұл матч нағыз қызу болатынына ешкім күмән келтірмеді және жанкүйерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бір сөзбен айтқанда финалға лайық ойын.
Бапкер Пеп Гвардиола басқаратын Манчестер Сити – техникасы жоғары, стратегиялық ойы мен ұжымшылдығы жоғары команда. Реал Мадрид өзінің тәжірибелі тәлімгері Карло Анчелоттидің жетекшілігімен бай тарихы, мол тәжірибесі және аты аңызға айналған ойыншылары бар команданы бойына сіңірді. Осындай екі түрлі футбол философиясының дуэлін тамашалау кімге болсын қызықты болды.
Сөйтіп бірінші ойын Сантьяго Бернобеу стадионында өтті. Матчтың алғашқы минутынан бастап ағылшындық қонақтар ойын тізгінін өз қолына алып, тоқтаусыз шабуылдарын Реал Мадрид қақпасына жиілетті. Королдік клубтың қақпасын торуылдаған Тибо Куртуаның жұмысы өте қиын еді. Десе де қарымта шабуылды өте жақсы орындайтын мадридтық клуб сондай бір сәтті өз пайдасына тағы шешіп кетті. Ойынның 36 минутында Винисиус Жуниор қарсыластың қақпасына алғашқы голды соқты. Ал екінші таймның ортасында Манчестер Сити сапынан Гюндаган жеткізген допты ұтымды пайдаланған Кевин Де Брюйне таразы басын теңестірді. Матч көптің болжағанындай 1:1 есебімен тең аяқталды.
«Англиядағы ойында жанкүйерлерді не күтіп тұр?» деген сұрақ әрқайсысының ойында болды. Дегенмен бұл туралы дөп түсіп айту өте қиын, өйткені көптеген сарапшылар алғашқы текетіресте Манчестер ситидің жеңісін алдын ала болжағанымен, Реал Мадрид британдық шабуылды таңғалдыруға дайын болды.
Көптен күткен қарымта ойын Этихад стадионында жалғасты. Иә, Пеп Гвардиола баптайтын команданың азуы қатты болды. Жанкүйерлерге де байқалып тұрды. Қанша жыл бойы финалға келіп, сүрінуді әдет қылған ағылшындық команданың биылғы мүмкіндікті қолдан жібермейтіні анық еді.
Ойын басталды, бірақ бұл текетіресте ерекше ашып айтатындай ештеңе болмады. Өйткені ойын 90 минут бойы алаң иелерінің бақылауында болды. Ойынның 23 және 39 минуттарында Бернарду Силва испандық клуб қақпасына қатарынан 2 гол тоғытса, ал 76 минутта Эдер Милитао өз қақпасына гол соғып алды. Ойынның аяқталуына 1 минут уақыт қалғанда әлем чемпионы Хулиан Алварес Тибо Куртуа қақпасынан саңлау тауып, матч нүктесін қойды. Осылайша Манчестер сити футболшылары корольдік клубты кәріқұрлық чемпионы атағынан біржолата айырды.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының биылғы финалы 10 маусым күні Стамбулдағы Ататүрік стадионында өтеді. Кәріқұрлық чемпионын анықтайтын ақтық ойында ағылшынның Манчестер Сити клубы мен итальялық Интер клубтары Чемпиондар лигасының кубогын сарапқа салады.
Жандос Махмұтұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!