Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сейсенбі, 14 қазан, 13:25

Ұлттық қолөнер ұлықталған күн

14.10.2025

12

0

«Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен, «Аққыр ауылдық округі» мен «Дарын» бастауыш партия ұйымдарының бірлесе өткізуімен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Киіз басу өнері – ұлттық мұра» атты танымдық іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды насихаттап, жас ұрпақты салт-дәстүрмен тәрбиелеу.

Киіз басу – қазақ халқының ежелгі қол­өнерінің бірі. Киіз – қой жүнінен жа­­салып, үйдің жабындысы мен тұр­мыс­тық бұйымдарға қолданылған. Шара ая­сында ауылдың ақжаулықты әже­лері мен аудан орталығынан келген келін­дер бірігіп, киіз басу өнерін көрсетті. Жүн сабау, илеу, ширату, ою салу және киізді басып шығару кезеңдері таныс­тырылып, бұл өнердің маңызы мен тәрбиелік мәні кеңінен айтылды.


– Бүгін Аққыр ауылында үлкен тағы­лымды шара өтіп жатыр. Аққырлық ана­лар жыл сайын киіз басуды дәстүрге айналдырған. Ұлттық өнерді ұлықтап жүр­­­ген аналарымыздан жас келіндер тә­лім-тәрбие алсын, үйренсін деген ниет­пен бүгінгі шараны өткізіп отырмыз. Қатысушы келіндердің барлығы бүгінде ұстаздық қызметте жүрген, жақында ғана ақ босаға аттаған. Жас та болса шараға өз сұраныстары бойынша қаты­сып, әжелерден қолөнердің қыр-сы­рын үйренуде. Бұл игі шара алдағы уа­қыт­та жалғасын тауып, жыл сайын дәс­түрге айналады деп сенеміз, – дейді «Аmanat» партиясы аудандық фи­лиа­лының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.
Киіз басу бірнеше кезеңнен тұрады. Жүнді жуып, түтіп, тегістеп жайып, ыстық сумен бүркіп, орап, дөңгелентіп басады. Бұл үрдіс көп күш пен төзімділікті қажет етеді. Киізден текемет, сырмақ, тұскиіз секілді бұйымдар дайындалып, олар ою-өрнекпен безендірілген. Киіз басу – тек еңбек емес, ұрпаққа тәрбие мен бірлікті дәріптейтін дәстүр. Ол айтуға оңай болғанымен, оңай жасала салатын іс емес. Оған қолдың күші мен ептілік керек. Әжелердің айтуынша, киіз басу үшін қойдың күзем жүні таңдап алынады.

Шара ең алдымен жүн сабаудан бас­тау алды. Қырқылған, сұрыпталған жүннен бұйым жасау үшін жүнді ең ал­дымен тазалап алу қажет. Ол үшін қос шыбықпен жүннің іртігін жазып, шөп-шаламнан тазартып, үлпілдету керек. Әже­лер жүн сабаудың ел ішінде қалып­тасқан өзіндік тәсілдері барын айтады.
– Тулаққа салып жүн сабағанда сабаушылар қолдарын бірдей көтеріп-түсіріп отыру қажет. Әр адамның қо­лын­дағы қос сабау арқылы жүнді екі қо­лымен сабайды. Сабаудың бұл әдісі қолдап сабау деп аталады. Қос қол­дап сабау арқылы іртігі оңайлықпен жазыл­майтын, өте түйдектелген жүнді оңай тарқатуға болады. Мұнан бөлек жүн са­бау­дың көсіп сабау, көпіртіп сабау, есіп сабау секілді тәсілдері бар, – дейді Айша Кемелова.
Жүн сабаудан кейін дайын болған жүннен киіз басылады. Әжелер әнде­тіп, киіз ойдағыдай шықсын деген ни­ет­пен жұмыстарын көтеріңкі көңіл күй­де бастады. Киіз басу үшін шиге салу, шабақтау, бет тарту, су себу, тебу, булау, білектеу, қарпу секілді тә­сілдер қолданылады. Киіз басу үшін са­­бақталған жүнді белгілі көлемдегі ши­­дің бетіне тегістеп, төсеп шығады. Мұ­­ны «шиге салу» деп атайды. Ши бе­тіне салынған жүннің біркелкілігіне көз жет­­кен соң ыстық су әкеліп, сүзгінің сырт жағымен шашыратып, шидің бір жақ шетінен бастап себелеп құйып шықты. Әжелердің айтуынша, шашырата құ­йыл­ған ыстық су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді бір-біріне жабыстырады. Сөйтіп жүн кіріге бастайды. Жүннің мұндай күйін киіздену деп атайды екен. Су се­біле басталысымен әжелер мен жас ке­ліндер басылып жатқан жүнді қабат­тай шиыршықтап, шимен бірге жинап отырды. Шиді ширатып жинаған сайын қайта-қайта ыстық су құйылады. Киіз басудағы бұл жұмыс «су себу» деп аталады. Мұнан кейін жүн тартылған ши орала жиналып болған соң, оны сыр­тынан жіппен байлап, орта белі­нен арқанды өткізіп алды. Бұл әдіс шиыр­шықталып жатқан шиді домалатып сүй­рету үшін қажет екен. Әжелер мен келіндер екі топқа бөлініп, шидің өн бойына қазқатар тұрып шиге ораулы киізді аяқтарымен бір бағытта теуіп отыр­ды. Ал қарама-қарсы тұрғандар ұшы тұйықталған арқанмен шиді алға қа­рай тартып, өзіне қарай дөңгеленте сүйреді. Біраз жер дөңгеленте отырып тепкен соң шиді бұрып алып, қарсы бағытқа қарай тебеді. Киіз тебу уақыты 2 немесе 3 сағатқа созылды. Себебі әжелердің айтуынша, киіз неғұрлым көп тебілсе, соғырлым шымыр, тегіс, әдемі бо­лып шығады. Сонда ғана киіз көп уақытқа дейін қопсымай, түтеленбей, сы­нын бұзбай, ұзақ уақытқа шыдайды.
Мұнан кейін қатысушылар булау әдісі арқылы киізді шиден шығарып, ыстық су құйып, үстін қалың нәрсемен жауып тастады. Буланған киізді бір не­месе бір жарым сағатқа қалдырды. Ыс­­тық буымен балбырап жатқан киізді қатарласа отырған киізшілер шидің үс­тінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай тартып алып, білегімен ұрып, аяқ­қа салып басты. Білектеліп болған киіз­­ді ұзыннан екі қабаттап бүктеп, оның екі ба­сын бір-біріне түйістіре жіппен көк­тей отырып, қарпу әдісі арқылы киіз­дің ұзын­дығын шығарды, яғни киізді ал­ды­мен оңға қарай жұлқи серпіп, одан кейін сол­ға қарай серпиді. Қарпылған киіздің шеті жинақталып тегістеледі. Қарпылған киіз қыл-қыбырынан тазала­нады. Қарпу жұмысын әйелдер мен қа­тар ер адамдар да атқарған. Бұл жұ­мыс та бірер сағатқа созылды. Киіз басудың кәнігі шебері бол­ған Гүлбахарам әже әдіс-тәсілін ес біл­геннен бе­рі білетінін айтты.
– Мен киіз басуды жастайымнан анамнан үйрендім. Киізді қошқар мүйіз сынды түрлі оюлармен бала­лары­мыз­дың аттарымен түрлі-түсті жүн ар­қы­лы сәндейтінбіз. Еңбекке ерте ара­ласқандықтан анамыздан көп нәр­сені үйрендік. Ол үнемі «үйренгенің өзіңе жақ­сы, істегенің маған жақсы» деп ай­тып отыратын. Тек киіз басудың ғана емес, тоқыма тоқып, кесте тігудің, құрақ құ­­­раудың қыр-сырын меңгердік. Ендігі мақсатым – осы өнерді өз балаларыма ке­ліндеріме үйрету. Жасыратыны жоқ, қазір киіз төсейтіндер аз. Себе­бі жастар жағы киіздің қандай пай­да­сы ба­рын біле бермейді, – дейді Гүлба­ха­рам Жыл­гелдиева.
Шара аясында ұлт­тық тағамдарға арналған бұрыш ұйым­дас­тырылып, қазанжаппай, ірімшік, құрт, май, сияқ­ты өнімдердің жасалу жол­­дары мен тарихы да қатысушылар на­зарына ұсынылды. Мұнан бөлек тапа нан мен бауырсақ та пісірілді. Әжелер тағамның әрқайсысының қандай жағ­дайда, қан­дай ниетпен әзірленетінін ай­тып, ұмыт болған дәстүрлерді еске тү­сірді.
Мәселен, қазанжаппай – ұлттық тағам түрі. Тапаға немесе қазанға пісірі­леді. Шара барысында ауылдағы алтын ұяда физика пәнінен сабақ бере­тін Жаңалық Ташерова жас келін­дерге қазанжаппайды дұрыс пісіру әдісін көрсетті.
Ол шоққа қазанды қыздырып ал­ған­нан кейін майдың орнына тұзды суды сеуіп, қамырды кезек-кезек орна­лас­тырып шықты. Нан қызарғанша қа­занды айналдырып отырып, дайын бол­ғанда бетіне сүт немесе май жағуға бола­тынын айтты. Бұл нанның жұмсақ болуына әсер етеді екен.
– Бұл қазан менің анамнан қалған. Бала күнімізде анамыз бізге күнде қа­зан­жаппай пісіріп беретін. Соны көріп өс­кендіктен мен де өз балаларыма жиі пісіріп беремін. Нақтырақ айтсам, жаз мезгілінде күнде пісіремін. Бұл нан­ды көміп жүргеніме 10 жылдай уақыт бол­ды, – дейді ол.
Аққыр ауылының аспанын әнге бө­леп, ұлттық өнер ұлықталған шара соңы әжелеріміз бен шараға қолдау біл­дірген жандарға партия филиалының төрағасы атынан алғыс хат пен сыйлық табыстаумен қорытындыланды. Бұл тағы­лымды шара – бабалар аманатын кейінгі буынға жеткізу жолындағы маңыз­ды қадам. «Аmanat» партиясы ұлттық рухты ұлықтайтын осындай баста­ма­лар­ды жалғастырып, ел арасында ке­ңінен насихаттай бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: