Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істеген мекемелердің жұмысына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Жиында Қызылорда облыстық ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы, азаматтық қорғау майоры Данияр Айтпаев мереке күндері төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істегенін айтты.
– 7-12 мамыр аралығында департаменттің барлық бөлімшелері күшейтілген кезекшілікке көшірілді. Осы уақыт ішінде 54 жедел шығыс тіркеліп, 5 төтенше жағдай дерегі анықталды. Қазіргі таңда өңірдегі ахуал тұрақты, барлық коммуналдық нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде, – деді спикер.
Оның айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын 164 қызметкер, 45 техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазгидромет» таратқан 5 дауылды ескерту тұрғындарға дер кезінде жеткізілген.
Ал Жедел әрекет ету орталығының директоры Бағлан Терлікбаев 109 және 112 байланыс желілерінің тәулік бойы үздіксіз жұмыс істегенін жеткізді.
– Мереке күндері тұрғындардан 112 қызметіне 4945 хабарлама, ал 109 орталығына 2963 өтінім келіп түсті. Өтінімдердің 99 пайызы орындалды. Барлық хабарламалар жедел түрде тиісті қызметтерге жолданып отырды, – деді ол.
Спикердің сөзінше, тұрғындар тарапынан көбіне электр энергиясы, су, газ және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша өтініштер түскен.
Баспасөз конференциясында мереке күндері барлық шұғыл және коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгені айтылды. Соңында мамандар тұрғындарды өрт және судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ҚАУІПСІЗДІК БАҚЫЛАУДА БОЛДЫ
13.05.2026
2
0
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!