Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 03:29

Дарынымен дараланған мадина

13.02.2021

564

0

Жалағаш ауданы талантты жастарға кенде емес. Өнерпаздарымыз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған түрлі сайыстарда топ жарып келеді. Әсіресе бізді ауылдық елді мекендерде сол додаларда топ жаратын кейінгі буынның көптеп шығып жатқаны қуантып отыр. Солардың бірі қаракеткендік Мадина Әлібекпен бүгінде Жалағаш жұрты мақтанады.

№114 ауыл мектебінде білім алып жатқан өнерпазымыз “Ел үміті” және Тұңғыш Президент” қоры­ның ұйымдастыруымен өткен дарын­ды балаларды іріктеуге арналған сайыста топ жарып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қабыл­дауында болды. Осыған дейін де түрлі деңгейдегі білім додаларында дараланған дарын иесі алдағы сайыстарда да аймақтың абыройын асқақтатуға бел буып отыр.


– Кешегі сайыста облыс намысын қорғап, аймақ халқы артқан сенім үдесінен шыққаным үшін қуанамын. Сайыс қорытындысынан кейін облыс әкімі қабылдап, бізге ақыл-кеңесін айтты. Қазіргі таңда елге қалтқысыз қызмет ету үшін алдымен білімді болу қажеттігін назарға салды. Сондай-ақ ол бізге әлі талай өтетін додаларда аймақтың абыройын артады деп сенім білдірді. Сол сенім үдесінен шығуға жұмыс жасаймын. Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша оқуға түсіп, мен де елге, халыққа, мемлекеттің дамуы жолында аян­бай еңбек етуді мақсат етемін. Себебі мемлекет болашағын бізбен байланыстырып отырғаннан кейін біз соған сай болуымыз қажет. Мектепте де озат оқушымын. Осы бағытымнан таймай өз білімімді жетілдірсем, мұ­нан да үлкен жетістікке жетеріме сенемін. Осындай үлкен додада топ жаруыма себеп болған барша ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді білімді жас.


Қараткеткендегі орта мектептің 9 сынып оқушысы бұған дейінгі барлық сайыста мерейінің үстем болуын ұлағатты ұстаздарының, ата-анасының еңбегімен бай­ла­ныс­тырады. “Ұстазсыз шәкірт – тұл” деген қанатты сөзді қаперге ал­ған өнер­­пазымыз алдағы білімділер са­й­ысында да артылған сенімді ақ­тауға бел буып отыр.
Айта кетейік, “Тұңғыш Президент” және “Ел үміті” қорының ұйым­дас­­тыруымен жуырда алғаш рет “Елбасы медалі” жобасы өткен бо­латын. Аталған жобаның ау­дандағы ең алғаш жеңімпазы да осы Мадина қарындасымыз атанды. Дарынды жас 6 ай бойы өзінің қарым-қабілетін жетілдіріп, байқауға қатысуға бел буған. Нәтижесінде өнерпазымыз “Ел­басы медалі” жо­басының қола жүлдесін қоржынға салды.


Бес кезеңде қарсыластарынан бәсі биік болған мақтанышымыз осы­лайша бұл медальға өзінің лайық екенін қарым-қабілетімен, бойдағы да­рынымен дәлелдеді. “Спорт және дене шынықтыру”, “Дарын мен дағды” ,“Ұлттық мұра”, “Кітап оқу” және “Еріктілік кезеңінде оза шапқан жас талант қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға лайық деп танылды.


– Бұл кезеңдерде мен алдыма үлкен мақсат қоюымның арқасында жеңіске жеттім. Қарсыластарымның барлығы да осал емес. Себебі олар да әрбір аймақтан іріктеліп шыққан сақа өнерпаздар. Десе де сайыстың қола медалі маған бұйырды. Мен бұл жеңісімнен бұры аймақтың абыройын асқақтатқаныма қатты қуанамын. Жалағаштан бізге дейін де талай өнерпаздар түледі. Енді солардың ізін басып, дәстүр сабақтастығын жалғау біздің буынға міндет деп есептеймін. Әсіресе бұл маңызы зор сайыста жеңіске жетуіме ата-анамның, ұстаздарымның еңбегі зор. Сондықтан олардың берген тәлім-тәрбиесі мені әлі талай биікке жетелейді деп сенемін. Бастысы артылған сенімді ақтасам, одан артық бақыт жоқ. Алдағы додаларда да осы ұстаныммен талай рет биіктен көрінуге тырысамын, – дейді Мадина қарындасымыз.


Кейіпкеріміз “Елбасы медалі” жобасының “Ең үздік тапсырма” деп аталатын кезеңінде бас жүлдені иеленді. Әрбір кезеңге тыңғылықты дайындықпен барған ол жасы кел­генде байқаудың күміс жүлдесінде де бақ сынауға бел буып отыр.


Айта кетейік, Мадина Әлібек – мектепте оқу озаты, аудандық және облыстық ғылыми жобалар мен түрлі пәндік байқаулардың да бірнеше мәрте жеңімпазы. Білім мен спортты қатар алып жүрген жерлесіміз қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан Ел біріншілігінің де жеңімпазы атанған еді. Спорт шеберлігіне үміткер – қазіргі таңда аудан орталығындағы №13 спорт мектебінің тәрбиеленушісі жә­не жастар арасында ұлттық құ­ра­маның мүшесі. Жас та болса өнер­пазымыз бүгінде өзі қатарлы оқушыларды ұлттық спортқа бау­лып келеді. Кейіпкеріміз қандай сайыстарда болсын жеңіске же­туінде бапкері М.Рахметов, Х.Елеусінов, Б.Бостандықовтардың қол­таңбасы ба­рын айтады. Талантты қа­рын­да­сымыздың әлі талай са­йыстарда топ жарарына біз де сенім білдіреміз.

К.ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: