Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 20:00

Білім беру ұйымдарының жай-күйі қалай?

13.02.2024

923

0

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болу білім деңгейімен өлшенеді. Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, педагогтардың мәртебесін көтеру, еңбек нарығына сапалы мамандарды даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мен бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге айрықша мән беруде. Білім беру ұйымдарының жай-күйі аудан әкімінің де назарынан тыс қалмады. Өткен аптаның соңында Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен білім саласына қатысты түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін кеңейтілген мәжіліс өтті.

Аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитеті, қамқор­шылық ке­ңес өкілдері, білім беру ұйым­дарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан кеңесте білім саласының негізгі мәсе­ле­лері мен кемшіл тұстары кеңінен тарқа­тылды.
– Ауданда білім саласы бойынша 20 мектеп, 37 балабақша, 3 қосымша жә­не 2 арнайы білім беру мекемесі жұ­мыс жасайды. 20 мектепте 7063 оқушы білім алуда. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы орта білім беретін мектептердің жыл бойы атқарған жұмыстарының рей­тингі жасалды. Рейтингте білім сапасы, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жо­ба, балалар мен жасөспірімдер ара­сын­­дағы құқық бұзушылықтар мен қыл­мыс­тардың тіркелуі, педагогтардың кәсі­би байқаулары мен сайыстардағы жетіс­тіктері сарапталды. Бүгінгі таңда аудан бойынша 3 996 бала бір мезгіл ыстық та­мақпен қамтылуда. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап 1-4 сыныптар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылды. Бұл бағытта облыс бюджетінен 394 млн теңге қаралды, – деді білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбаев.
Білім сапасының басты көрсет­кіште­рінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Соңғы жылдары білім сапасын арттыруда айтарлықтай нәтиже бар.
– Мектеп бітіруші түлектердің әрі қарай өмірде өз жолын тауып, жоғары оқу орындары мен колледжге оқуға түсіп, маман болып шығуы өте маңызды. Орта есеппен бір грантты 800 мың теңге деп алатын болсақ, 2022-2023 оқу жылында 356 түлек мектеп бітіріп, оның 329-ы ҰБТ-ға қатысып, 258 бала мемлекеттік грантты иеленді. Яғни инвестиция сол балалардың отбасына келгенін көрсетеді. Бұл – қарапайым халық үшін ай­тар­лықтай жеңілдік. Сондықтан биыл­ да мектеп бітірушілер 100 пайыз мемлекеттік грантқа орналасу қажет, – деді аудан басшысы.

10 жылда 12 мектепте олим­пиада жүлдегері шықпаған

Жалпы орта мектептердің қызмет­терін бағалау критерийлері бойынша жоғары деңгейді 2 мектеп, орта деңгейді 8 мектеп, төмен көрсеткішті 10 мектеп құрап отыр. Сондай-ақ төмен деңгейдегі мектептерде соңғы екі оқу жылында оқушылар мен ұстаздар облыс, республика деңгейінде бірде-бір нәтиже көр­сет­пеген.
Әрине жыл сайын өз мектебімен қатар аудан абыройын арқалап, түрлі білім бәйгесінде жүлдегер атанып жүрген ұстаздарымыз да жетерлік. Алайда ау­дан­да жетістікке жетіп жүрген, көшке ілесе алмай, бір сыдырғы күй кешіп жүрген мектептер де жоқ емес. Мәселен, пәндік олимпиада көрсеткіші бойынша мектептердің 90 пайызы, яғни 18 мектеп орта және одан төмен деңгейде. Яғни пәндік олимпиада немесе ғылыми жо­балар сайысында кейбір мектептерде мүлдем нәтиже жоқ деуге болады. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда 12 мектепте облыстық олимпиада жүлдегерлері мүлдем шықпаған. Ғылы­ми жоба бойынша да соңғы 10 жылда 5 мектеп облыстық деңгейде еш нәтиже көрсетпеген. Мұнымен қоса көрсеткіші төмен мектептердің ішінде кейбір орын­басарлар бір сарында 10 жылға жуық бір орында тапжылмай қызмет атқарып келеді. Алайда жасаған жұмысынан еш нәтиже жоқ. Осы тұста аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы Талғат Құрақбайұлына олим­пиадалар мен ғылыми жобалардың көрсеткішін арттыруға тиісті деңгейде жұ­мыс жасамаған басшыларға шұғыл түр­де зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қа­таң шаралар қабылдауды тапсырды.

Ауданда 1 293 педагог жұмыс жасайды

«Оқи алмайтын оқушы болмайды, оқыта алмайтын мұғалім болады» деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де ұстаздарымыздың арасында белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, әрі қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етпейтіндер де бар екен. Мәселен, бүгінде ауданда 1 293 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде жоғары білімдісі 1 217 болса, арнаулы орта білімі бары – 76. Педагогтардың біліктілігі бойынша шебер – 1, зерттеуші – 248, сарапшы – 372, модератор – 282, педагог – 390. Аудан бойынша педагог-шебер және педагог-зерттеушілердің үлесі төмен. Атап айтқанда, №123 мектеп-лицейінде ғана педагог-шебері болса, басқа мек­теп­терде мүлдем жоқ. Ауданда педагог-зерт­теу­шілердің үлесі 15 пайызға да жет­пей­тін 6 мектеп бар.
Барлық мектепте директорлардың 79 орын­басары жұмыс жасайды. Олар­дың біліктілігі бойынша 1 шебер, 37 зерттеуші, 18 сарапшы, 14 модератор, 9 мектепте санатсыз орынбасарлар бар. Бұл мек­теп директорларының санатсыз орын­басарларының біліктілігі төмендігін көр­сетеді.
Жыл сайын өткізілетін «Үздік пе­­дагог» республикалық конкурсына пе­дагогтарымыз қатысуда. Аталған кон­кур­сқа 2023 жылы қоғам қайраткері Те­мірбек Жүргенов атындағы №123 мек­теп-лицейінде жұмыс жасайтын 1 педагог қатысып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ аталған байқауға №38, 123, 201 мектеп педагогтары қатыс­қан. Ал басқа мектеп педагогтары бұл бай­­қауда еш төбе көрсетпеді. Осы рет­­те Талғат Құрақбайұлы аудан пе­да­гогтарына республикалық «Үздік пе­дагог» конкурсына жүйелі түрде қатысу қа­жеттігін тілге тиек етті.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйым­дастыруда қосымша білім беру ұйым­дарының маңызы зор. Ауданда жұ­мыс жасайтын оқушылар үйінде 14 үйір­меге 630 бала қамтылған. Талдау барысында оқушылар үйінің үйірме жұ­мыс­тарының көрсеткіші төмен деңгейде деп бағаланған. Олар өткен оқу жылында облыстық деңгейде 2 жетістікке қана қол жеткізген. Педагог кадрлардың сапалық құрамы бойынша 21 педагогтың 11-і, яғни 52 пайызының санаты жоқ.
Мұнан бөлек мектепте кәсіби деңгейі жоғары психологтар да аз. Ауданда 31 педагог-психолог жұмыс жасайды. Олар­дың біліктілігіне келсек, сарапшы – 6, мо­де­ратор – 17, біліктілігі жоқ санатсыз пе­дагог-психологтар саны – 8.
Кеңейтілген мәжілісте Ардақ Әбді­ғап­парұлы облыс әкімінің тікелей тапсыр­масына сәйкес ауыл әкімдері, учас­келік полиция инспекторлары мен мектеп бас­шылары от­ба­сымен бірге сол ауылда тұ­руы тиіс­тігін де атап өтті. Аудандағы 7 мек­тептің директоры әлі күнге дейін өздері жұмыс жасайтын ауылға көшіп бармай, қатынап жұмыс жасайды екен. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған аудан басшысы аталған мектеп дирек­торларына 2 күнде көшіп баруды тап­сырды.

Жасөспірімдер арасында қылмыс 2 есеге артқан

Темірдей тәртіп болмаса, тыныштық қайдан болсын? Жасөспірімдер арасын­дағы қылмыс аудан, облыста ғана емес, республика көлемінде өзекті мәселеге айналды. Жиында аудан бойынша жасөс­пірімдер арасындағы тәртіп мәсе­ле­сінің ақсап тұрғаны да тілге тиек етілді. Жас­өспірімдер беймезгіл уақытта көше ке­зіп, түрлі өрескел әрекетке баруда. Сонда баланың тағдырына кім жауапты? Өмірге әкелген ата-ана ма, әлде білім беретін ме­ке­ме ме?
Өздеріңіз білетіндей, өңірде оқушы­лардың бір-біріне қысым, зорлық-зом­былық, әлімжеттік көрсетуіне әлі де тоқ­­там болмай отыр. Өткен жылдың сә­уір айында ауданда №246 мен №123 мектептің 9-11 сынып оқушылары арасында топтық төбелес орын алды. Өкі­ніш­тісі, мұндай келеңсіз оқиғалар бү­гін­ге дейін әлі де жалғасын табуда.Жасөс­­пірімдер арасында топтық төбелес, құ­қық бұзушылықтар мен қылмыстардың 99 пайызы мектептен тыс уақытта орын алу­да.
Өткен жылдың қорытындысымен кә­ме­лет­ке толмағандар арасында қыл­мыс саны 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге арт­қан. Былтыр аймақта 10 қылмыс жасөспірімдердің қатысуымен жасалған. Салдарынан 5 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бостандығына шектеу шарасы көрілген. Оның ішінде 3-еуі орта мектеп оқушысы болса, 5-еуі колледж студенті екен.
– Әдетте кәмелетке толмағандармен ұрлық және бұзақылық қылмыстардың жасалуы басым болуда. Алдын алу бағытында үнемі «Бала, Заң, Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Мектеп», «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралары мен «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар» ак­ция­лары өткізілді. Сонымен қатар күн­де­лікті «Түнгі Жалағаш», «Квадрат» рейд­тері жүргізілуде. Профилактикалық шара­ларды күшейту нәтижесінде 292 құқық бұзу­шылық анықталып, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 4 жасөспірім бе­йім­деу орталығына орналастырылып, 267 жасөспірімге әкімшілік хаттама тол­тырылды. Сондай-ақ түнгі уақытта заң­ды өкілсіз ойын-сауық және тұрғынжай­дан тыс сағат 23:00-ден кейін жүрген 249 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алаңдататын мәселелердің бі­рі – жасөс­­пірімдермен топ­тасып қыл­мыс­­тың жа­салуы. Сонымен қатар жасөс­пі­рімдер арасындағы топтық бұзақылық қылмыстарына аса мән бе­ру қажет. Ауданда топтық бұзақылық қыл­мысы бойынша 1 дерек тіркелген. Тар­қатып айтсақ, 2023 жылдың 6 сәуір күні Жалағаш кентінде №123 пен №246 мектептердің 11 сынып оқушылары арасында топтық төбелес орын алған. Тағы да бір өзекті мәселе – жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыс 25 пайызға көбейген. Зерттеу барысында басым бөлігі бұзақылық, алаяқтық, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мәулен Өсер.
Иә, ауданда жасөспірімдердің қоғам­да теріс қылық жасауына жол бермеуге қа­тыс­ты атқарылып жатқан шаралар ле­гі көп. Десе де жасалған жұмыстар әлі де өз жемісін бермей, жеткіліксіз екенін көрсетіп тұр.
Бүгінге дейін ауданда бірне­ше рет білім беру ұйымдары мен ау­дан­дық полиция бөлімі қызмет­кер­ле­рінің қа­ты­суымен «Қауіпсіз жол», «Жа­яу жүр­гінші», «Абайлаңыз, бала­лар» ат­ты же­­дел про­филактикалық ша­­ра­лар өт­­­ті. Төтенше жағдайлар бө­лі­мі ма­м­а­н­­­­дарымен жаз­ғы демалыс ке­зінде ба­­лалар мен жасөс­пірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бел­гі­­ленбеген жерлерде суға түсу, жол ере­жесін және өрт қауіпсіздігін қатаң сақ­­тау туралы түсіндірме жұмыстары да жүр­гі­зілді. Дегенмен нәтиже көңіл көн­шіт­пейді.
Аудандағы жол-көлік оқиға­ла­­ры­­­­на кел­сек, былтыр кә­ме­лет­­ке тол­ма­ған­дар­дың қатысуымен 3 оқи­ға орын алған, салдарынан 3 оқушы түрлі дең­гейде жарақат алса, 1 оқушы қа­за тапқан. Бұл ретте ата-ананың да жауапкершілігі қаралуы керек сияқты.
Биылдан бастап өңірдің барлық ел­ді мекеніндегі клубтар мен мәде­ниет үйлерінен отаншылдық және мем­­­­лекетшілдікке, патриоттыққа тәр­бие­лейтін түрлі бағыттағы үйірмелер жұ­мыс жасауы қажет екенін ескерткен Ардақ Әбдіғаппарұлы аудандық бі­лім бөлімі басшысы Талғат Садықов пен ау­дандық мә­дениет және спорт бөлімі басшысының мін­­детін атқарушы Еркебұлан Жамалатовқа кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе оты­рып, тиісті шаралар қабылдауды тап­сыр­ды.

Қауіпсіздік қаперден шыққан

– 4 рет қылмыс жасаған яғни 2 рет ұрлық, 1 рет тонау және 1 рет суық қару ұстап істі болған азамат – бүгінгі таңда педагог. Иә, түсінемін еңбек кодексінде оған қарсы шектеу жоқ. Бірақ мен балаларымды 4 рет қылмыс жасаған азамат тәрбиелегеніне қарсымын, – деді аудан прокуроры Шыңғыс Есжанов.
Иә, маманды жұмысқа қабылдау барысында тікелей шектеу болмағанымен басшылық тарапынан жұмысқа кімді қабылдап жатқанына аса мән берілу қажет. Себебі ол егемен еліміздің ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі болатын жас­тарды тәрбиелейді. Сондықтан білім бе­ретін ұйым басшылары қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде барынша дұрыс шешім қабылдағаны жөн.
Соңғы уақытта бала қауіпсіздігі – басты назарда екенін де естен шығарып жүрміз. Білім беру ұйымдарының іші-сыртына бейнебақылау камералары мен дабыл батырмалары орнатылған бо­латын. Алай­­да аудандық про­ку­ра­ту­раның тексеруі ба­рысында кей мек­теп­терде орнатылған бейнебақылау каме­раларының істен шық­­қаны анықталды.
Аудан прокуроры Шыңғыс Мә­диұ­лы­ның айтуынша, жақында оның бір қыз­­меткері №31 мектеп-гимназиясына ұры кейпінде киініп, мектепті түгелімен ша­р­лап шыққан. Тіпті дәлізде жүрген ба­­лалармен амандасып, жағдай сұрас­қан бетперделі бөтен адамға мекеме қыз­меткерлері мән бермепті. Бұл білім ошағында қауіпсіздікке бейжай қара­латынын аңғартса керек.
Мұнан бөлек өткен жылы Ақтау, Орал қалаларында футбол алаңында ой­нап жүрген жасөспірімдер футбол қақпалары дұрыс бекітілмеуі салдарынан ауыр жә­не жеңіл жарақат алған болатын. Өкініштісі, осы жайттан біздің мектеп басшылары әлі де еш сабақ алмаған екен. Аудандық прокуратураның прокуроры Әділжан Оразғалидің айтуынша, №201 мектеп-лицей ауласындағы футбол алаңының қақпасы әлі күнге дейін тиісті түрде бекітілмей тұр. Тіпті қоршаулары зақым­дал­ған. Осы сәтте көкейге «Мектеп бас­шылығы балалар үшін қауіпті фак­торларды ерте анықтап, талапқа сәй­­кестендіру үшін міндетті түрде ба­ла­лардың бірінің басы жарылып, бірі жа­­­рақат алуы қажет пе?» деген сұрақ туын­­­дайды.
Жиын соңында аудан әкімі бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар бер­ді. Сондай-ақ жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы құқық бұзушылық, ки­бербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орын­дарына тосқауыл қою бағытындағы ша­ра­ларды күшейту қажеттігін ескертті.
Балаларға сапалы білім мен тағылым­ды тәрбие беруде кемшіліктерге бой ал­дырып келе жатқанымыз рас. Десе де сын­нан сабақ алып, ауданның білім са­ласын арттырып, бала тәрбиесіне ден қо­йып, жүйелі жұмыстар атқарғанымыз жөн. Бүгінгі жиыннан түйгеніміз осы.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: