31 мамыр – тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн-дан астам адам жіберілді. Бүгінде дәл осы күні біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салғаны да жасырын емес.
Кешегі кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді таңдап, ешбір адамды талғаған жоқ. 1920-1950 жылдары Кеңес одағында миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол солақай саясаттың құрбанына айналды. Қазақ даласында орын алған ашаршылық, нәубет жылдары халқымызды кенедей қырып кетті.
Жалпы, ақпаратқа сүйенер болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмған еді. Ал індеттен аман қалғандары тау кезіп, шекара асып, босып, тозып кетті. Сол кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшірілді. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлысты бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этнос өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды бүгінде. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық. Жалған халық жауларымен күрес «Қарлаг», «Степлаг», «Алжир» концлагерьлерінің құрылуына жағдай жасады. Көптеген аудан тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Сол кезеңдерде азаматтарды ұлтшылдық және ұлтшыл ұйымдар құру арқылы республиканы Кеңес одағының құрамынан бөліп алуға тырысты деген айыптау кең қолданылды.
Көптеген адам террорлық әрекеттер, диверсия, саботаждарды жүзеге асыруға дайындық жасағаны, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуіне қарсы экономикалық контрреволюциялық әрекеттер ұйымдастырғаны үшін деп негізсіз қуғын-сүргінге ұшырады. 50-шы жылдардың ортасында лагерьлерде қамалған жазықсыз адамдарға қатысты үкімдерді қайта қарау мен оларды жою жөніндегі процесс басталды. Қаза тапқандар мен атылғандар ақталып, түрмедегі еріксіздер бостандыққа шығарылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау 1920-1950 жылдары аралығында Кеңес мемлекеті жүргізген қуғындау, жазалау саясаты асқан қаталдық, шектен шыққан зұлымдық тәсілмен жүргізілгенін дәлелдеді.
Қуғын-сүргін кезінде көптеген адам атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.
Сонымен бірге 1930 жылы орын алған Қарақұм көтерілісі Кеңестер елінде болған қарулы көтерілістердің ең ірілерінің бірі болды. Қарақұм көтерілісі өзінің сипаты жағынан кеңестік әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған әділетті бас көтеру болып табылады. Ол Қазақстан тарихына Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру, кәмпескелеу саясатына қарсы бағытталған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бір бөлігі ретінде еніп, ұрпақтарының есінде еш ұмытылмақ емес.
Қазақ елінде болып өткен қасіреттің бәрі де біздің Жалағаш ауданынан айналып өткен жоқ. Ата-бабаларымыз қайғыға душар болды, ел 100-ге жуық ер-азаматынан айырылды. 1938-1944 жылдары аралығында коммунистік режим Жалағаш ауданына кәріс, Еділ бойының немістері, грек, молдаван, шешен, ингуш секілді мыңдаған өзге ұлт өкілін жер аударды. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары ауданға Қиыр Шығыстан үш мыңнан аса кәріс, 1944 жылы Жалағаш станциясына Кавказдан төрт мыңға жуық адам күштеп жер аударылып, қоныстандырылған. Бұл ағайындар Жалағаш жерінен өздерінің екінші Отанын тапты. Достық құшағымызды аштық. Тағдырдың басқа салғанын бірлесіп көрдік.
Жалпы, қазақ даласында азаттық үшін талай көтеріліс, шапқыншылықтардың орын алғанына тарих куә. Ал сол нәубетті бастан кешіп, қазақ даласының ұлтарақтай жерін, қасиетті топырағын жау табанына бастырмай, қорғап қалған ата-бабамыздың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал осыншама қиындықты еңсере білген еліміздің еңсесін тіктеген асқақ рухы – өзгеге өнеге. Тарихтың таразысында тең түскен қазақтың қанымен бірге жаралған осы өр намыс пен ұлттық рух бүгінге дейін талай тұғырдан көрінуімізде, белестердің сан саласын бағындыруда тегімізді айқындап тұрды. Өйткені қазақ қашаннан еркіндік үшін жаралған халық.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!