Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 14:51

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

13.07.2024

239

0

Биыл халықты жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ауданда 3044 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 576-сы – тұрақты, 1355-і – уақытша жұмыс орны. Алғашқы алты айда 1066 жұмыс орны ашылған. Оның 342-сі – тұрақты, 724-і – субсидияланатын жұмыс орны. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Бөлембаев тиісті меже 35 пайызға орындалғанын айтты.

6 айда 255 тұрақты
жұмыс орны құрылған

Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері белсенді шараларға 724 адам тартылған. Сондай-ақ 255 тұрақты бос жұмыс орны құрылған. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына келсек, биыл 1931 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. Шілде айына дейін 811 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 87-сі – тұрақты, 724-і – уақытша субсидияланатын жұмыс орны.

Қанат Шамшатұлы Ұлттық жо­балар аясында 17 жобаға 206 адам бекітілгенін айтады. Қазіргі таңда 8 жоба бойынша 130 адам жұмыспен қам­тылған. Тарқатып айтсақ, аудан­да ағаш отырғызу арқылы орман­мен жабылған аумақты ұлғайтуға 32, Ақсу ауылындағы газ құбыры және газ тарату желілерінің құры­лысыны – 4, Мөрәлі Шәменов ауы­лын­дағы газ құбыры және газ тарату желілерінің құрылысына – 4, Жа­­­ла­ғаш кенті мен Есет батыр ауы­лын­дағы Т.Бисембаева, Бөлебай би, Өмірбай шешен, Жаңа Жарма, Сар­ман батыр көшелеріне күрделі жөн­деу жұмыстарына – 10, жастарды ең­бек ұжымдарына тартуға 68 адам жұ­мылдырылған. Мұнан бөлек Есет батыр мен Темірбек Жүргенов ауылын­дағы тұрғын үй секторының ин­­же­нер­лік-коммуникация­­лық инфра­­­­құрылы­мын салуға – 7, Ақ­құм ауы­лындағы 10 көшенің күрделі жөн­деу жұмыстарына 5 адам тартылған.
– Алдағы уақытта қалған 9 жоба бойынша, яғни Мырзабай ахун ауы­лындағы тұрғын үй секторының ин­женерлік-коммуникациялық инфра­құрылымын салу, Бұқарбай батыр, Таң, Мөрәлі Шәменов, Аққұм ауыл­­дарының және ауылға кіреберіс кө­шелеріне күрделі және жәй жөндеу жұ­мыстары, Аққұм ауылында сүт өңдеу фермасы, Жалағаш кентінде күріш ақтау мен жем өндіру цехы және «Руханият» орталығы мен 300 орын­дық мектеп құрылысы бойынша 76 адам жұмыспен қамтылады, – деді Қанат Бөленбаев.
Бөлім басшысы «Қызылорда об­лы­сының 2024 жылға арналған әлеу­меттік саласы бойынша квоталар бел­гілеу туралы» облыс әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №235 қаулысының орындалуына да тоқталды. Бұл қаулыда ауыр жұ­мыс­тарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орын­дарын есептемегенде, жұмыс­кер­лер­дің тізімдік саны 50 адамнан аса­тын және одан жоғары жұмыс бе­ру­шілерге екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адам­дарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгіленген. Ал аудан бө­лінісінде 7 мекеме бойынша 10 жұмыс орыны белгіленді. Бүгінге дейін меже 20 пайызға орындалған. Жыл аяғына дейін жоспардың орын­дал­мау қаупі барын ескерген бөлім басшысы облыстық білім басқар­масына арнайы хат жолдаған. Десе де салада 4 мекеме жыл аяғына дейін квотаны орындауға мүмкіндік жоқ екенін ресми хатпен жеткізген. Ал №201 мектеп-лицей мен №202 орта мек­теп жыл аяғына дейін маусымдық жұ­мысқа 3 адамды орналастырады.
Сонымен қатар бас бостан­ды­ғынан айыру орындарынан боса­тыл­ған адамдарды және пробация қызметінің есебінде тұрған адам­дарды жұмысқа орналастыру үшін 5 квота белгіленген. Оның ішінде про­бация қызметіне есепке алынған­дарға 4, бас бостан­дығынан айыру орын­дарынан босатылғандарға 1 кво­та қаралған. Бүгінде меже 100 пайыз­ға орындалып отыр.

АӘК алатындардың
65,9 пайызы жұмыспен қамтылған

Ауданда 116 отбасының 716 мү­ше­сіне мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалған. Оның 208-і еңбекке жарамды, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді ша­раларына 27 адам тартылған. Не­гі­зінен биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 74,3 пайызын жұмыспен қамту көзделген. Алты айда жоспар 65,9 пайызға орындалған.
Биыл ауданда 410 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Меже алты айда 21,2 пайызға орындалып отыр. Бұл ретте Мөрәлі Шәменов, Қаракеткен және Жаңаталап ауылдық округі әкім­деріне жоспар 10 адамнан бе­кітілген. Бірақ М.Шәменовте әлі күнге дейін бірде-бір жаңа жұмыс орны ашыл­маған, ал Қаракеткен, Жаңа­талап ауылдарында тек 1 ғана жаңа жұмыс орны ашылған.
Ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 474 жаңа кәсіпкерлік субъек­тісі ашылған. Бүгінге дейін жұмы­сын бастаған кәсіпкерлік субъек­тіле­рі­нің 87-сі ғана міндетті зей­нет­ақы жар­наларын төлеп, жаңа жұмыс орын­дары есебіне алынған. Осы ретте бөлім басшысы кент және ауылдық округі әкімдерімен бірле­сіп, 387 кәсіп­керлік субъектісі бойынша зей­нетақы жарналарын ау­дару жұ­мыс­тары жүргізіліп жатқа­нын жет­кізді. Олар тамыздың орта­сына дейін мемлекеттік кірістер басқар­ма­сына есептілік тапсырады. Демек бұл жұмыстар соған дейін аяқталуы тиіс.
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ха­лықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуеметтің әлеуетін көтеру ерекше маңызға ие екенін тілге тиек етіп, жұмыспен қамту шараларының өз дең­гейінде орындалуына әлі де ба­сымдық беру қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне де жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына басымдық беру керек­тігін қатаң ескертті.
– Жұмыспен қамту шараларына бейжай қарамауымыз керек, себебі тұрғындардың тұрмыс сапа­сын арт­тыру бәрінен маңызды. Аудан­дағы жұмыссыздық деңгейін әлі де тө­мендету күн тәртібінен түспейді. Ал халықты жұмыспен қамту, бос жұмыс орындарын ашу, тұрақты жұмыс орын­дарын құруға бағытталған жоба­лар нәтижесіз болса, нақты мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан жауапты азаматтарға бұл мәселеге бейжай қарамауды тапсырамын, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Жылу маусымына
дайындық қалай?

Әлі жаз деп жүре беруге тағы бол­майды, былтыр жылу маусымын­да кейбір аймақтарда қандай мә­селе болғанын жақсы білеміз. Сон­дықтан қыстың қамын жаз ойлаған бә­ріміз үшін де тиімді. Кешегі аппарат мәжілісінде ауданның алдағы жылу маусымына дайындық барысы пысықталды.
Жалпы ауданда 100 әлеуметтік және бюджеттік нысан бар. Оның ішінде 29 әлеуметтік нысан сұйық отын­мен, 37-сі қатты отынмен, 13-і газбен, 2-еуі электр қуатымен жы­лы­­тылады. М.Шәменов және Ақсу елді мекендерін газдандыру жұмыс­тарының жүргізілуіне сәйкес, алдағы жылу маусымына тұрғындар үшін 9 мың тонна, коммуналдық тұрмыстық секторға 2900 тонна қатты отын жеткізу жоспарланып отыр.
Осыған дейін білім беру ұйым­дарында анықталған ақаулар бо­йын­­­ша облыстық білім басқар­ма­сына бюджеттік өтінім жолданған. Қазіргі таңда анықталған ақауларды қал­пына келтіру бойынша қаржы бө­лініп, тиісті жұмыстар жүргізілу­де. Тарқатып айтсақ, №32 мек­теп-гимназиясына вакуумды, циркуля­ция­лық насос, дизельді генератор алынады. №38 орта мектеп оттық, сорғы беті, раутер, коммутатормен жарақталады. Ал №114 орта мек­тепке циркуляциялық насос, су ай­дайтын насос алынса, №116 орта мектеп оттық, құбыр айналым на­сосымен қамтылады. Алдағы жылу мау­сымына дәл осындай дайындық жұмыстары аудандағы басқа да 9 білім ошағында жүргізіледі.
Қазіргі таңда Қонысбек Қазан­таев атындағы мәдениет үйіндегі цирку­ля­циялық насостарды ауыстыру қажет. Бұған қатысты бөлім тарапынан аудандық экономика және қаржы бөліміне бюджеттік өті­­­нім тапсырылған. Ал Темірбек Жүр­­­генов ауылдық мәдениет үйіне циркуляциялық насос керек. Ең­бек­те де ауылдық округ әкімі аппа­раты бойынша жылыту пешін ауыстыру қажет. Шалғайдағы Есет батыр ауыл­дық мәдениет үйінің 2005 жылы алынған «Алатау-1200» пешін ауыс­тырмаса болмайды. Қазіргі уақытта жа­рам­сыз күйде, салдарынан су тұратын қабырғалары шіріп тесілген, от жа­ғатын орны жарамсыз, тіпті жөн­деуге де келмейді. Салаға жауапты мамандар бұл мәселелердің ше­шіміне қатысты кейбірінің бюд­жет­тік өтінімін ұсынса, қалғаны әлі де әзірленіп жатқанын айтады. Тұр­ғын­дарды қатты отынмен қамта­ма­сыз ету мақсатында көмір жет­кізуші кәсіпкерлермен өзара ынтымақ­тас­тық меморандумы жасалады.
Биыл мектептерге сұйық отынға 512,9 млн теңге, қатты отынға 11,8 млн теңге бөлінген. Бүгінде 1544 тонна сұйық отынға жеткізіп берушілермен келісім-шарт жасалған. Нәтижесінде 800 тоннасы алынған. Қазіргі таңда мектептерде 29 тонна сұйық отын қоры бар және 704 тонна сұйық отын келісім-шарт бойынша алашақ.

Жалағаш кентінде орталықтан­ды­рылған газ желісі 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілген. Қазіргі таңда кенттегі 2926 тұрғын үй, 13 әлеуметтік, 127 кәсіпкерлік нысан орталықтандырылған газ желісіне қо­сылған. Бұл көрсеткіш аудан хал­қының 45,8 пайызын құрайды.
Аудан басшысы қысқа да­йын­дықты осы бастан күшейтуді қа­таң тапсырды, сондай-ақ ол алдағы жылу маусымында ешқандай мә­селе туындамауы тиіс екенін жауап­ты азаматтардың назарына салды. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі көтерілген мәселелер өз дең­гейінде орындалуы тиіс екенін тілге тиек етіп, олқылық орын алған жағ­дайда сала басшылары жауапқа тартылатынын қатаң ескертті.
– Алдағы жылу маусымына дайын­­дықты осы кезден бастау керек және атқарылған жұмыстың сапасы ба­қылауда болсын. Мәжілісте қарал­ған мәселелерге немқұрайлы қа­ра­маңыздар. Мен жеке бастың мә­се­ле­сін көтеріп отырған жоқпын, ал­­дағы жылу маусымында ел тоңбауы тиіс. Ал ол үшін дайындық шараларын осы бастан күшейтуіміз керек. Берілген тапсырма тиянақты орындалуы ке­рек. Сонда ғана жұ­ды­рықтай жұ­мы­лып атқарған ісіміздің жемісін кө­реміз, – деді аудан әкімі.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: