Былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқан. Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 108,8, өңдеу өнеркәсібі 114,9, инвестициялар тарту 117,5 пайызға орындалған. Былтыр ауданға тартылған инвестиция көлемі 21,4 млрд теңгені құрады. Мұнан бөлек бөлшек сауда 101,5 пайызға орындалса, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 104,7 пайызға орындалды. Былтырдың өзінде Жалағаш ауданында 32,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудан әкімі Ардақ Ибраимов осылай деді.
– Өткен жыл тәуелсіз мемлекетіміз бен Сыр елі үшін, оның ішінде ауданымыз үшін де берекелі, ырысы мол, жағымды жаңалықтарға толы болды. Ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Үздік аудан» номинациясын иеленді. Ауданның 85 жылдық және «Жалағаш жаршысы» газетінің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. ҚР Президенті, Үкімет және аймақ басшысының қолдауымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, тіректі салаларда серпінді қадам жасалды. Республика, облыс көлемінде болып жатқан оң өзгерістермен бірге ауданымызда да бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылды. Атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталып, аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасты. Жалағаш ауданы барлық бағыт бойынша өсу динамикасын жалғастырып, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына қол жеткізілді, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
44 жоба ел игілігіне берілген
Спикер былтыр бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд теңге көлемінде қалыптасқанын айтады. Жыл көлемінде 12,2 млрд теңгеге нақтыланып, 99,7 пайызға атқарылған. Өз кірістерімізге келсек, 2,1 млрд теңгені құрап, 100,3 пайызға орындалған.
Өткен жылы ауданда 8 млрд теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне берілген болатын. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 2 млрд 634 млн, ел қазынасынан 119,4 облыстық бюджеттен 3 млрд 60 млн «Қазақстан халқына» қорынан 175 млн теңге қаралған.
Салада серпін бар
Былтыр Жалағаш ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті ширатуда нәтижелі жобалар жүзеге асқан. Ардақ Әбдіғаппарұлы саланы дамыту арқылы бірқатар мәселенің шешімін табуға болатынын айтады. Мәселен, кәсіпкерлік нысандар көбейсе, бірінші кезекте елді мекендерде жұмыссыздық мәселесін тұсауға жол ашылады. Сондай-ақ өз кірістерімізді еселеуде де бұл саланы дамыту аса маңызға ие. Мұнан бөлек кәсіпкерлік саласының қарқын алуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға айтарлықтай қолғабыс болып отыр. Сондықтан аудан әкімі Жалағашта аталған саланы дамытуға алдағы уақытта да басымдық берілетінін жасырмады.
Қазірдің өзінде ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 972-ге жеткен. Оның бүгінгі таңда 95,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Былтыр қаржы институттары арқылы кәсіпкерлер ұсынған 325 жоба жалпы құны 5 млрд 132 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. Нәтижесінде 176 жаңа жұмыс орны ашылған.
2023 жылдан бастап ауданда «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. «Байқоңыр ӘКК» ҰК» АҚ арқылы аталған жоба аясында түрлі бағыттағы 268,4 млн теңгені құрайтын 48 жоба «Ауыл Аманаты» цифрлық платформасына енгізілген. Бұдан бөлек былтыр жыл соңында 43 млн теңгені құрайтын 10 жоба комиссияда мақұлданып, биыл барлығы қаржылай қолдау тапты.
Ауданда өңдеу саласын дамыту мақсатында жеке кәсіпкер Халық Серіктің жеке қаражаты есебінен жалпы құны 300 млн теңгені құрайтын «AKNIET» құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылды. Цех бүгінде құрылысқа қажетті 6 түрлі өнім шығаруда. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам жұмыспен қамтылған.
Мұнан бөлек «Таң ЛТД» ЖШС-ның жалпы құны 422 млн теңгеге «Өндірістік база» цехының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын жуырда жұмысын бастайды. Цех мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен лапша өнімдерін шығарады. Серіктестік цехы іске қосылса, 22 адам жұмыспен қамтылады.
Былтыр кәсіпкерлердің бастамасымен құны 600 млн теңгені құрайтын 3 сауда орталығы ашылды. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Е.Каиповтың жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын «Ботақан» балалар ойын-сауық және сауда орталығы, Ғ.Исахановтың жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын 140 орындық «Жас қыран» бөбекжай балабақшасы мен Б.Ахметованың құны 150 млн теңгені құрайтын «Далида 2» сауда орталығы бар.
119 мың 790 тонна астық жиналған
Ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары – өңір экономикасының негізгі саласының бірі. Әсіресе Жалағаш аграрлық аудан болғандықтан бұл саланы дамыту да ерекше маңызға ие. Ардақ Әбдіғаппарұлы бүгінде жергілікті шаруашылықтар әр саланы табыспен қорытындылап отырғанын айтады. Сондай-ақ ауданда егінді әртараптандыру бойынша нақты жобалар жүзеге асуда.
Былтыр 36 952 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 19 800 гектарға Сырдың басты дақылы себіліп, диқандар гектарынан 60,5 центнерден өнім жиды. Осылайша қамбаға 119 мың 790 тонна астық жиналған.
– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес суды аз қажет ететін дақылдарды көбейтуге басымдылық берілді. Осы бағытта былтыр егіс алқабы 597 гектарға көбейтілді. Осы жетістіктердің нәтижесінде ауданда бірқатар шаруашылық пен қызметкерлер озат атанып, арнайы жүлделермен марапатталды. Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын да үнемі жүргізіп келеді. Өткен жылы 1 млрд 886 млн теңгеге 27 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, – дейді спикер.
Биыл да меже айқын, енді бір аттаса, жергілікті шаруашылықтар көктемгі науқанға кіріседі. Осы жылы аудан бойынша 37 155 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарда бар. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі былтырғы межеде сақталып отыр.
Өткен жылы ауданда әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 500 гектар жер дайындалған. 188 гектар жерге картоп, 191 гектар жерге бақша, 121 гектар жерге көкөніс дақылдары егіліп, барлығы жинап алынды.
Жалпы бұл жобаның тиімді тұсы көп. Тарқатып айтсақ, бақша салуға ниетті тұрғындарға жергілікті шаруашылықтар жер ашып, оны қоршап, тіпті аяқсу да жеткізіп береді. Ал халық тек еккен өнімінің күтіміне ғана жауапты. Аймақ басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жобаның жергілікті жұрт толық игілігін көріп отыр десе де болады. Мәселен, кеше елімізде бақша өнімдері, оның ішінде картоптың құны көтерілгенде Жалағашта бұған қатысты айтарлықтай мәселе болған жоқ. Демек аудан жұрты өз-өзін қажетті бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде жаздай табанды еңбек еткен.
Егін шаруашылығымен бірге ауданда мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Былтыр жыл қорытындысымен 31 111 ірі қара, 23 872 уақ мал, 31 193 жылқы, 736 түйе тіркелген.
Жол сапасы жақсарған
Соңғы жылдары Жалағаш ауданы құрылыс алаңына айналды десе де болады. Әсіресе ауданда жол құрылысына басымдық берілген. Былтыр бұл бағытта 5 жобаға бюджеттен 1 млрд 293 млн теңге қаралған. Тиісті қаражатқа Бұқарбай батыр, Аққұм, Есет батыр ауылдарының 17 ішкі көшесіне және М.Шәменов ауылының кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеу, Таң ауылындағы екіпәтерлі 10 тұрғын үйге кірме автомобиль жолын салу жұмыстары жүргізілді.
Ардақ Әбдіғаппарұлы биыл да бұл қарқын сақталатынын айтады. Ауданның жол саласын дамытуға бюджеттен 1 млрд 731 млн теңге қаралған. Тиісті қаражатқа 24,6 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары және ішкі көшелер жөндеуден өтеді. Олардың қатарында 2,3 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Жалағаш-Ақсу-Беркімбай кәлпе» аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар. Биыл дәл осы жол күрделі жөндеуден өтеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 22,3 шақырымды құрайтын Жалағаш кенті мен 5 елді мекенде 35 ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нәтижелі жұмыс жасалуда. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды. Өткен жылы Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 922 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді. Аталған жобалар нәтижесінде аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 45,2 пайыздан 32,5 пайызға төмендеді. Қазіргі уақытта Жалағаш кенті, Еңбек, М.Шәменов ауылдарының электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілер есебінен жоба сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды, – деді аудан әкімі.
Қос ауыл көгілдір отынның
игілігін көріп отыр
Спикер ауданда газдандыру жұмыстарына да кеңінен тоқталды. Сөзінше, Жалағашта екі ауыл көгілдір отын тұтынады. Алдағы уақытта басқа да ауылдық елді мекендерге газ тарту жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
Бүгінде аудан халқының 46,6 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылы Ақсу, М.Шәменов елді мекендері газға қосылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд 83 млн теңге қаралған.
Елді мекендерді табиғи газ желісіне қосуды жалғастыру мақсатында Бұқарбай батыр, Қаракеткен, Далдабай елді мекендерін газдандыру жұмыстарына демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінде дайын жобалар бюджетке қаржыландыруға ұсынылған.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту. Осы тұрғыда аудан орталығында жаңа тұрғын үйлер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 111 пәтер салынып, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталады. Сондай-ақ елді мекендердегі учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында былтыр жалпы құны 6,8 млн теңгеге 2 қызметтік тұрғын үй сатып алынған.
2053 жаңа жұмыс орны ашылған
Әлеуметтік сала бойынша да айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізілген. Ардақ Ибраимов «халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі» дейді. Ауданда еңбек нарығын дамыту, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылдануда. Ал жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрайды, жастар арасында бұл көрсеткіш 4,4 пайызға жеткен.
Былтыр ауданда 2053 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданда әлеуметтік жағынан осал отбасылар мүшелеріне қайырымдылық шаралары үнемі жүргізіліп келеді. Өткен жылы 1532 тұрғынға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған. Әсіресе қазіргі кезеңде жұмыссыздықты азайту үшін кәсіпкерлікті дамыту, жаңа бизнес бастамаларына қолдау көрсету маңызды. Ауданда осы бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп, тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсатында үлкен қадам жасалған.
Жалағаштық ұстаздардың жыл сайын нәтижелі жұмыс жасап жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл сөзімізді түлектердің жыл сайын жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен білім игеруге мүмкіндік алуы, жалпы оқушылардың білім бәйгелеріндегі толайым жетістігі қуаттайды. Аудан әкімі кешегі брифингте саладағы нәтижелі жұмысты да кеңінен тарқатты. Сондай-ақ ол осыған дейін мемлекет тарапынан үлкен қолдау болғанын, алдағы уақытта да әлі де саланы қолдау бағытында нақты жобалар жүзеге асатынын жасырмады.
– Білім саласы бойынша мемлекет қолдауының нәтижесінде 2024 жылға 14,5 млрд теңге бөлініп, 2023 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артып отыр. Бұл ауданда ауқымды жұмыстардың атқарылуына, мұғалім мен оқушыға тиімді жағдай жасалуына өз септігін тигізуде. Өткен жылы дәстүрлі тамыз кеңесінде білім беру ұйымдары арасында «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясын Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі» жеңіп алып, облыс әкімінің 34 млн теңге грант иегері атанды. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бұқарбай батыр ауылындағы №33 мектепке 429 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейіне 250 млн теңге қаралып, оқу кабинеттері мен зертханалар заман талабына сай жаңа жабдықтармен жарақталды. Сондай-ақ Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстарына 78 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді аудан әкімі.
Ардақ Әбдіғаппарұлы биыл да аудандағы білім ошақтарының сапасына жіті мән берілетінін жеткізді. Тарқатып айтсақ, биыл 1 мектепке күрделі жөндеу, 1 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар кент орталығындағы 3 мектептің жанынан жаңа ойын алаңдары салынады. 2 мектептің ойын алаңдары күрделі жөндеуден өткізіледі.
Өңірде мәдениет саласында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Былтыр «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасына сәйкес ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен қамтуға бағытталған түрлі форматтағы 1865 іс-шара өткізілді. «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсына Жалағаш ауданынан Бектаевтар отбасы қатысып, облыстық кезеңде бас жүлде иеленсе, республикалық салтанатта ұлттық конкурсының лауреаты атанды.
Ауданда өткен жылдың ең ауқымды жобаларының бірі жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығы құрылысы жүргізіліп, облыс әкімінің қатысуымен биыл қаңтар айында пайдалануға берілді. Сонымен қатар Мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында Таң ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 351 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда есепке алынған 61 тарихи және мәдени ескерткіштердің біреуі республикалық маңызы бар, 57-сі жергілікті маңызы бар, 3-еуі алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. 17 ескерткішке QR-код тақтайшасы орнатылды. Демеушілер есебінен Мырзабай ахун мешітіне жәй жөндеу жұмыстары және Мырзабай ахун жерлеу кешеніне консервациялау жұмыстары жүргізілді.
Спорт саласындағы жетістіктер де аз емес. Спортшылар түрлі облыстық және республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Әсіресе жас спортшыларымыз түрлі жарыстарда үздік атанып, ауданның даңқын шығарып жүр. Тарқатып айтсақ, аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда түрлі деңгейдегі 224 медаль алып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда 14 мыңнан аса аудан тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Бұл жалпы тұрғындардың 40,5 пайызын құрайды.
Ауыл жастарын спортпен шұғылдануға жағдай жасау үшін «Қазақстан халқына» қоры арқылы Аққыр елді мекенінен жалпы құны 175 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жақын арада бұл нысан да ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Ауданда денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға дамып келеді. Типтік үлгідегі жаңа аурухана, жаңа емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде.
Былтыр Мырзабай ахун, Аламесек ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл қаңтарда Қаракеткен ауылындағы типтік жобадағы жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Жаңа нысандар науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен былтыр ауданның денсаулық сақтау саласы 11 жедел жәрдем автокөлігімен толықты.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру апталықтары өткізілді. Оған апта сайын 3 мыңға жуық адам, 27 арнайы техника қатысты. Сонымен қатар 2 200 тонна қатты қалдық белгіленген орындарға арнайы техникалар арқылы жеткізілді. Бұдан бөлек аллеялардың, саябақтардың және тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары тазартылып, әрлеп-сырлау жұмыстары жүргізілді. Науқанға үлес қосу және туған өлкені көркейту-көгалдандыру мақсатында аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, шаруашылық басшылары, еріктілер, тұрғындар мен жастар жоспарланған әрбір шараға белсенді қатысып келеді. Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен екінші рет өткізілген облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының нәтижесімен «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Еңбек ауылдық округі І орынды иеленсе, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Аққыр ауылына 15 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді, – деді Ардақ Ибраимов.
Иә, бір жыл аз уақыт емес, бірақ 12 айда атқарылған жұмыс та көп. Бастысы, барлық жобаның халық игілігін көруде. Аудан әкімі алдағы уақытта да жұмыс қарқыны бәсеңдемейтінін айтып бір қуантты. Сондай-ақ ол брифинг соңында БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалын да жауапсыз қалдырмады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!