Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:02

Тарихтың ақтаңдақ беттері

30.05.2023

601

0

31 мамыр – тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн-дан астам адам жіберілді. Бүгінде дәл осы күні біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салғаны да жасырын емес.

Кешегі кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңес одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ­тың қаншама қабырғалы тұл­ғалары сол солақай саясаттың құрбан­ына айналды. Қазақ даласында орын алған ашаршылық, нәубет жыл­дары халқымызды кенедей қырып кетті.
Жалпы, ақпаратқа сүйенер бол­сақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашар­шылықта бірнеше миллион ха­лық қырылса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмған еді. Ал індеттен аман қалғандары тау кезіп, шекара асып, босып, тозып кетті. Сол кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды.
ХХ ғасырдың бі­рінші жартысында Қазақстанға мил­лиондаған адам күш­пен көшірілді. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жат­қанына қарамастан, қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлысты бауырына басты. Кеңес­тік­ биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауыр­ларымызға, отандастарымызға айнал­ды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды бүгінде. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық. Жал­ған халық жауларымен күрес «Қарлаг», «Степлаг», «Алжир» кон­цла­герьлерінің құрылуына жағдай жа­сады. Көптеген аудан тікен сым­дар­мен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Сол кезеңдерде азаматтарды ұлтшылдық және ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес одағының құра­мынан бөліп алуға тырысты деген айыптау кең қолданылды.
Көптеген адам террорлық әре­кеттер, диверсия, саботаждарды жү­зеге асыруға дайын­дық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіп­орын­дардың қа­лыпты жұмыс істеуіне қарсы эко­но­ми­ка­лық кон­тр­революциялық әре­­кет­тер ұйымдастырғаны үшін деп негіз­сіз қуғын-сүргінге ұшырады. 50-шы жыл­­дардың ортасында лагерьлерде қамалған жазықсыз адам­дарға қа­тысты үкімдерді қайта қарау мен оларды жою жөніндегі про­цесс бас­талды. Қаза тапқандар мен атыл­ғандар ақталып, түрмедегі ерік­сіздер бостандыққа шығарылды. Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау 1920-1950 жылдары аралығында Ке­ңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жа­залау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүр­гі­зілгенін дәлелдеді.
Қуғын-сүр­гін кезінде көптеген адам атылды. Жазықсыз жазаланғандар­дың қата­рында Ә.Бө­кейхан, А.Бай­тұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Ду­лат­ұлы, Т.Рысқұ­лов, М.Жұмабаев, С.Сей­фул­лин, І.Жан­сүгіров, Б.Майлин, С.Асфен­дия­ров сияқты мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, ұлт зиялылары болды.
Сонымен бірге 1930 жылы орын алған Қарақұм көтерілісі Кеңестер елінде болған қарулы көтерілістердің ең ірілерінің бірі болды. Қарақұм көтерілісі өзінің сипаты жағынан кеңестік әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған әділетті бас көтеру болып табылады. Ол Қазақстан тарихына Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу саясатына қарсы бағытталған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бір бөлігі ретінде еніп, ұрпақтарының есінде еш ұмытылмақ емес.
Қазақ елінде болып өткен қасіреттің бәрі де біздің Жалағаш ауданынан айналып өткен жоқ. Ата-бабаларымыз қайғыға душар болды, ел 100-ге жуық ер-азаматынан айырылды. 1938-1944 жылдары аралығында коммунистік режим Жалағаш ауданына кәріс, Еділ бойының немістері, грек, молдаван, шешен, ингуш секілді мыңдаған өзге ұлт өкілін жер аударды. Мұра­ғаттық деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары ауданға Қиыр Шығыстан үш мыңнан аса кәріс, 1944 жылы Жалағаш станциясына Кавказдан төрт мыңға жуық адам күштеп жер аударылып, қоныстандырылған. Бұл ағайындар Жалағаш жерінен өзде­рінің екінші Отанын тапты. Достық құша­ғымызды аштық. Тағдырдың басқа салғанын бірлесіп көрдік.
Жалпы, қазақ даласында азат­тық үшін талай көтеріліс, шапқыншы­лықтардың орын алғанына тарих куә. Ал сол нәубетті бастан кешіп, қазақ даласының ұлтарақтай жерін, қасиетті топырағын жау табанына бастырмай, қорғап қалған ата-бабамыздың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал осыншама қиындықты еңсере білген еліміздің еңсесін тіктеген асқақ рухы – өзгеге өнеге. Тарихтың таразысында тең түскен қазақтың қанымен бірге жа­ралған осы өр намыс пен ұлттық рух бүгінге дейін талай тұғырдан көрінуімізде, белестердің сан саласын бағындыруда тегімізді айқындап тұр­ды. Өйткені қазақ қашаннан еркіндік үшін жаралған халық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: