Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, педагогтардың мәртебесін көтеру, еңбек нарығына сапалы мамандарды даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге айрықша мән беруде. Білім беру ұйымдарының жай-күйі аудан әкімінің де назарынан тыс қалмады. Өткен аптаның соңында Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен білім саласына қатысты түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін кеңейтілген мәжіліс өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан кеңесте білім саласының негізгі мәселелері мен кемшіл тұстары кеңінен тарқатылды.
– Ауданда білім саласы бойынша 20 мектеп, 37 балабақша, 3 қосымша және 2 арнайы білім беру мекемесі жұмыс жасайды. 20 мектепте 7063 оқушы білім алуда. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы орта білім беретін мектептердің жыл бойы атқарған жұмыстарының рейтингі жасалды. Рейтингте білім сапасы, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтардың кәсіби байқаулары мен сайыстардағы жетістіктері сарапталды. Бүгінгі таңда аудан бойынша 3 996 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 1-4 сыныптар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылды. Бұл бағытта облыс бюджетінен 394 млн теңге қаралды, – деді білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбаев.
Білім сапасының басты көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Соңғы жылдары білім сапасын арттыруда айтарлықтай нәтиже бар.
– Мектеп бітіруші түлектердің әрі қарай өмірде өз жолын тауып, жоғары оқу орындары мен колледжге оқуға түсіп, маман болып шығуы өте маңызды. Орта есеппен бір грантты 800 мың теңге деп алатын болсақ, 2022-2023 оқу жылында 356 түлек мектеп бітіріп, оның 329-ы ҰБТ-ға қатысып, 258 бала мемлекеттік грантты иеленді. Яғни инвестиция сол балалардың отбасына келгенін көрсетеді. Бұл – қарапайым халық үшін айтарлықтай жеңілдік. Сондықтан биыл да мектеп бітірушілер 100 пайыз мемлекеттік грантқа орналасу қажет, – деді аудан басшысы.
10 жылда 12 мектепте олимпиада жүлдегері шықпаған
Жалпы орта мектептердің қызметтерін бағалау критерийлері бойынша жоғары деңгейді 2 мектеп, орта деңгейді 8 мектеп, төмен көрсеткішті 10 мектеп құрап отыр. Сондай-ақ төмен деңгейдегі мектептерде соңғы екі оқу жылында оқушылар мен ұстаздар облыс, республика деңгейінде бірде-бір нәтиже көрсетпеген.
Әрине жыл сайын өз мектебімен қатар аудан абыройын арқалап, түрлі білім бәйгесінде жүлдегер атанып жүрген ұстаздарымыз да жетерлік. Алайда ауданда жетістікке жетіп жүрген, көшке ілесе алмай, бір сыдырғы күй кешіп жүрген мектептер де жоқ емес. Мәселен, пәндік олимпиада көрсеткіші бойынша мектептердің 90 пайызы, яғни 18 мектеп орта және одан төмен деңгейде. Яғни пәндік олимпиада немесе ғылыми жобалар сайысында кейбір мектептерде мүлдем нәтиже жоқ деуге болады. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда 12 мектепте облыстық олимпиада жүлдегерлері мүлдем шықпаған. Ғылыми жоба бойынша да соңғы 10 жылда 5 мектеп облыстық деңгейде еш нәтиже көрсетпеген. Мұнымен қоса көрсеткіші төмен мектептердің ішінде кейбір орынбасарлар бір сарында 10 жылға жуық бір орында тапжылмай қызмет атқарып келеді. Алайда жасаған жұмысынан еш нәтиже жоқ. Осы тұста аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы Талғат Құрақбайұлына олимпиадалар мен ғылыми жобалардың көрсеткішін арттыруға тиісті деңгейде жұмыс жасамаған басшыларға шұғыл түрде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.
Ауданда 1 293 педагог жұмыс жасайды
«Оқи алмайтын оқушы болмайды, оқыта алмайтын мұғалім болады» деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де ұстаздарымыздың арасында белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, әрі қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етпейтіндер де бар екен. Мәселен, бүгінде ауданда 1 293 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде жоғары білімдісі 1 217 болса, арнаулы орта білімі бары – 76. Педагогтардың біліктілігі бойынша шебер – 1, зерттеуші – 248, сарапшы – 372, модератор – 282, педагог – 390. Аудан бойынша педагог-шебер және педагог-зерттеушілердің үлесі төмен. Атап айтқанда, №123 мектеп-лицейінде ғана педагог-шебері болса, басқа мектептерде мүлдем жоқ. Ауданда педагог-зерттеушілердің үлесі 15 пайызға да жетпейтін 6 мектеп бар.
Барлық мектепте директорлардың 79 орынбасары жұмыс жасайды. Олардың біліктілігі бойынша 1 шебер, 37 зерттеуші, 18 сарапшы, 14 модератор, 9 мектепте санатсыз орынбасарлар бар. Бұл мектеп директорларының санатсыз орынбасарларының біліктілігі төмендігін көрсетеді.
Жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» республикалық конкурсына педагогтарымыз қатысуда. Аталған конкурсқа 2023 жылы қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде жұмыс жасайтын 1 педагог қатысып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ аталған байқауға №38, 123, 201 мектеп педагогтары қатысқан. Ал басқа мектеп педагогтары бұл байқауда еш төбе көрсетпеді. Осы ретте Талғат Құрақбайұлы аудан педагогтарына республикалық «Үздік педагог» конкурсына жүйелі түрде қатысу қажеттігін тілге тиек етті.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда қосымша білім беру ұйымдарының маңызы зор. Ауданда жұмыс жасайтын оқушылар үйінде 14 үйірмеге 630 бала қамтылған. Талдау барысында оқушылар үйінің үйірме жұмыстарының көрсеткіші төмен деңгейде деп бағаланған. Олар өткен оқу жылында облыстық деңгейде 2 жетістікке қана қол жеткізген. Педагог кадрлардың сапалық құрамы бойынша 21 педагогтың 11-і, яғни 52 пайызының санаты жоқ.
Мұнан бөлек мектепте кәсіби деңгейі жоғары психологтар да аз. Ауданда 31 педагог-психолог жұмыс жасайды. Олардың біліктілігіне келсек, сарапшы – 6, модератор – 17, біліктілігі жоқ санатсыз педагог-психологтар саны – 8.
Кеңейтілген мәжілісте Ардақ Әбдіғаппарұлы облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары мен мектеп басшылары отбасымен бірге сол ауылда тұруы тиістігін де атап өтті. Аудандағы 7 мектептің директоры әлі күнге дейін өздері жұмыс жасайтын ауылға көшіп бармай, қатынап жұмыс жасайды екен. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған аудан басшысы аталған мектеп директорларына 2 күнде көшіп баруды тапсырды.
Жасөспірімдер арасында қылмыс 2 есеге артқан
Темірдей тәртіп болмаса, тыныштық қайдан болсын? Жасөспірімдер арасындағы қылмыс аудан, облыста ғана емес, республика көлемінде өзекті мәселеге айналды. Жиында аудан бойынша жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесінің ақсап тұрғаны да тілге тиек етілді. Жасөспірімдер беймезгіл уақытта көше кезіп, түрлі өрескел әрекетке баруда. Сонда баланың тағдырына кім жауапты? Өмірге әкелген ата-ана ма, әлде білім беретін мекеме ме?
Өздеріңіз білетіндей, өңірде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуіне әлі де тоқтам болмай отыр. Өткен жылдың сәуір айында ауданда №246 мен №123 мектептің 9-11 сынып оқушылары арасында топтық төбелес орын алды. Өкініштісі, мұндай келеңсіз оқиғалар бүгінге дейін әлі де жалғасын табуда.Жасөспірімдер арасында топтық төбелес, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың 99 пайызы мектептен тыс уақытта орын алуда.
Өткен жылдың қорытындысымен кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан. Былтыр аймақта 10 қылмыс жасөспірімдердің қатысуымен жасалған. Салдарынан 5 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бостандығына шектеу шарасы көрілген. Оның ішінде 3-еуі орта мектеп оқушысы болса, 5-еуі колледж студенті екен.
– Әдетте кәмелетке толмағандармен ұрлық және бұзақылық қылмыстардың жасалуы басым болуда. Алдын алу бағытында үнемі «Бала, Заң, Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Мектеп», «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралары мен «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» акциялары өткізілді. Сонымен қатар күнделікті «Түнгі Жалағаш», «Квадрат» рейдтері жүргізілуде. Профилактикалық шараларды күшейту нәтижесінде 292 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 4 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылып, 267 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғынжайдан тыс сағат 23:00-ден кейін жүрген 249 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алаңдататын мәселелердің бірі – жасөспірімдермен топтасып қылмыстың жасалуы. Сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы топтық бұзақылық қылмыстарына аса мән беру қажет. Ауданда топтық бұзақылық қылмысы бойынша 1 дерек тіркелген. Тарқатып айтсақ, 2023 жылдың 6 сәуір күні Жалағаш кентінде №123 пен №246 мектептердің 11 сынып оқушылары арасында топтық төбелес орын алған. Тағы да бір өзекті мәселе – жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыс 25 пайызға көбейген. Зерттеу барысында басым бөлігі бұзақылық, алаяқтық, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мәулен Өсер.
Иә, ауданда жасөспірімдердің қоғамда теріс қылық жасауына жол бермеуге қатысты атқарылып жатқан шаралар легі көп. Десе де жасалған жұмыстар әлі де өз жемісін бермей, жеткіліксіз екенін көрсетіп тұр.
Бүгінге дейін ауданда бірнеше рет білім беру ұйымдары мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз, балалар» атты жедел профилактикалық шаралар өтті. Төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, белгіленбеген жерлерде суға түсу, жол ережесін және өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейді.
Аудандағы жол-көлік оқиғаларына келсек, былтыр кәмелетке толмағандардың қатысуымен 3 оқиға орын алған, салдарынан 3 оқушы түрлі деңгейде жарақат алса, 1 оқушы қаза тапқан. Бұл ретте ата-ананың да жауапкершілігі қаралуы керек сияқты.
Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс жасауы қажет екенін ескерткен Ардақ Әбдіғаппарұлы аудандық білім бөлімі басшысы Талғат Садықов пен аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Жамалатовқа кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қауіпсіздік қаперден шыққан
– 4 рет қылмыс жасаған яғни 2 рет ұрлық, 1 рет тонау және 1 рет суық қару ұстап істі болған азамат – бүгінгі таңда педагог. Иә, түсінемін еңбек кодексінде оған қарсы шектеу жоқ. Бірақ мен балаларымды 4 рет қылмыс жасаған азамат тәрбиелегеніне қарсымын, – деді аудан прокуроры Шыңғыс Есжанов.
Иә, маманды жұмысқа қабылдау барысында тікелей шектеу болмағанымен басшылық тарапынан жұмысқа кімді қабылдап жатқанына аса мән берілу қажет. Себебі ол егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болатын жастарды тәрбиелейді. Сондықтан білім беретін ұйым басшылары қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде барынша дұрыс шешім қабылдағаны жөн.
Соңғы уақытта бала қауіпсіздігі – басты назарда екенін де естен шығарып жүрміз. Білім беру ұйымдарының іші-сыртына бейнебақылау камералары мен дабыл батырмалары орнатылған болатын. Алайда аудандық прокуратураның тексеруі барысында кей мектептерде орнатылған бейнебақылау камераларының істен шыққаны анықталды.
Аудан прокуроры Шыңғыс Мәдиұлының айтуынша, жақында оның бір қызметкері №31 мектеп-гимназиясына ұры кейпінде киініп, мектепті түгелімен шарлап шыққан. Тіпті дәлізде жүрген балалармен амандасып, жағдай сұрасқан бетперделі бөтен адамға мекеме қызметкерлері мән бермепті. Бұл білім ошағында қауіпсіздікке бейжай қаралатынын аңғартса керек.
Мұнан бөлек өткен жылы Ақтау, Орал қалаларында футбол алаңында ойнап жүрген жасөспірімдер футбол қақпалары дұрыс бекітілмеуі салдарынан ауыр және жеңіл жарақат алған болатын. Өкініштісі, осы жайттан біздің мектеп басшылары әлі де еш сабақ алмаған екен. Аудандық прокуратураның прокуроры Әділжан Оразғалидің айтуынша, №201 мектеп-лицей ауласындағы футбол алаңының қақпасы әлі күнге дейін тиісті түрде бекітілмей тұр. Тіпті қоршаулары зақымдалған. Осы сәтте көкейге «Мектеп басшылығы балалар үшін қауіпті факторларды ерте анықтап, талапқа сәйкестендіру үшін міндетті түрде балалардың бірінің басы жарылып, бірі жарақат алуы қажет пе?» деген сұрақ туындайды.
Жиын соңында аудан әкімі бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қою бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін ескертті.
Балаларға сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруде кемшіліктерге бой алдырып келе жатқанымыз рас. Десе де сыннан сабақ алып, ауданның білім саласын арттырып, бала тәрбиесіне ден қойып, жүйелі жұмыстар атқарғанымыз жөн. Бүгінгі жиыннан түйгеніміз осы.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!