Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 27 қараша, 09:27

ҚПЛ қыза түсті

28.10.2020

708

0

Футболдан Қазақстан премьер лигасы қыза түсті. Жүлдеге үміттілер жанкүйерлерін жеңіспен қуантса, аутсайдерлер біріншілікте орнын сақтап қалу үшін амал қарастыруда.

Өткен аптаның сенбі-жексенбісінде 13-тур ойындары тәмамдалды. Алғашқы ойын «Тараз» бен қызылордалық «Қайсар» арасында өрбіді. Матч Талғардағы ұлттық құраманың базасында өтіп, 2-2 есебімен аяқталды. Кездесудегі алғашқы голды 23-минутта «Тараз» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек соқты. Араға екі минут салып Серж Ньюадзи баспен гол соғып, есепті еселеді. 63-минутта Элгуджа Лобжанидзе есепті қысқартып, 82-минутта таразы басын теңестірді.

Кезекті ұпайына қол жеткізген «Тараз» 13 ұпаймен сегізінші орынды ешкімге бермей тұр. Ал «Қайсар» 17 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады. Көкшетаулық «Оқжетпес» бұл турда петропавлдық «Қызыл-Жар СК» командасынан басым түсті. Талғар қаласында өткен кездесу 2:1 есебімен аяқталды.«Қызыл-Жардың» грузиялық жартылай қорғаушысы Шота Григалашвили 43-минутта есеп ашып, үзіліс алдында командасын алға шығарды. Алайда екінші таймда «Оқжетпестің» ойыншылары есепті теңестіріп, содан кейін жеңіс голын соғып кетті. 54-минутта эстониялық Артем Дмитриев пенальтиді сәтті орындаса, 68-ші минутта черногориялық футболшы Дарко Зорич гол соқты.

«Оқжетпес» осы ойыннан кейін соңғы 11-орыннан тоғызыншы орынға көтерілді, қазір еншісінде он ұпай бар. Осы орыннан ол сегіз ұпайы бар «Қызыл-Жар СК» клубын ығыстырды.Қарағандылық «Шахтер» Премьер-лиганың 13-турында шымкенттік «Ордабасыдан» минималды есеппен жеңіліп қалды. Сегізбаев атындағы стадионда өткен матч 0:1 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды «Ордабасының» бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло соқты. Оның айып алаңының ішінен жасаған соққысы «Шахтер» қорғаушыларының біріне тиіп, доп қақпа төрінен табылды. «Ордабасы» бұл жеңістен кейін 21 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Ал «Шахтер» 16 ұпаймен алтыншы орында қала бермек.

Қостанайлық «Тобыл» «Каспийді» жеңді. Матч Алматының Орталық стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз әрі жеңісті голды 70-минутта Сергей Малый соқты. Азат Нұрғалиевтің бұрыштамадан асырған пасын Малый голға айналдырды. Осы жеңістің арқасында «Тобыл» 23 ұпай жинап, турнирлік кестеде «Астана» мен «Ордабасыны» (екеуі де – 21) басып озып, екінші орынға көтерілді. Ал «Каспий» соңғы орында (7 ұпай).Бас жүлдеден үмітті «Қайрат» Талдықорғанның «Жетісу» командасын ұтты.

«Жас қыран» стадионында өткен кездесу алматылықтар үшін оңайға соққан жоқ. Бірінші таймда Дмитрий Огайдың шәкірттері 2:0 есебімен алға шықты. Алдымен «Қайраттың» қорғаушысы Айбол Әбікеннің қателігінен кейін Педро Эуженио 7-минутта есеп ашты.Он минуттан кейін Ғафуржан Сүйімбаевтың артқа берген добын дұрыс тоқтата алмаған Стас Покатилов өз қақпасына гол өткізіп алды. Көп ұзамай 30-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Абат Айымбетов есепті қысқартты. Екінші таймда 50-минутта Вагнер Лав 11 метрлік айып добын қақпадан әлдеқайда жоғары тепті. Дегенмен 57-минутта А.Айымбетов таразы басын теңестірді. Іле-шала өз айып алаңында Адеринсола Эсеоланы шалып құлатқан «Жетісу» қорғаушысы Мейрам Сапанов екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды. Бірақ А.Эсеоланың 11 метрлік айып добын талдықорғандық клубтың қақпашысы Андрей Шабанов кері қайтарды. Бірақ ол 76-минутта Денис Поляковтың тепкен добын қайтара алмады. Екінші таймда «Қайрат» сапында алғаш рет алаңға шыққан 19 жастағы Данияр Үсенов 94-минутта өзінің бірінші голын соғып, есепті 4:2-ге жеткізді.Бұл матчта өрескел қателікке жол берген Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатиловты екінші таймда Данил Устименко алмастырды.Ойынның екінші кезеңінде алаңға шыққан «Жетісу» футболшысы Аслан Дарабаев екі мәрте ескерту алып, ол да ойын алаңынан шығарылды. Осылайша 32 ұпай жинаған Алексей Шпилевскийдің шәкірттері «Астанадан» 11 ұпайға ұзап кетті. Дегенмен бұл турға қатыспаған елордалықтардың бір ойыны кем.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: