Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 12:12

Терапия бөлімі

16.02.2021

1313

0

Медицина саласындағы басты мақсат Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор. Әсіресе бүгінгідей ел басына күн туғанда, сын сағатта жауапкершіліктен қашпай, еш мойымай бар күш-жігерін елдің амандығы жолында жұмсаған да дәрігерлер қауымы болды.

Аудандық ауруханаға бас сұққанда ең күрделі бөлім – терапия бөлімінің жұмысымен таныстық. Абзал жандардың тығыз жұмыс кестесін, олардың еңбегін меңгеріп кетпесек те, іштей сезіну үшін ақ халатымызды киіп, бөлімнің әрбір палатасын, ем-дом бөлмелерін аралап шықтық.

Айта кетейік, жаңа аурухана ашылғанда «Ел игілігіне берілді» деп қалпағымызды аспанға атып қуанғанымыз рас, бірнеше мәрте газет бетінде сүйіншіледік те. Адамды ауыртпасын дейміз, бірақ палаталардағы науқастармен азды-кем сұқбаттасқанда расымен игілікке берілген нысан екеніне тағы да көз жетті. Олардың ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз, жағдайымыз да жақсы дейді. Барлық жағдай жасалғанын, сапалы медициналық қызмет көрсетілетінін және дәрігерлердің ерекше ықыласпен қарайтынын айтады. Жылы әрі жарық бөлмеде алған еміміз де қонымды, жанымыз тыныш дейді.

Терапия бөлімінде 48 орындық төсек орын екен, оның 20-сы терапия науқастары,15-і терапияның күндізгі стационарлық,13-і қалпына келтіру бөлімі. Барлық бөлмелер кең, таза, жылы сумен қамтамасыз етілген. Әрбір палата 2-4 орындық. Әсіресе риза болғанымыз – аурухана мен емхана аралығына жабық жолмен өтуге болатындығы. Емханадан қажетті дәрігерлер ауруханаға баратын болса, айналып жүрмей-ақ жаңағы аспалы қатынас жолмен барып келе береді.

Дені сау адам қоғамның басты байлығы деп, бұрынғы ғалымдар айтпақшы, бұл бөлімдегі дәрігерлердің жұмысы қарбалас. Жұмыс кестелері тығыз, шыдамдылықты талап етеді. Терапия бөлімі осы кездері халық денсаулығын сақтау және қорғау барысында айтарлықтай жақсы жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. Бұл бөлімнің жұмысы расымен де күрделі. Өйткені жүрек қан тамырлары, қан қысымы, анемия, сондай-ақ ішкі құрылысы мазалаған, сыр берген науқастардың барлығы тікелей осы бөлімге жатқызылады.

Біз барғанда дәрігерлер палаталарды аралап, науқастардың хал-жайын білсе, мейірбикелер дәрі-дәрмек пен укол уақытына дайындауда. Науқастардың бірі ем-дом алып жатса, енді бірі аурухана ішіндегі қалпына келтіру кабинетінде арнайы аппараттармен ем қабылдауда. Жатын бөлмелері тап-таза, кіреберісінде бір жағында әжетханасы, бір жағында суға түсетін бөлмесі орналасқан. Барлық палатадағы бұл бөлмелер түгелдей іске қосылған. Палатаға кіргенде емделушілермен азын-аулақ сұқбаттасқан болатынбыз. Мұндағы кісілер «Бөлімнің дәрігерлері – жан-жақты өте білікті мамандар. Науқастардың диагнозын қоюда, емдеу шараларын жүргізуде көңілімізден шығады. Ауырып келіп, қазір біраз қалыпқа келдік. Енді бірнеше күн ем қабылдасақ, құлан таза айығып, отбасымызға оралатынымызға сенеміз» дейді.
Өткен жылы терапия бөліміне 731 науқас түскен екен. Емделіп, жазылып шыққан науқастар саны – 728 адам. Бұл бөлімде әсіресе кіші аяжандардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Бұл ақ халаттылар жүріп-тұруы қиындаған, қайта қалпына келтіруге жатқызылған науқастарды жуындыру, әжетханаға апару, арбамен тасымалдау сияқты сан-қилы жұмыстар атқарады. Күндіз-түні кезекпен кезек осындай жағдайдағы кісілердің қажеттілігін өтеп, күтушісіндей қарап, оңалып кетулеріне көп күш салуда.

Терапия бөлімінің меңгерушісі Жібек Мұстафинаның Алматыдағы Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде оқып, мамандығы бойынша еңбекке араласқанына да бірнеше жылдың жүзі болыпты. Ал терапиядағы невропатолог дәрігер Әзиз Жәмкеев, күндізгі стационарлық дәрігер Нұрперзент Санатбекұлы, қалпына келтіру бөлімінің дәрігері Әсем Шамитаевалар да жұмыстарын тиянақты атқарып, науқастардың дертіне дауа, ауруына шипа беріп жүрген абзал жандардың қатарында. Қазір ауруханадағы емделушілерге сапалы медициналық қызмет көрсетіліп жатқанын айтуға болады. Бұны науқастардың жүздеріндегі жылылық пен жарқын өмірге деген құлшыныстарынан бірден байқайсыз.

Міне үш қабатты аурухана ғимаратының осы заманға сай салынып, жабдықталғанына көз жеткіздік. Жоғары білімді дәрігерлер де аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, денсаулық саласының айтарлықтай дамуына жұмыс істеуде. Ғимарат бар, дәрігерлер де жеткілікті, ендігі жерде халықтың денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Аманкүл Өтегенқызы айтпақшы, ақ халаттылардың табысы артты, мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде, тек жұмыстың сапасына мән беретін кез келді.

Нұр Науан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: