Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 03:30

Беделі биік білім ошағы

11.12.2022

304

0

Заман дамыған сайын адамзаттың ой-өрісі мен ойлау қабілеті, көзқарасы да ілгерілейді. Адам ғылым, білімге тереңінен бойлаған сайын бір-біріне деген бәсекелестік қалыптасады. Біліммен, жаңашыл идеямен біреу-біреуден, ал осындай тыңнан түрен салатын жаңа идеяны туғызатын ерекше қабілетті тұлғалардың көптігімен мемлекеттер арасында бәсекелестік туады. Өзгемен иық тіресіп, басқалар бағындырған белесті алу үшін де олар секілді болу азырақ, тіпті сол бәсекелесіңнен озық болуың керек. Бүгінгінің талабы сол, көпті білекпен емес, біліммен жығасың. Көп білген сайын, қадірің артады, көзің ашылады, қоғамға пайдалы боласың. Білім жиған сайын адами болмыс та биіктеп, рухани кемелдене түсесің.

Елдегі білім саласының мақсаты да осы – бүгінгі ұрпақтан білімді, бәсекеге қабілетті, қоғамға пайдасын тигізетін азамат қалыптастыру. Жастардың елде, шетелдерде білім алуына жағдай жасалуының, жастар саясатының дамуына қолдау мен көмектің жалғасып келе жатқанының да себебі осы. Жастар болашақты жасайтын бүгініміз демекші, бүгінгі буынның білімді болмағы елдің мәңгілік елге айналуының негізгі қазығы деуге болады. 

Біздің аудан осы салаға келгенде көптен көш ілгері. Жыл сайынғы білім саласының нәтижесіне қарап-ақ осы сөзімізге дәлел болатын жүйелі жұмыстар мен жетістіктерді көре аламыз. Кезінде та­рихы терең Аққыр ауылы құрылған соң 1965 жылы ашылған №188 орта мектеп пайдалануға берілген болатын. Араға 20 жыл салып мұнда 1985 жылы жаңа білім ордасы бой көтерді. Міне, біздің бүгінгі ауыз толтырып айтып отырған білім нысаны мемлекеттік бағ­дарлама игілігімен өткен оқу жылында жаңа заман талабына сай қайта жаңғырып, жайнап, ұлағатты ұстаздар мен білімге бойлаған шәкірттердің алтын ұясына айналып отыр. 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп шынында кейінгі кезде сыр бере бастаған. Тек былтырғы оқу жылында мемлекеттік бағдарлама игілігімен оқу ғи­ма­ратын күрделі жөндеуге қажетті қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС өте сапалы жасаған. Білім ұясының шатыры жа­ңартылып, есік-терезелері пластикке ауыс­тырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. То­зығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Ғимараттың сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брус­чатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұ­мыс­тары да жасалыпты. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға арналған коворкинг орталығы да көзге шалынды.

Жалпы шалғай ауылдағы алтын ұяның бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда қалдырған қолтаңбасы өз алдына бөлек әңгіме. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Алимова ауыл мектебінде балалардың білім алуында ешқандай мәселе жоқ екенін айтады. Сондай-ақ ол жыл сайын білім алатын оқушылар қатарында айтарлықтай өсім болып жатқанын да жасырмады.

– Иә, біз – аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекенбіз. Мемлекеттің ауылдық елді мекендерді, ондағы әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған барлық қолдауынан құр қалып жатқанымыз жоқ. Өткен жылдары өзіміз жұмыс жасайтын, шәкірттер білім алатын осы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ауылда бір көшеге асфальт төселді. Аудан және облыс орталығынан шалғайда демесеңіз, ауылдың бүгінде екінші тынысы ашылғандай көрінеді өзімізге. Бізге де қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа зәулім нысанда жұмыс жасаған ұнайды. Оған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Осындай үлкен қолдау барда біздің алдымыздағы жауапкершілік те еселенетінін жақсы білеміз. Сондықтан шәкірт тәрбиелеуде шабытынымызды еселеп, жеткен жетістікке тоқмейілсімей, одан да жоғары нәтижеге жұмысымызбен қол созамыз, – дейді Гүлмира Әбдіразаққызы.

Салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстазбен сұхбаттасқанымызда, расында бұл алтын ұядағы ұжымның білім саласында серпін қалыптастыруда айтарлықтай үлесі барын аңғардық. Мәселен, Аққыр ауылы аудан және облыс орталығынан шалғай жатыр. Иә, облыс, болмаса аудан орталығына қатынап, түлектердің қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі аз, алайда нәтижесі бізді қуантып отыр. Әр жылдары ауыл мектебінен түлеген оқушылардың мемлекеттік грантпен ЖОО-да білім алу мүмкіндігіне қол жеткізу көрсеткіші қалай? Тарқатайық… №188 орта мектеп былтыр оқу жылын 155 оқушымен бастаған. Оның жетеуі – мектеп бітіруші. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбек еткенін аңғартады. Мәселен, былтыр бұл мектептен түлеген 7 оқушы да ҰБТға баруға бел буған. Басым бөлігі педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдапты. Осыдан-ақ мұндағы ұлағатты ұстаздардың шәкірттеріне қандай үлгі болғанын біле беріңіз. Не керек, жаңағы жеті оқушының алтауы еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант жеңіп алса, біреуі облыс әкімінің грантына ие болыпты. Ал мұнан кейін шалғай ауылдағы мектеп ұжымына тіл тигізіп көріңіз. Айта кетейік, биыл Аққырдағы №188 орта мектеп жаңа оқу жылын 167 оқушымен бастаған. Демек, «Бала санында айтарлықтай өсім бар» деген Гүлмира Әбдіразаққызының сөзі жалған болмады. Биыл алғаш ауылдағы алтын ұяның табалдырығын 23 бала аттап отыр. Былтыр 1 сыныпқа қабылданған балалар саны 17 болған. Аққырдағы ертеректе іргетасы қаланған білім ордасы 30 жылдан аса уақыт күрделі жөндеу көрмеген еді. Осыдан 2-3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама игілігімен 200 млн теңгеден астам қаражатпен көне нысан қайта жаңарды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС өте сапалы жасаған. Білім ұясының шатыры жаңартылып, есік-терезелері пластикке ауыстырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. Тозығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Нысанның сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брусчатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жасалған. Мердігер мекеме білім нысанының сыртынан да дәретхана жасаған. Сыртқы есік жанынан мүгедектер арбасы еркін сиятын арнайы пандус салынған. Мектеп ғимаратының алдына да балалар демалатын жайлы орындықтар орнатылыпты. Осындай қолдаудың нәтижесі бізді қуантқан. Ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегі жыл сайын үлкен жетістіктерге бастап келеді. Мектеп директоры Гүлбану Орынбаева биыл да оң нәтижелерге жұмыс жасайтынын айтады. Биыл Аққырдағы орта мектепті 9 бала тәмамдайды. Олардың барлығы бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуде бақ сынауға ниетті. Ләззат Алимова түлектерден айына екі рет ҰБТ-ға дайындық мақсатында тест алынатынын айтады. Қыркүйек айындағы бірінен кейін бірі өткен осындай жұмыстың өзінде айтарлықтай нәтиже бары байқалыпты. Бірақ бұған тоқмейілсейтін олар жоқ. Керісінше ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын әлі де күшейтетіндерін айтады. Бір сөзбен айтқанда, шалғай ауылдағы ұлағатты ұстаздардың жемісті еңбегіне риза болдық.

Ықылым заманнан келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөз бар.  Дана халықтың бұл сөзі бүгінгі заманның ұранына айналды десе де артықтық етпейді. Өйткені, бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Ал осыны жете түсінген Аққыр ауылындағы алтын ұяның педагогтері әрбір шәкіртінің білім нәрімен сусындауына, жан-жақты, ашық әрі бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына күш-жігерін жұмсап келеді. Өйткені мектеп мұғалімдері алдарына келген әр бала келешек елдің тұтқасын ұстар азаматтар екенін жақсы түсінеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: