Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Бұл еңбек жолын бала оқытуға арнаған барша ұстаздың негізгі ұстанымы екені хақ. Ұстаз – өзгелерге үйретуден шаршамайтын, өзі де үйренуден, ізденуден талмайтын мәртебелі мамандық. Әріптестеріммен елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы білім ошақтарының бүгінгі жай-күйінен хабардар болу мақсатында жасаған сапарымыз Бұқарбай батыр ауылынан бастау алды.
Білім ізденгендерге дұрыс бағыт-бағдар беруді басты мақсат еткен Нәзкен Сайымова – 2013 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан №33 орта мектептің ұлағатты ұстазы. Бала күнінен есеп-қисапқа епті болған Нәзкен мектеп қабырғасында оқушы кезінен-ақ түрлі байқау, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Мектеп бітірер шақ таяп, білімін жоғары оқу орнында жалғастыруды көздеген жас талапкер ойланбастан білікті ұстаздардан математика пәнінің қыр-сырын меңгеріп, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін үйренуді мақсат еткен.
– Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл мамандық иесі болу – бала күннен бері арманым. Ұстаз болу оңай емес екенін өзімнің, әріптестерімнің тәжірибиесінен көріп жүрмін. Ұстаз болу жүректілікті, даналықты, керек жерінде бала болуды талап етеді. Математика пәні күрделі болған соң қазіргі таңда бұл мамандықты бітіруші түлектер көп таңдай бермейді. Бұл ғылым саласы үнемі ізденісті және жан-жақтылықты қажет етеді. Бала кезімнен осы пәнді сүйіп оқып, білікті де білімді маман болу үшін еңбектеніп, бүгінде жемісін көрудемін. Әр оқушының шамшырағын жағып, пәнге деген қызығушылығын арттыру – әрбір ұстаздың басты міндеті. Мен де оқушыларымның математика пәніне деген қызығушылығын арттыруда әр сабақ сайын түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, үйретудемін, – дейді жас ұстаз.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Нәзкеннен білім алып, биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттер де жоқ емес. Олар аудандық, облыстық байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, ұстаз үмітін ақтаған. Мәселен, Е.Ұсейн, Д.Қабылбек, Г.Нұрмағанбет, Ш.Сәйфеддин, А.Әкімбай сынды бірқатар шәкірті білім бәйгесінде биіктен көрінуде.
Шәкірттерін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүретін жас ұстаздың жетістігі де жетерлік. Атап айтқанда, ол оқу-тәрбие жүйесін дамытуда көрсеткен кәсіби шеберлігі үшін аудандық, облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.
Бұдан бөлек Нәзкен Бисенбайқызы «Үздік сынып жетекші», «Дарынды балаға – талантты ұстаз», «Үздік математика пәнінің мұғалімі» атты байқауларға қатысып, марапат төрінен көрінсе, қашықтықтан өткен республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысынан да І орын иеленген.
Оның «Оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыра отырып ҰБТ-ға дайындау» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы мен «Математикалық сауаттылық» пәнінен әдістемелік көмекші құралы Алматы қаласы «Зияткер» баспасында басылып шығып, ұлағатты ұстаздар мен білімді шәкірттерге жол тартқан.
– 2013-2014 оқу жылы жетекшілік жасаған сыныбым ҰБТ-дан «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иесі атанып, мемлекеттік грантқа түсіп, мектеп абыройын асқақтатты. Одан бөлек математикалық сауаттылық пәнінен жыл сайын оқушыларым жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мен аудандық, облыстық семинарларда өз пәнім бойынша жасаған жұмыстарымды көрсетіп, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласудамын. Одан бөлек аудандық «Жас Дарын» олимпиадалық резерв мектебінде оқушыларды математика пәнінен олимпиадаға дайындаймын. Мектепте бірлестік жетекшісі, сонымен қатар мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қоғамдық жұмыстарды қосымша атқарамын, – дейді Нәзкен Сайымова.
Академик, жазушы З.Қабдолов: «Ұстаз көрмеген кісі – үлгі, өнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз, өнегесіз кісіде қандай қасиет болмақ? Асылы, адам өзінің азаматтығы үшін алдымен ұстазға қарыздар» – деп ұлы маман иесі саналатын ұстаздардың бағасын шебер жеткізген болатын. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді болады» дейді дана халқымыз. Зейінді ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп жүрген білікті математик Нәзкен Бисенбайқызының әркез мерейі үстем болмақ.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!