Қызылордада «Панабек» ЖШС базасында кәсіпорынның өндірістік әлеуетін таныстыру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараға кәсіпорын басшылығы, сала мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиһаз фабрикасы директорының орынбасары Альбина Жеткергеннің айтуынша, «Панабек» ЖШС өндірістік процестерді толық цифрландыру арқылы еңбек өнімділігін арттырып, өнім сапасын жаңа деңгейге көтерген. Қазіргі таңда кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 20 мың дана жиһазды құрайды.

«Зауытта заманауи автоматтандыру жүйелері толық енгізілген. Hyundai маркалы роботтар ағаш кесу және лазерлік дәнекерлеу жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар, ЛДСП кесу орталықтары, ПВХ жабыстыру автоматтары, MDF өңдеу желілері, ЧПУ станоктары және металл өңдеуге арналған лазерлік құрылғылар жұмыс істейді», – деді А. Жеткерген.
Сондай-ақ, кәсіпорында 3D жобалау технологиялары енгізіліп, әрбір тапсырыс цифрлық форматта әзірленеді. Өндірістің барлық кезеңі цифрлық бақылау жүйесі арқылы қадағаланып, ақауларды автоматты анықтау кешені өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын мектеп жиһаздарын, кеңселік гарнитурларды, түрлі корпустық шешімдер мен авторлық үй жиһаздарын өндіреді. Бүгінде өнімдер негізінен ішкі нарыққа бағытталған. Дегенмен, алдағы екі жыл ішінде Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында кәсіпорын 5 мектепті жиһазбен қамтамасыз еткен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Мамандардың айтуынша, өндірісті цифрландыру мен автоматтандыру кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейтуге де мүмкіндік береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!