Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Дүйсенбі, 13 қазан, 11:52

Алғыр Алпамыс

12.10.2025

7

0

Ел тұтқасы бүгінгі білімді ұрпақтың қолында. Сондай алғыр да ақылды жаспен біз де сұхбаттасып, оның қызығушылығы мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелесіп қайттық. Бүгінгі кейіпкеріміз – №203 орта мектептің 6-сынып оқушысы Алпамыс Амангелдіұлы.

Алпамыс – сабағына ұқыпты, білімге құш­тар оқушы. Әсіресе ағылшын тілі пә­нін ерекше жақсы көреді. Бұл пән оған тек сабақ емес, жаңа әлемге жетелеуші кілт іспеттес.
– Ағылшынша еркін сөйлей алмай­мын, бірақ күн сайын жаттығамын, үй­ре­ніп жүрмін. Бүгінде ағылшын тілі – ғы­лым мен технологияның тілі. Бұл тілді меңгеру маған болашақта жаңа мүм­кіндіктер береді, – дейді озат оқушы.
Әң­гіме барысында айтылған ойла­ры­ның ас­­та­рында үлкен еңбек пен та­бан­дылық жат­­қанын аңғардық. Ол өткен оқу жылында 2-7 сынып оқушылары ара­сында өткен Зерде зерттеу жобалары байқауының аудандық кезеңінде ағыл­шын тілі пәні бойынша 2-орын иеленіп, өз білімін дә­лел­деген. Әр жарысқа белсене қаты­сып, білімін сынап отырады. Бос уақы­тында ағылшын тілінде бейнеро­ликтер көріп, жаңа сөздерді үйреніп жүр.
Айта кететін тағы бір жайт, Алпа­мыстың анасы – бастауыш сынып мұға­лімі. Арман бастауы – анасының өнегесі. Кіш­­кентайынан анасының сабақты қалай өткі­зетінін, балалармен қалай жұмыс істейтінін көріп өскен Алпамыстың бола­шақ­тағы арманы – ұстаз болу. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанып, шәкірттеріне тек тіл үйретіп қана қоймай, еңбектенуді және өзіне сенуді үйреткісі келеді.
Ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында қазір түрлі сайыстарда жақ­сы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген үл­гілі шәкірт «ProEco» жо­басының аудандық ке­зеңінде «Мені қор­шаған әлем – ғажа­йып әлем» ба­ғыты бойынша 3-орын ие­ленді. Бұл жетістік – оның қор­шаған ор­­­таға де­ген қызығушылығы мен зерт­теу­шілік қа­­білетінің дәлелі. Жас зерт­теу­ші таби­ғат­ты қорғауды әр адам­ның па­ры­зы деп есеп­тейді.
Оның бұл жетістіктері – бірнеше жыл­­дық еңбектің жемісі. Алпамыс бас­та­уыш сы­ныптан бастап-ақ білімге құш­­тарлық танытқан. Бала кезінен 2-4 сы­нып оқу­шы­лары арасында өткен «Бас­тау» рес­публикалық матема­ти­калық тур­нирінің ау­дандық кезеңінде 2-орын ие­ленген. Со­нымен қатар мек­тептегі ал­ғашқы жыл­­дарынан-ақ поэ­зияға қызыға бас­тап­ты. Осы қы­зы­ғу­­шы­лығының арқа­сын­да «Мың бала» жо­басы аясында өткен рес­публи­калық Мұқағали Мақатаев оқу­ларында 3-орын иеленген.
– Алпамыс сабағын тиянақты оқиды, еркін уақытта стадионға барып, жаттығып қай­та­ды. Әр істе ұқыпты, тәртіпке бағы­на­ды, қатарластарына өнеге болар бала, оның осыған дейінгі жетістігін тарқатсақ, айтар дүние көп. Біз осындай алғыр да озат оқушыларымызбен мақтанамыз, – дей­ді сынып жетекшісі.
Алпамыстың тек білімге ғана емес, спортқа да құштарлығы ерекше. Оған дә­лел, балалар жылына орай ұйым­дас­­тырылған волейболдан аудан­дық жа­­рыста үздік ойын көрсеткені үшін ал­ған 3-дәрежелі марапаты. Осындай во­лейбол жарыстарынан кейін көбіне сы­ныптастарымен бірге футбол ойнайды. Доп тебу – оның балалық шақтан қалып­тасқан сүйікті ермегі. Мектепшілік және аудандық жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен кезі де аз емес. Ол әлемге әйгілі футболшылар Месси, Ро­налду, Арда Гюлердің ойынын ерекше ұнататынын айтты. Десе де әңгімесінен бұл оның қазіргі хоббиі ғана екенін аң­ғардық. Алпамыстың алға қойған негізгі мақсаты – жақсы білім алып, болашақта өз мамандығын табысты меңгеру.
Сабақ жайынан бөлек бала Алпамыс өз үйінде ат баптаумен де айналысады екен. Қазір бәрімізге мәлім мәселе, оқу­шылар алтын уақытын телефон мен ға­ламторға арнап, заман ағымына еріп ке­тіп жатады. Ал біздің бүгінгі алғыр ке­йіп­керіміз – ауыл тіршілігіне етене ара­ласып, ата-анасына қолғабыс жасап жүр­­­ген еңбекқор бала.
Ат баптау – ауыл балалары үшін жай ғана міндет емес, ұлт рухымен ұштасқан тәрбие мектебі. Еңбек пен білімді қатар алып жүрген бүгінгі оқушымыз – ел ер­теңінің тірегі. Әр қазақ баласы осын­дай жауапкершілікті бала кезінен бойына сіңірсе, еліміздің ертеңі де нұрлы бол­мақ.

Гүлжан Есжан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: