Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Дүйсенбі, 22 шiлде, 00:40

Қараусыз итті қорғаймыз ба,
қорғанамыз ба?

03.02.2024

102

0

Әлеуметтік желіде аудан тұрғындарынан көшедегі бос, тентіреп, иесіз жүрген иттердің көптігі жайында парақшамызға шағым түсті. Бұл жайында бірнеше рет мәселе қозғаған тұрғындар балаларын көшеге жалғыз жіберу түгілі, тіпті өздерінің де қорқып, еркін жүре алмайтынын айтады. Көптің көкейінде жүрген осы мәселені бүгінгі мақаламызға арқау ету үшін жауапты сала қызметкерлерімен де байланысқа шықтық.

Жуырда өзім де осы мәселемен кезіккенім бар. Қыс мезгілі болған соң күн ерте батып, дала әп-сәтте қараңғы болады. Жұмыстан кеш шығып, үйге беттегенім сол еді, алдымнан тым құрығанда кішкентай күшік емес, үлкен иттердің олай-былай жүгіріп, топ болып жүргенінен қорқып кеттім. Оған қоса мен келе жатқан Темірбек Жүргенов көшесіне әлі жарық орнатылмаған. Қараңғы болғаны былай тұрсын, енді сол қараңғы көшеде иттердің топырлаған кезбесінен ойыма тек «Қалай қарай қашамын?» деген сауалдан басқа түк келмеді. Бұл көріністен мен ғана емес, кез келген адам дәл осылай қорқып кетері анық. Сонда ойлағаным, иттер жарайды, санасы жоқ, ойлана алмас. Ал егелері ше, өздері де осындай жағдайға тап болса не істемек? Ал бұл мәселені шешуде аудандық ветеринария мамандары қандай шаралар қолданып жатыр екен?
Көптен бері алаңдатып жүрген ойға осы бір оқиға себеп болды. Өйткені біздің ауданда осындай аш жүрген иттерді кез келген көшеден кездестіре аласыз. Кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада, орталық базар маңынан көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар ішінен балаларының өміріне қауіптенетіндері де аз емес. Өйткені топ-тобымен жүрген иттер кез келген уақытта балаларға шабуыл жасауы мүмкін. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес.
– Жұмыстан көбіне жаяу барып, жаяу қайтамын. Кейде шаруалар шығып, орталықта ұзақ айналып қаламын. Сол кезде орталық алаң, стадион, кез келген жерден өте бергенде жинала қаумалап жүрген иттерді көресің. Анау-мынау иттер емес, пародист иттер бәрі. Ана жерден адам жүре алмайды. Мектепке баратын үйдегі балалардың жайын ойлаймыз. Одан бөлек орталықтың бәрін қоқыстарды ары-бері тасып бүлдіріп те кеткен. Бұларға бір шара қолданбасқа болмас, – дейді кент тұрғыны Гүлнұр Мұқашова.
Иә, қаңғырған иттің адамға өте қауіпті екені дау­сыз. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау басқармасының мамандарының айтуынша, был­тыр 71 адам әртүрлі жануарлардың тістеуі, тыр­нау, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық кө­мек­­ке жүгінген. Жарақат алғандардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі балалар, яғни мектеп оқушылары. Тұр­ғындардың балаларын мектепке жіберуге қор­қатынындай бар.
Адам денсаулығы мен амандығы бәрінен қымбат. Ал тұрғындардың ойында жүрген басты мә­селелерінің бірі болған қаңғыбас иттердің санын азайтуда қандай шаралар қолданылып жатқанын біліу үшін аудандық ветеринариялық станциясы ШЖҚ КМК мекемесіне хабарластық. Мамандардың ай­туынша, мәселенің бірден-бір шешімі – егесіз жүрген ит-мысықтардың көзін жою. Бірақ заң бойынша тыйым салынғандықтан ешқандай шара қолданылмай отыр. Алдағы жылдарда заңға өзгеріс енгізіліп, осы шараны қайта қолға алуы мүмкін екенін айтады.
Иә, 2022 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң күшіне енгелі көшедегі қа­раусыз, иесіз жүрген иттер де тыйылмай тұр. Заң бойынша жұмыс атқарайын десе, арнайы бөлінген қа­ражат жоқ, қаражат бөлейін десе, «жануарлардың мәр­тебесін көтеремін деп, адам өміріне салғырт қарап жатыр» деген халықтың шағымы тағы бар. Біз қатігез халық емеспіз, бірақ өзгелер секілді жануарлармен бір үйде, бір жерден ауқаттанып өмір сүрмегенбіз, мұндай менталитет бізден емес.
Не болса да аштықтан адамға анталаған бұралқы иттерден төнетін қауіп-қатерге тоқтау болмай тұр. Ел ішіндегі жиі орын алып жатқан ит қабу дерегіне қатысты тіркелген ақпараттарды айтқанымызбен шарасы жоқ­тығын білдік. Мәселеге шолу жасап, ұсынысымызды да білдірдік, енді ақырын күткеннен басқа амал таппай тұрмыз. Ал жаңа заңдағы өзгеріс пайда берді дегеннен, мәселені ушықтырды деген дұрысырақ. Өйткені жануарлардың мәртебесін кө­теремін деп, адам өміріне салғырт қарау бұл заңның шикі тұстары көп екенінен хабар беріп тұрғандай.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: