Батыр атындағы ауылда жергілікті шаруашылықтар көктемгі науқанға ерте қамданады, биыл да осы дәстүр сабақтастығы үзілген жоқ. Қарапайым шаруа адамдарын бұл уақытта егіс басынан табасыз. Біз де оған үйреніп қалдық, Бұқарбай батырға бұрылмай, тура егістікке жол тартқанымыз да сондықтан.
Иә, бұл жолы да жолымыздан жаңылмадық, техника біткен атыз кешіп жүр. Бірі жерді сүдігерлесе, енді бірі артынан тоңын жазып келеді. Әріректе тағы қос механизатор жаңа жоңышқаның жерін дайындап әлек. Даланы дүбірге толтырған еңбек адамдары енді бір аттаса, дән себуді де бастағалы тұр.

Ауылдағы «Ахон» шаруа қожалығы өткен жылы 150 гектар жермен жұмысын бастаған. Бірақ алқаптағы алып техникаларға, шираған шаруаға қарап шаруашылықтардың ішінде кенжесі деп ешкім ойламайды. Былтыр 150 гектар жерге «Лидер» сұрпын сепкен шаруашылық күзде гектарынан 51 центнерден орташа өнім жиыпты. Оның шығымына 6 диқан жауапкершілікпен қараған. Жалғыз механизатор жауын-шашынға қалдырмай, бітік шыққан астықты қырманға құйды.
Былтыр межеден артық өнім алғандар қатарында даңғайыр диқандардың ізбасары Толыбай Тойқазы да бар. Қуантарлығы, жаздай күрішпен бірге күнге күйген сушының есіл еңбегі еш кетпеген. Оның саладағы жемісті еңбегін басқа да әріптестеріне үлгі ету мақсатында төраға Ақылбек Мейрамбекұлы жоғары бағалаған. Күрішші күзгі науқанда жалақысынан бөлек 1 млн теңге қаржылай сыйақы алды, мұнан бөлек темір тұлпар тақымдаған.
Төкең биыл да межеден артық өнім алуды көздеп отыр. Басқа әріптестерін былай қойғанда былтырғы құрмет оған үлкен шабыт беріпті. Қыстай кетпенін мұзға қайраған диқан атызға су келетін құлақтарды ашып, егілетін күріштің күтіміне әлден қам жасап жүр.
– Шаруашылық былтыр ғана құрылды, сондықтан айтарлықтай қолдау күткеніміз жоқ. Бірақ күзгі науқанда төбеміз көкке жеткендей қуандық, төраға азды-көпті еңбегімізді елеп, көлік те мінгізді, қаржылай сыйақы да берді. Мұндай қолдау біз сияқты қарапайым шаруа адамдарына үлкен шабыт береді. Әлі күріштің жеріне техника кірген жоқ, бірақ су келетін құлақтарын кеңейтіп қойдым. Мұның бәрі – мол өнім алудың қамы. Алдағы аптада күріштік жерлер сүдігерден өтеді. Биыл да күріштен межеден артық өнім алуға жұмыс жасаймын, – дейді диқан Толыбай Тойқазы.
Төраға Ақылбек Мейрамбекұлы биыл егістік көлемі айтарлықтай көбейгенін айтады. Мәселен, былтыр шаруашылық 150 гектар жерге Сыр салысын сепсе, биыл 900 гектарға жуық алқапқа күріш егіледі. Мұнан бөлек 420 гектар жаңа жоңышқасы тағы бар, бүгінде 350 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 60 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Алдағы аптада бұл алқаптағы жұмысын қорытындылап, механизаторлар күріштіктің жерін жыртады.
– Былтыр тек «Лидер» еккенбіз, биыл оған «Янтарь» мен «Король» сұрпы қосылып отыр. Алғашқысы ауылда бұрын да егілген, ал «Корольды» тәжірибелік мақсатта еккелі отырмыз. Бұл өнімнің күтімі таңсық емес, тіпті пісіп-жетілу уақыты «Лидермен» бірдей, яғни 120 күнде ораққа дайын тұрады. Егер күзгі науқанда мол өнім берсе, «Король» сұрпының алқабын көбейтеміз, – дейді Ақылбек Мейрамбекұлы.
Ахаң былтыр аяқсудан айтарлықтай тапшылық болмағанын айтады. Бұл бір жағынан мол өнім алуға үлкен сеп болыпты. Мұнда шаруашылық иелері бір мәмілеге келіп, суды кезекпен алған. Нәтижесінде аяқсудан айтарлықтай тапшылық көрмепті. Оның үстіне «Мелиоратор» мекемесі де егістікке аяқсу келетін каналдар мен ішкі арықтарды уақытылы қазып, шаруалардың жағдайын жасаған.
– Кезектесіп суарудың пайдасы мол екен, былтыр соның арқасында судан мәселе болған жоқ. Оның үстіне «Мелиоратор» мекемесі де біздің еш кедергісіз су алуымызға бар жағдайды жасады. Бердібек Мыханов ағамыз басшылық ететін ұжымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Соның арқасында былтыр межелі өнімге қол жеткізіп, жылды табысты қорытындыладық. Қазір жоңышқалықта 5-6 күндей жұмыс бар, соны бітірсек, күрішке көшеміз. Бұйыртса, биыл да аяқсудан тапшылық болмайды деген үміттеміз. Қазір негізгі жұмыс механизаторларда, ал диқандар және басқа да шаруа адамдары атыздың ішін қалыпқа келтіру, қоршау жұмыстарымен жүр, – дейді төраға.
Шаруашылық биыл егіс көлемін көбейткесін техникалық базаны да нығайтуға басымдық беруде. Мәселен, биылдың өзінде 200 млн теңгеге жаңа техникалар алған. Олардың қатарында жер жыртатын алып тракторлар, аяқсу каналдарын қалыпқа келтіруге арналған техникалар, дискілер мен жерді тегістейтін лазерлер бар.
Қазіргі таңда «Ахон» ШҚ-да 40-қа жуық еңбек адамы жұмыс жасайды. Барлығы да батыр атындағы ауылдан, Ақылбек Мейрамбекұлы жұмыспен қамтуда жергілікті азаматтарға басымдық берілетінін айтады. Тіпті алдағы уақытта егіс көлемі көбейсе, тағы да ауыл азаматтарына екі қолға бір күрек тауып беруге ниетті.
Ахаңның сөзіне сенсек, биыл да бұл ұжым сыйақыдан құр қалмайтын сияқты. Төраға күзгі науқан қорытындысымен мол өнім алуға нәтижелі еңбек еткендер биыл да қаржылай сыйақыдан құр қалмайтынын айтады. Мұнан бөлек ауыл еңбеккерлерінің ішінде үздіктерге 3 темір тұлпар табыстамақ.
Биыл «Ахон» ШҚ егінді әртараптандыруға басымдық беруде. Мәселен, қазірдің өзінде жоңышқа көлемі айтарлықтай артқан. Мұнан бөлек 60 гектарға жуық алқапқа мақсары, 30 гектарға бидай егілген. Бүгінде ақегіс жұмыстары қорытындыланып, күріштік атыздарды сүдігерлеуге кірісуде. Ал ауылдағы ағайынға бақша салу үшін биыл 3 гектар жер ашылады. Бақша салуға ниетті ауылдағы ағайын үшін бұл үлкен көмек болғалы тұр. Себебі шаруашылық жерді ашып, оны қоршап, тіпті аяқсуды да жеткізіп береді. Тек бағбандар еккен өнімінің күтіміне жауапты.
Жалпы былтыр ғана жұмысын бастаған шаруашылықтың бүгінде шаруасы шираған. Әлбетте мұның бәрі ауызбіршіліктің нәтижесі екені айтпаса да түсінікті. Ынтымақ бар жерде береке болатынын ауыл еңбеккерлері жақсы түсінеді. Сол бірліктің арқасында ауылдағы шаруаны ширатып отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!