Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Жұма, 19 сәуiр, 18:01

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ
құрудың алғашқы қадамы

07.06.2022

428

0

Биылғы жылдың басы жайсыз басталғанымен тез ес жиып, көптеген өзгерістерге бастайтын ұлы істерді қолға алдық. Талайдың жанын қиып, көп отбасын қара жамылдырған «қаңтар оқиғасы» бізге сабақ беріп кетті. Бірақ Президентіміз сол сәтте қалай бізбен бірге болса, әлі күнге дейін ел болашағы үшін ауқымды жұмыстарды атқаруда. Ол кісінің саясатына, қолға алған әрбір ісіне ел болып қолдау білдірсек, әрбір бастамасына сеніммен қарасақ, бәріміз үшін де қолайлы, жаңарған, жаңа Қазақстанның салтанат құруына атсалысқан болар едік.

Жалпы біздің елде мәселе жоқ емес, баршылық. Қоғамда да екіұшты пікірлер қалыптасып қалған. Көп адам елдің болашағынан үміт үзе бастағаны да жасырын емес. Кешегі “қаңтар оқиғасы” сол адамдардың көкірегіндегі селкеу түскен сенімдерін одан әрі үдетіп жіберді. Сондықтан да ел ішінде алауыздыққа жол берілді. Ал кешегі өткен науқан, яғни жалпыхалықтық референдум көптеген заңның кемшін тұстарын түзетіп, жүйені өзгертетін болады. Енді Мемлекет алдын ала сараланып, бағыты айқындалған бұл реформадан соң суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып, президенттік республика моделіне өту, биліктің бірқатар өкілеттілігін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруі, халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту, азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейту мәселелерін қолға алатын болады.


Бұл саяси науқаннан кейін елде үлкен өзгерістердің болатынына және оның мемлекет болашағын жарқын етеріне сенемін. Сайып келгенде мұның бәрі жаңа Қазақстанды құру жолындағы алғашқы баспалдақтар екені мәлім.


Президент те халыққа Үндеуінде конституциялық реформа жасау қажеттігін айтқан болатын. Бұл шын мәнінде ел тағдыры үшін аса маңызды еді. Бұйыртса, кешегі науқаннан кейін Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Яғни Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Міне, кешегі референдумның маңызы осында. Мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асуы тиіс және солай болып та жатыр. Бұл жалпыхалықтық референдумның мемлекет болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін бәріміз түсінуіміз керек.

Жақсылық ӨЗДЕНБАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: