Бұқарбай батыр ауылындағы «Сырлыбай ата» фермерлік қожалығы ауыл шаруашылығы саласында әр жылды табысты қорытындылап келеді. Жыл сайын 200 гектар алқапқа Сыр салысын себетін еңбек ұжымы биыл да межелі жерге күріш егіпті. Қазірдің өзінде Сырдың басты дақылы бас алып тұр.
Шаруашылық төрағасы Мәулен Ибраев аяқ су мәселесіне қарамастан мұндағы ауыл еңбеккерлері межелі өнімге қол жеткізуге қарекет етіп жатқанын айтады. Сөзінше, инвестор бұл тығырықтан шығатын амал тауып, жұмысшыларға бар жағдайды жасап қойыпты.
– Аяқ су қазір жерге дән тастаған кез келген шаруашылық ұжымына оңай тиіп жатқан жоқ. Биыл мәселенің күрделенгенін ел жақсы біледі. Бізге де бастапқыда оңай болған жоқ. Алайда инвестор бізге бар жағдайды жасап отыр. Техникамыздан ақау табылса, оның орнын заманауи үлгідегі жаңа техника басады, ерте көктемде тұқымның жоғары сұрпы керек десек, одан да мәселе болмайды. Бір сөзбен айтқанда, қаражаттан, еңбек өнімділігін арттыратын құрал-сайманнан ешқандай мәселе жоқ, тек еңбек ету керек, себебі қолдау басым. Уақыт өте аяқ су мәселесі қиындай түсті. Инвесторға айтқанымыз сол еді, дереу сусорғыш насос алып берді, қазіргі таңда алқапты жағалай аққан каналдан осы насос арқылы күрішімізді суарып отырмыз. Былтыр өнім жаман болған жоқ, биыл да межелі өнімге қол жеткіземіз деген ойдамыз, – дейді төраға.
Мәкең отызды енді еңсерген өзіміз сияқты жас азамат екен. Алайда күріштің күтіміне қажетті айтқан деректеріне қарасаң, салада 45-50 жылдық тәжірибесі бар кәнігі диқан іспетті. Көктемде сепкен тұқымнан мол астық алу үшін оны себемін дегенше алқапты қалай сүдігерлеу керек, егістіктің тегістігі қандай маңызға ие, күрішті қырқынан шығару, оларға өлшеммен берілетін тыңайтқыштар, бәрі-бәрі төрағаға таңсық дүние емес. Міне, осыдан кейін «жастардың қолынан шаруаны ширату келмейді» деп айтып көріңіз. Көп жерде ауызыңа абай болмасаң, мұндай білікті азаматтар өзіңді оқытып жіберуге әзір тұр. Себебі салада жиған тәжірибесі, алажаздай аптап ыстықта атыз басында еткен еңбек, төккен тер бар. Міне, мұндай үлкен бейнетті еңсермесе, төрағаның сөзі де бұлай болмас еді.
Шаруашылық биыл тағы да 200 гектар алқапқа күріш еккен. Мұнан бөлек 50 гектар жоңышқасы тағы бар. Бүгінде Сырдың басты дақылы бас алып тұр. Бұйыртса, айдың аяғында болмаса қыркүйектің алғашқы онкүндігінде егінге орақ салуды жоспарлап отыр. Әзірге 200 гектар күріштің күтіміне осындағы 5 диқан жауапты. Олар да аптап ыстыққа қарамастан егіс басынан кеткісі жоқ. Еңбекке адал ауыл азаматтарының қара жұмысына қарап көз сүйсінеді.
Негізі, кез келген істің ширауына бір қолдаудың басты себеп болатынын жақсы білеміз. Мұндағы жұмыстың ширауына да инвестор тарапынан көрсетілген қолдау сеп болыпты. Қазіргі таңда шаруашылықта 10 адам жұмыс жасаса, еңбеккерлердің орташа жалақысы 170-180 мың теңгені құрайды. Ал ең төменгі жалақы – 150-160 мың теңге. Мұнан бөлек ауыл еңбеккерлері «Алтын күз» мерекесінде жыл сайын қаржылай сыйақыдан құр қалмайтын көрінеді. Ал ең жоғары өнім алған диқандарға темір тұлпар табыстауды инвестор дәстүрге айналдырған.
– Иә, қолдау бар, оны сөзімнің басында да айтқанмын. Соған сай еңбек ұжымы қажырлы жұмыс жасап жатыр. Техникадан мәселе жоқ, механизаторлардың барлығының астында соңғы үлгідегі заманауи техникалар. Сондықтан біз күріштің толық пісіп-жетілуіне басымдық береміз, себебі алажаздай баптаған өнім жауын-шашынға ысырап болады деген уайым жоқ, – дейді, Мәулен Ибраев.
Айта кетейік, «Сырлыбай ата» шаруа қожалығы жыл сайын бақша саламын деген ауыл азаматтарына арнайы жер ашып береді. Оны сүдігерлеп, қоршап, тіпті аяқ суға дейін тартып береді. Тек ауыл тұрғындары еккен өнімінің күтіміне жауапты. Биыл да шаруашылық 2 гектар бақшалық жер ашыпты. Қазіргі таңда онда ауылдағы 15 отбасы бақша салып, қауын-қарбыз, картоп, асқабақ, қызылша, сәбіз, қызанақ секілді өнім еккен.
– «Сырбай ата» шаруа қожалығы жыл сайын елдің бақша салуына арнайы жер ашуды дәстүрге айналдырды. Оның игілігін көріп отырған тұрғынның бірі – өзім. Біз жылда базардан картоп-сәбіз, асқабақ, қызанақ секілді бақша өнімдері мен көкөністерді сатып алмаймыз. Алажаздай осында бұл өнімдерді баптап, күзде жинап аламыз. Тіпті артығын сататын кездеріміз де болды. Биыл да шаруашылық ашқан жерге бақша ектік. Шығымы өте жоғары. Себебі шаруашылық аяқ суды пайдалануда кездесетін барлық мәселені шешіп берді. Биыл да жақсы өнім аламыз, өздері де кәсібін дөңгелентіп, елдің де егін егуіне жағдай жасап отырған шаруашылыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазір осында өзіміз секілді тағы 14 отбасы бақша өнімдерін егіп отыр, – деді ауыл тұрғыны Ғалымжан Сүлейменов.
Шаруашылық 2019 жылдан бері күріштің «Лидер» және «Яньтар» сұрпын егеді. Бірақ биыл тек «Лидер» сұрпын сеуіпті. Себебі ол өнімділікті арттырады екен. Әзірге алқаптағы күріштің шығымы бітік. Ауыл азаматтарына да жағдай жасап, жыл сайын саланы оң нәтижемен қорытындылап келе жатқан еңбек ұжымы биыл да межелі өнімге қол жеткізеді деген сенімдеміз.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!