Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 21 сәуiр, 16:46

Алматы жұрты Мұхтар Шахановты соңғы сапарға шығарып салды

21.04.2026

4

0

Алматыда Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Мұхтар Шахановты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатыр. Қоштасу рәсіміне мыңдаған жанкүйер, туған-туыстары, достары мен серіктестері жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Рәсім Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтіп жатыр. Ақынға құрмет көрсету үшін Қырғызстаннан да қонақтар келген.

Жиналғандар Мұхтар Шахановтың поэзия мен азаматтық ұстанымды ұштастыра білгенін алға тартты. Оның шығармалары әлемдік деңгейдегі туындылармен қатар тұрады және қазақ әдебиетінің баға жетпес рухани мұрасы саналады. Ақын поэзияға жаңа бояу, тереңдік пен ерекше мән әкелді. Ол әрдайым ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерге үн қатып, өткір әрі салмақты пікір айтып отырды.

Шарада cенат спикері Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхатын оқып берді.

“Халық жазушысы Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шахановтың отбасы мен жақын туыстарына ұлт перзенті аса көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан, қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игі істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәжімаланды. Жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп соңынан көп әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын!”, – делінген президент жеделхатында.

Мұхтар Шаханов еңбек жолын журналист болып бастап, «Жалын» журналында редактор қызметін атқарған. Кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің және Қазақстан мәжілісінің депутаты болды. Ұлттық мүдде жолында белсенді күресіп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты Кремльде сөз сөйлеген. Сондай-ақ шетелдіктерге жерді жалға беруге қарсы қозғалысты басқарып, «Халық рухы» партиясын құрған.

Еске салсақ, 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында Мұхтар Шаханов дүниеден озды. Айта кетейік, былтыр қарашада ақынның ұлы Қуаныш Мұхтарұлы дүниеден озды. Ал 2021 жылы Мұхтар Шахановтың тағы бір ұлы Рауан Шаханов өмірден өткен еді. Осы қайғылы қазадан кейін халық жазушысы бірнеше рет сырқаттанып, денсаулығы сыр бергені айтылған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: