Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 15:58

Тазалық өз аулаңнан басталсын

07.11.2023

551

0

Тазалықты сақтау табалдырықтан басталады, яғни әрқайсысымыз аула тазалығына мән берсек, бұған қатысты ешқандай мәселе болмайды. Өткен сенбіде ауданда жаппай сенбілік ұйымдастырылып, оған 153 мекемеден 2300-ге жуық адам қатысты. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс барысымен танысып, сала мамандарына тапсырмалар берді.

Сенбілік – бос уақытта, демалыс­тарда қоғам игілігі үшін саналы ұйым­дастырылған еркін еңбек күні. Әрбір жа­ла­ғаштық өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. Ау­да­нда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тазалық жұмыстарына атсалысу қажет. «Тазалық – та­за­лаған жерде емес, тазалықты сақ­таған жерде» дейді. Шындығында тұр­ғылықты жерімізді шашып бүлді­ретін де, жи­най­тын да өзіміз. Ал сенбілікке жұмыла кіріскен жұрт ауданның гүлденуіне үлкен үлес қосады.
– Аудан көз алдымызда көркейіп, дамуда. Оның көркін келтіретін әрине – тазалық. Тазалық табалдырықтан бас­та­лады. Сенбілік деген атауды айт­пай-ақ әр адам иманның жартысы бол­ған тазалықты әркез сақтау қажет. Ауданда жасөспірімдердің бос уақыты да аз емес. Оларды да тазалық жұмыс­та­рына тартып, оның әр адамның өзі­нен басталатынын ұғындыру керек. Себебі кейде көшеде жай емес, топ-топ болып жүріп, күнбағыс қалдықтарын, бөтелкелерін тастап жатқандарын көзім шалып қалады. Ерінбей жандарына барып, түсіндіріп, қоқыс жәшігіне де тастатқызған кездерім болды. Иә, әрине тазалықты бәріміз жақсы көреміз, бірақ әркім өзінен бастағаны дұрыс, – деді аудан тұрғыны Алішер Бақтыбаев.
Расында қала мен ауылдардың та­залығы мен көркі сенбілікті ұйымдас­тырушы әкімдікке емес, тұрғындарға қажет екенін көбіміз ескере бермейтін сияқ­тымыз. Бұлай дейтін себебіміз – бүгін тазаланған жер ертең қайта­дан қоқысқа толып жатады. Қазігі таңда ауданда түрлі ойын алаңдары мен демалыс алаңқайлары жасалып жат­­қанын білесіздер. Енді сол алаң­дардың қоқысқа толып жатқан кей­пін де байқаймыз. Әкімшілік ауданды көр­­­кейтуге күш салса, кейбір тұр­ғын­дардың бұл ісі мәдениеттің жоқ­тығын көрсеткендей. Қоқыс тас­тайтын жәшіктер де жетерлік жан-жақта. Тазалық саулық негізі емес пе? Қоқыс арқылы көп жерде түрлі жұқ­палы аурулар ошағы пайда болып, түрлі жәндіктер көбейіп кететіні тағы бар. Ол алаңдарда балалар ойнайды, дема­луға келетін қарияларымыз да бар. Еш­кімнің өміріне қауіп төндірмейтіндей бо­ла­шағымызды ойлаған абзал.
Ел арасында әртүрлі адамдар бар. Десе де, аудан аумағындағы аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды күтіп-баптау, ағаштар отырғызу – әрбір тұр­ғынның міндеті. Иә, тұрғындардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәде­ниеті әр алуан. Осы көше мәдениетін қалып­тастырып, халықтың санасын ояту үшін ауданда түрлі шаралар жү­зеге асып жатыр. Бірақ олардан бөлек тазалықты сақтау бәрібір адамның санасы мен алған тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Кентте болған сенбілік кезінде 34 тех­ника жұмылдырылып, 19 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Сон­дай-ақ жабайы шөптер шабылды, қу­раған талдар кесілді, аяқ су жүретін арық­тар жапырақтардан тазартылды. Жиналған қоқыстарды шығаруға Жа­ла­ғаш кенті бойынша тазалыққа жауап­ты мердігер мекеменің арнайы тех­ни­калары, ал ауылдық округтерде шаруа қожалықтардың техникалары жұмылдырылды.
– Әр апта сайын сенбілік жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатқаны үшін ау­дан әкіміне алғыс білдіремін. Сол кісі­нің бастамасымен әр сенбіде кент тұр­ғын­дары бір адамдай тазалыққа ат са­лысады. Тазалық жұмыстары кезінде әр мекеменің жұмысшыларынан бө­лек үйде жұмыссыз отырған аудан тұрғындары да белсенділік танытады. Тазалық – кішкентаймыздан ата-ана­мыздың тәрбиелеп, қанымызға сің­ірген еңбегінің бір түрі. Қазір өзім әке болып, балаларымды әр сенбіде ауланы тазалауға шығаруды әдетке айналдырғанмын. Міне, осылай тазалықты ауданда болатын жаппай сенбілікке қарап қалмай, әркім өз ауласынан және отбасыдағы тәртіптен бастауы керек деп ойлаймын, – деді аудан тұрғыны Рахат Аққасынов.
Айта кетейік, бұл ұжымдық сенбілік – биыл­дыққа ұйымдастырылған тазалық жұмыста­рының соңғысы. Десе де сенбілік ұйым­дастырылмайды екен деп тазалықты ұмытып кетуге тағы болмайды.


Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: