Бүгінгі ҚР сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Иә, реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.
Осы орайда Жалағаш аудандық сотында сала қызметкерлерінің және де БАҚ өкілінің қатысуымен 2023 жылдың 6 айының жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясында аудандық сот төрағасы А.Мизанбаев баяндама жасап, бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Нақтырақ тоқталсақ, аталған мерзімде аудандық сотта барлығы 369 іс қаралып, аяқталған. Оның ішінде, азаматтық 203, қылмыстық 34, әкімшілік құқық бұзушылық 132 іс қаралған. Аяқталған 203 азаматтық істер бойынша, сот бұйрығы 24, шешім 117, тоқтатылған іс саны 38, қараусыз қалдырылған 24, басқа соттың қарауына жолданғаны 1. Тоқтатылған азаматтық істерге қатысты медиация бойынша 38, оның ішінде сотқа дейінге хаттама негізінде 28 іс бойынша жұмыс жүргізілген. Азаматтық істер бойынша ең көп қаралған даулар шарт бойынша міндеттемеден туындаған даулар, яғни банк заем шарты, қарыз ақша өндіру 37, неке бұзу 36, кәмелетке толмаған балаларды асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы талаптар 24 болса, заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы 22 арыз қаралған.
Қылмыстық істер бойынша 34-і аяқталған, ал 11 іске үкім шығарылған, 17-сі тоқтатылған, сондай-ақ 17-сі медиация тәртібімен татуласқан, 5 іс соттылығы бойынша жолданған және 13 адам сотталған.
– Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің «қара қылды қақ жарған» әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.
Сондықтан әрбір азаматқа әділ жаза түрлерін тағайындауға міндеттіміз және қызметтік жағынан да, моральдік жағынан да парызымыз болып табылады. Жаза түрлеріне нақтырақ тоқталсам, 1 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, 4 азаматтың бас бостандығы шектелді, бас бостандығынан айыру 6, 1 азаматқа айыппұл міндеттелді, 1-еуіне шартты жаза тағайындалды. Аяқталған істердің санаттарына тоқталсақ, жеңіл санаттағы қылмыс 4, ауырлығы орташа қылмыс 7, ауыр қылмыс 10, ал тағы 10 іс теріс қылық санатындағы қылмыс болып табылады. Аяқталған қылмыстық істердің ең көп қаралған қылмыс санаты бойынша, ҚР ҚК-нің 188-1 бабы, мал ұрлығы бойынша 3 іс, ҚК-нің 188-бабы, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында 7 іс, ҚР ҚК 187 бап, ұсақ-түйек жымқыру бойынша 11 іс, есірткі затын заңсыз егу, тасымалдау санатында 3 іс қаралды.
Жалпы, қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 139 істің аяқталғаны 132 болса, жаза тағайындалғаны 89, тоқтатылғаны 42, соттылығы бойынша жолданғаны 1, тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен тоқтатылған 19 іс. Жаза тағайындалғандары бойынша, айыппұл 50, ескерту 5, қамаққа алу 34, көлік құралын басқару құқығынан айыру 12, көлік құралын басқару құқығынан айыру қосымша жаза ретінде 12 адамға жаза қолданылды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтың ең көп қаралған санаты бойынша көлік құралын алкогольді масаң күйде басқару 12, жеке бастың құқықтарына қол сұғатын, оның ішінде ұрып-соғу, отбасы-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамды ұрып соғу 14 іс келіп түскен. 1 іс келесі тоқсанға қалса, 6 іс біріктірілді. Есепті мерзімде сотпен азаматтық істер бойынша 1, жеке ұйғарым, қылмыстық іс бойынша 1, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 6 іске жеке қаулылар қабылданды, – дейді аудандық сот төрағасы.
Баспасөз конференциясын қорытындылай келе сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап өтті. Әрине, сот саласы ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Сондықтан еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш.
Иә, сонау заманнан қалыптасқан әділетті үкім шығара білген билердің жолы қазіргі тәуелсіз елеміздің сот жүйесіне бағыт-бағдар болары сөзсіз. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар. Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің «қара қылды қақ жарған» әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!