Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:26

Жаңа Әлеуметтік кодекс туралы

12.06.2023

356

0

Мемлекет басшысының 2020 жылғы халыққа Жолдауында ҚР Үкіметіне Әлеуметтік кодексті әзірлеу тапсырылған болатын.

2023 жылдың 20 сәуірінде ҚР Әлеуметтік кодексі қабылданып, ол   ағымдағы жылғы 1  шілдеден бастап заңды күшіне енеді.

Жаңа Кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру.

Бұл ретте, әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыстағы 17  Заңдар мен актілердің барлық нормалары біріктіріліп, Әлеуметтік кодекспен қамтылған.

 Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді.

 Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды.

Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.

Әлеуметтік Кодекстегі негізгі жаңалықтарының бірі , бұл- Отбасының цифрлық картасы.

Отбасының цифрлық картасы де­ге­ні­міз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры.

Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр.

Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Сондықтан, Кодексте біріншіден, Отбасылық цифрлық карта мем­ле­кет­тік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді.

Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.

Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады.

Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіледі.

Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі.

Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі дерек­тер негізінде тағайындалады.

Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады.

 SMS-хабарлама Министрлік арқылы әр отбасы туралы цифрлық ақпарат зерттеле отырып, күнделікті жіберіледі.

Республика бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 81 мыңнан аса азамат зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар екені туралы хабарлама алған.

Бүгінде соның 53 мыңына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалып, төленіп отыр. Қолданысқа жаңадан енгізіліп жатқандықтан, бұл қызметте кейбір кемшіліктер орын алуы мүмкін.

Себебі, кейбір ақпараттық жүйедегі ақпарат ескі болады немесе белгілі бір салада цифрландыру кеш басталғанына байланысты отбасы туралы ақпарат болмайды.

Мысалы, АХАЖ-ды цифрландыру 2008 жылы басталып, базаға сол уақыттан бастап туған балалардың деректері ғана енгізілген.

 Сондықтан, азаматтар мұндай қателіктерді жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы растап, Цифрлық картаға өзгеріс енгізуіне болады.

Қазір Цифрлық даму министрлігімен осындай қателіктерді түзетуге мүмкіндік беретін сервистік қосымша дайындалуда.

Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін өзгерістерді ұялы телефон арқылы хабарласып, енгізуге болады.

Балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту

Балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өткен жөн.

Нақтырақ айтсақ:

а) жүктілікке және босануға, сәбидің дүниеге келуіне, бала күтіміне байланыс­ты төлемдер бар;

ә) көпбалалы отбасыларға, 6 және одан көп баланы босанған аналарға және мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақылар қарастырылған;

б) тұрмысы төмен отбасыларға атау­лы әлеуметтік көмек беріледі.

Сондықтан, Әлеуметтік кодексте балалы отбасыларды әлеуметтік қол­дау­дың қолданыстағы жүйесін сақтай оты­рып, оның негізгі параметрлерін өзгер­ту қарастырылған.

Бұл жаңа пара­метрлер отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңей­туді көздейді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвес­ти­ция­лық табысының тең жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастайды.

Бұл қадам балалар кәмелеттік жасқа толған кезде өмірге жолдама беретін бастапқы капитал іспетті қосымша қолдау болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды.

Бұл қызмет төлем алушыларға проактивті форматта ұсынылады.

Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істеймейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде.

Облыс бойынша 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша төлем алушылардың саны 19,6 мыңға жеткен, оның  3,5мыңы бюджеттен бала санына қарай 19,9 мың теңгеден 30,7 мың теңгеге дейін алуда.

Ал, қалған 16,1 мыңнан астам аналар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде төлем алуда. Әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 48 мың теңгені құрайды.

Әлеуметтік кодекске «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілген.

Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге беріледі.

Сондай-ақ, наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алуда.

Кодекске сәйкес «Алтын алқа» алқа, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар және «Батыр Ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артады. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төленетін болады.

Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты.

Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнет­кер­лердің 3 буынын қамтиды.

Біріншісі – аға буын.Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді.

Осы санаттағы адамдар базалық және еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады.

Олардың басым көпшілігіне 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнетақы төленеді.

Екіншісі – бүгінгі буынБұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар.

1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен– жинақтаушы зейнетақы алады.

Алдағы уақытта зейнетақы жүйесінің негізгі проблемалары болып 1998 ж. 1 қаңтар бойынша жұмыс өтілінің азаюына байланысты, мемлекеттен зейнетақыны алып отырған зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақысының мөлшерінің азаюы және болашақ зейнеткерлердің жеткіліксіз жинақтары болмақ.

Сондықтан, Кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралған.

Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады.

Сондықтан, 2023 жылғы 1-қаңтардан бастап бірінші және екінші буын зейнеткерлердің

* ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%- 60% дейін артады. Бұл шара 2028 жылға дейін жалғасып, базалық зейнетақының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсетін болады;

* зейнеткерлік жасына жеткен азаматтар үшін 1998 жылға дейін еңбек өтіліне сәйкес төленетін зейнетақының мөлшері 55 айлық есептік көрсеткішке тең келетін табыстың көлемінен  (алдын 46 АЕК) есептеледі.

* нәтижесінде орташа зейнетақының мөлшері биыл 120 мың теңгеден асып, орташа еңбек ақының 50% (міндетті зейнетақы жарналарын төленген мөлшерінде есептелген) құрайды.

            Сонымен қатар, ҚР Президентінің 01.09.2022 жылғы Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша  2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған ұлғайтуды 5 жылға тоқтату бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылған болатын.  

               Осыған сәйкес, Әлеуметтік кодексте 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді.

            Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнет­кер­лері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын және толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.

Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады.

Ал зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі.

Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады.

Осылайша, бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен– жинақтаушы зейнетақы) алады.

Аталған шаралар азаматтарды­ лайық­ты­ зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Кодексте өз активтерін басқару бойынша салым­шы­лардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер көзделген.

Енді азаматтар белгіленген жет­кі­­лік­тілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Сондай-ақ, салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Бұл ретте, мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн.

Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады.

Сондықтан, әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруге тиіс.

Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақ­стан­ды құру үшін әділ әлеуметтік сая­сат­ жүргізуіміз керек.

Әлеу­­меттік кодекс осы саясатты табыс­ты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау 

комитетінің Қызылорда облысы

бойынша департаменті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: