Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 12:39

Судың да сұрауы бар

17.07.2024

122

0

Бүгінде халық ауызсумен толықтай қамтылғанымен, оның тапшылығы байқалып жатыр. Оған қоса суды ысыраппен пайдаланудың салдары да осы мәселеге әкеліп отырғандай. Иә, мұндай азаматтарға айыппұл салу мүмкіндігі де Үкіметте қаралып жатқанын жазған болатынбыз. Міне, судың «қара нарығымен» күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұр­ма­лануымен күресетін болады. Сондай-ақ еліміздің су нысан­дарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметті анықтаумен айналысады.
– Министрлік суды заңсыз пайдаланумен белсенді күрес іс-шараларын қолға алды. Бұл мәселе ерекше бақылауда. Жаңа комитеттің жұмысы құқық бұзушылықтардың ал­дын алуға және еліміздің су ресурстарын қорғауға ба­ғыт­талған. Бұл жұмыстар заңнамаға енгізілетін өзгеріс­термен бірге судың «қара нарығына» қарсы күресті едәуір кү­шейтуі тиіс,– дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, елде Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігі 2023 жылдың қыркүйек айында құрылған болатын. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атал­ған министрліктің жұмысын сынға алған. Ал елімізде су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырым­дамасы тек жақында ғана қабылданған.
Президент бұған дейін арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы ойдағыдай нәтиже бермегенін айтқан. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақ­сат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Су ре­сурс­тарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы тым ұзақ тал­қыланған. Жағдайдың күрделенгенін Мемлекет басшысы да жасырмайды. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар.
Қатаң тексеріс жоқ жерде ысырап пен заңсыздық белең алатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұдан түйе­­тініміз, суды ысырапсыз пайдаланып, үнемдеу – мой­нымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзі­не емес, қоғамға, барлық адамзатқа үлкен зиян тигіз­бек. Сондықтан қазіргі күні тұрмыста қолданылатын қа­рапайым үнемдеу әдістері арқылы судың қорғалуына үлкен үлес қосуға болады. Суды қорғау – өмірді қор­ғау деген. Ендеше суды үнемдеуді өзімізден бастайық.


Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: