Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Жұма, 26 сәуiр, 19:40

Қызылордада 180 кәсіби және 332 қоғамдық медиатор тіркелген

21.09.2022

612

0

Қызылорда облысында 180 кәсіби және 332 қоғамдық медиатор тіркелген. Биылғы жылы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп жұмыс атқаратын 45 медиатордың тізімі жасақталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы медиация кабинетінің үйлестірушісі Шахизат Абдраманова айтып берді.

Жыл басынан бері Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторларына 25 өтініш келіп түссе, оның екеуі этносаралық дау болып отыр. Сонымен қатар осы жылы түрлі форматта 24 шара өткізіліп, онда 500-ден аса қызылордалық қамтылды.

Атап айтқанда, жыл басында Жалағаш аудандық кітапханасында қоғамдық медиаторлардың аудан тұрғындарымен кездесуі өтті. Шарада медиация тәсілінің оңтайлы тұстары халық арасында насихатталып, тақырып бойынша сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ Сырдария ауданы, Достық үйінің Татуласу орталығында белсенді жастар мен аудандық үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы болып, аудандық деңгейде медиация институтын дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі мектеп оқушыларымен қоғамдық медиатор Е.Ұзақбаевпен кездесті. Мұнда жастарға татулық пен достық құндылықтарын дәріптеу маңыздылығы түсіндірілді.

«Ағымдағы жылдың наурыз айында Достық үйінде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облыстық медиаторлар кеңесінің отырысы өтті. «Медиацияны халық арасында ілгерілету: өзекті мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбында өрбіген отырысқа қалалық ардагерлер кеңесі, медиация ұйымдары, оқу орындарынан құқытану саласының мамандары, этно-мәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, қоғамдық медиаторлар қатысты. Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің аясында медиация институтын дамыту арқылы қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мақсатында өткізілген отырыста қатысушылар ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті», – дейді Шахизат Абдраманова.

Медиаторлардың түрлі бағыттағы кездесулері мұнымен біткен жоқ. Татулық пен бірлікті ту еткен сала мамандары аудандарды аралап, медиация тақырыбын халыққа кеңінен таныстырып, кез келген түйткілді мәселені дау-дамайсыз шешуге насихаттап жүр.

Кәсіби мамандар тек аудандарда ғана емес, сонымен қатар облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында да кездесу ұйымдастырып келеді. Мәселен, 4 мамырда өңірде медиация қызметін дамыту және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде заң саласының оқытушылары мен студенттері кәсіби медиаторлармен кездесті. Оған қоса, мамандар мектептерде түрлі жарыстар, интеллектуалдық ойындар, семинар-тренингтер ұйымдастырып келеді. Сонымен бірге, ақпараттық-профилактикалық жұмыс негізінде түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен әр тоқсан сайын қала және аудандардағы медиация кабинеттерінде кәсіби және қоғамдық медиаторлардың қатысуымен ашық есік күндері өткізіліп тұрады.

Атап айтар болсақ, 5 тамыз бірыңғай республикалық Медиация күніне орай Татуласу орталығында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Бітім» медиация орталығымен бірлескен «Ашық есік күні» акциясы болып өтті. Медиация тәсілі арқылы дауларды шешуді түсіндіру, тұрғындарға медиативті кеңес беру мақсатында ұйымдастырылған шарада кәсіби медиаторлар өз қызметтерін ұсынды.

«Ашық есік күні» акциясында кәсіби және қоғамдық медиаторлар отбасы-неке дауы, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер, меншіктік, жер, жылжымайтын мүлікке қатысты дау және өзге де даулы мәселелер бойынша ақысыз негізде кеңестерін берді. Сондай-ақ, аталған акция Байқоңыр қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында және бірнеше елді мекенде өткізілді. Акция барысында барлығы 19-67 жас аралығын қамтитын 200-ге жуық тұрғын қамтылды.

Сонымен қатар атаулы күні облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Медиация күніне орай облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасында «Медиация – дау шешудің ең тиімді жолы» тақырыбында кездесу шарасы болып өтті.

Шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы медиаторлар кеңесінің төрайымы, кәсіби тренер-медиатор Л.Бақтыбаева, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, медиация кабинетінің үйлестірушісі Ш.Абдраманова қатысып, өңірдегі медиация саласы мен қоғамдық келісімді сақтау жайында сөз сөйледі. Кездесу соңында қызметкерлер тақырып бойынша сұрақтарын жауап алды.

Айта кетейік, мереке күні барлық аудан орталықтарындағы сот мекемелері мен жергілікті әкімдіктерде тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: