Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 19:28

Салықтық түсімдерде өсім бар

05.08.2023

1698

0

Жалағаш ауданында 2023 жылдың шілдесіне дейін 427 заңды тұлға, 2 676 дара кәсіпкерлік субъектісі, 2 сот орындаушы, 3 жеке нотариус, 1 адвокат және 409 шаруа және фермер қожалығы салық төлеуші ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 11 пайызын құрайды. Алты айда мемлекеттік бюджетке 1 млрд 271 млн 149 мың теңге болжамдалып, 1 млрд 451 млн 777 мың теңге түсім түскен. Осылайша болжам 180 млн 628 мың теңгеге артық орындалып отыр. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев осылай деді.

– Мемлекет халқының өмір сүру тепе-теңдігін қалыптастыру мақса­тында өз бюджеті бекітіліп, «ортақ қазаны» құрылады. Бұл қазанға түсетін қаражаттың мол үлесі «салық саласынан» молаяды. Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 35-ші бабында «Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әр­кім­нің борышы әрі міндеті болып та­былады» деп көрсетілген. Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде ұлт болашағы үшін бірқатар істер жүзеге асырылуда. Оның ішінде елімізде бюджет саласы мен салықтық базаны ұлғайтуда айтарлықтай жұмыстар атқа­рылып келеді. Басқарма тара­пынан атқарылған жұмыстар нәти­же­сінде 2023 жылдың алғашқы жарты­жылдығымен бекітілген бюджет жос­­пары артығымен орындалып, нә­ти­желі көрсеткішпен аяқтадық, – деді басқарма басшысы.

Спикердің сөзінше, республикалық бюджетке 619 млн 497 мың теңге бол­жамдалып, 441 млн 317 мың теңге түсім түскен, яғни болжам 178 млн 180 мың тенгеге кем. Бір сөзбен айт­қанда, 72 пайызға орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда түсім 234 млн 156 мың теңгеге артық. Өсу қарқыны 213 пайызды құрайды.

Руслан Жақсылықұлы жергілікті, яғни аудандық бюджетке 651 млн 652 мың теңге болжамдалып, 1010460 мың теңге түсім түскенін ай­­тады. Болжам 358 млн 808 мың теңгеге артық. Яғни 155,1 пайызға орын­далған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 90 млн 228 мың теңгеге артық түсіп, өсу қарқыны 110 пайызды құрады.

Басқарма басшысы салық базасын ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анық­тау бағытындағы атқарылған жұ­мыстарды да назардан тыс қал­дырмады. Сөзінше, салық базасын ұлғайту мақсатында 2023 жылдың І жартыжылдығында қосымша бюд­жетке төленетін кіріс көздерін іздес­тіру мақсатында, камералдық бақы­лау, салықтық есептіліктерге талдау, салық төлемгерлермен әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, уәкі­летті органдар тапсырып отырған мәліметтерге салыстырмалы жұмыс­тар жүргізу нәтижесінде рес­пуб­ликалық бюджетке жалпы қо­сымша 10 салық төлеушіге хабар­лама бе­ріліп, салық төлеушілер тарапы­нан қосымша салық есептілігі тапсы­рыл­ған. Нәтижесінде бюджетке 197 млн 573,5 мың теңге түсім түскен.

Спикер мұнан бөлек жергілікті бюджетке қосымша 14477,9 мың теңге түскенін айтады. Атап айтқанда, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 2021-2022 жылдары 24 салық төлеушіге хабарлама беріліп, салық төлеушілер тарапынан қосымша салық есептілігі тапсырылған. Соның арқасында бюджетке 12402,4 мың теңге төленген.

– Заңды және дара кәсіпкерлердін мүлкіне салынатын салық бойынша 1431 мың теңге қосымша салық бе­решегі бюджетке түсірілді. Мұнан бөлек жарнама бойынша 644,5 мың тенге түсірілді. Жылдың бір жар­ты­жылдығында камералдық бақылау нәтижесімен өңір бойынша бюджетке салықтар түсуінің қалыптастырылған хабарламалары бойынша жалпы құны 317827,6 мың теңгеге хабарламалар өңделіп, төлем тапсырмасымен өнді­рудің жалпы құны 190776,5 мың тең­гені құрады, яғни 60 пайызға орын­далып, бюджетке төленді, – деді Руслан Байғазиев.

Спикер аудан бойынша салық және бюжетке төленетін басқа да мін­детті төлемдерден 21329,8 мың теңге са­лық бересі болғанын айтады. Ал са­лық берешегі 25218,8 мың теңгені құраған. 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 3344,6 мың теңгеге жетсе, салық берешегі 4268,2 мың тең­гені құрады. Бересі 17985,2 мың теңгеге немесе 84 пайызға азайған.

Ауданда жеке тұлғалар бойынша салық бересі – 6147,1 мың теңге, ал салық берешегі 8479 мың теңге болса, 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 10327,7 мың теңгені, салық берешегі 13056 мың теңгені құрады. Яғни бересі 4577 мың теңгеге көбейген. Бұның ішінде жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша жыл басына салық бересі – 5571,1 мың теңге, салық берешегі – 7713,3 мың теңге. 2023 жылдың шілде айына дейін салық бересі 9450,1 мың теңгені, салық берешегі 11803,7 мың теңгені құрады. Яғни бересі 4090,4 мың теңгеге 2022 жылға есептелген салықтар себебінен көбейген.

Брифинг соңында Руслан Байға­зиев БАҚ өкілдерінің бірқатар сауа­­­лын да жауапсыз қалдырмады. Сон­дай-ақ ол жергілікті бюджетке тү­сім­дер көлемінде өсім қалыптастыру мақсатында тиісті жұмыстар атқары­латынын жеткізді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: