Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі. Президент экологиялық саясатты қалыптастыру барысында әртүрлі елдердің, әсіресе экономикалық дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері ескерілуі керектігіне атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы бұл тұрғыда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға ұзақ индустрияландыру үдерісі арқылы жеткені назарға алынуы тиістігін жеткізді.
️«Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді. Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық. Сондықтан жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс», деді Президент.
Президенттің пайымынша, баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек.
«Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс. Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет. Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!