Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 26 сәуiр, 23:25

Кәсіпкерлікті дамыту – ел игілігін еселеу

24.04.2023

2364

0

Бүгінде «Кәсіп ашамын деген жастарға жеңілдетілген несие берілмек» немесе «Бизнес-жоба дайын, кәсіп ашқым келеді, бірақ қаржылай қолдау болса екен» деген сөздерді қоғам арасынан жиі еститініміз рас. Иә, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен аудан тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастады. Дегенмен «Мемлекеттен қаржылай қолдауларға кімдер қол жеткізе алады, биыл аудан тұрғындарына түрлі жобаларды жүзеге асыруға қанша қаржы қаралған, қаржылай қолдаудың нәтижесі қалай?» деген сұрақтардың қашанда қоғамда өзектілігін жоймайтыны белгілі. Осы және өзге де бірқатар сауалдарға жауап алу үшін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен сұхбаттасқан едік…

– Жасұлан Ерданұлы, қазіргі уақыт­та аудан бойынша қанша кәсіп­керлік субъектісі бар? Сұхба­тымызды осыдан бастасақ…

– Кәсіпкерлік саласы ауданы­мыз­дың әлеуметтік-экономикалық да­­муының негізгі қозғаушы күшінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл са­ланың көрсеткіштерінің қоры­тын­дысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан біз­дің тараптан кәсіпкерлік саласы бойын­­ша жүйелі жұмыс атқарылып ке­леді.

Қазіргі таңда халықтың кәсіппен айна­лысуға деген құлшынысы да жоғары. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар біздің мамандарға жү­гі­неді, біз сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреміз.

Жалпы, ауданда 2023 жылдың І тоқсанында тір­келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,8 пайыз­ға орын­далып отыр.
Иә, кәсіп бастау, өзінің сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман екені белгілі. Десе де көп жағдайда арманның соңынан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат пен білімнің же­тіспеуі де адамға дұрыс бағыт таң­дауға қиындық келтіреді. Осы ретте өз кәсібімді ашамын деушілерге мемлекет тара­пынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек.

– Сіз айтқан кәсіпкерлік су­бъек­­тілерінің қан­шасы жұмыс жасап тұр?

– Бүгінде тіркелген кәсіпкерлік су­бъек­тілерінің ішінде 137-сі жұмысын тоқтатқан. Дегенмен өткен жылмен са­лыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік су­бъектілерінің саны 114 бірлікке, ал жұмыс жасап тұрғандар саны 148 бір­лікке артты. Сонымен қатар соңғы 3 айда мемлекеттік кірістер басқар­ма­сына 365 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген.

– Бұл сала ел экономикасының драйвері деп сөз басында айтып кеттіңіз. Осы тұрғыда аудан бюд­­жетіне инвестиция тартылу дең­гейі қандай?

– Негізгі капиталға тартылған инвес­тиция көлемі осы жылдың 3 айында 4 млрд 706 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,2 есеге жоғары орындалды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші меке­мелері мен кәсіпорындары және жеке сектор­лары арқылы 9 млрд 648 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 8 есе жоғары көр­сеткішті көрсетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3 млрд 287 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе жо­ғары болды. Сонымен қатар аудан бойынша бөлшек сауда ай­на­лымының көлемі соңғы дерек бойынша 714,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 100,9 пайызға орын­далды. Сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда жыл ба­сынан 40 жоба 543,7 млн теңгеге қаржыландырылды.

– Жалпы, аудандағы кәсіпкер­лік сала­сының дамуының жұмыс­сыздық мәсе­лесін тұсауға септігі бар ма?

– Жасыратыны жоқ, халықты жұмыс­пен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды, сондықтан өңірде көптеп жұмыс орындарын ашуды қолға алып жатырмыз. Ауданда жыл­дан-жыл­ға кәсіпкерлердің саны ар­тып, жұ­мыс­сыздық саны азайып келеді. Тіпті жұ­мыс­сыздыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентуге шақы­рып, сала бойынша оқытып, демеу көрсетеміз. Сонда ғана ха­лық­тың әл-ауқаты жақ­сарып, аудан эконо­ми­касы дамиды.

Жоғарыда атап өт­кендей, 40 жоба қаржылай қолдау тапты. Нақтырақ тоқталсақ, 2022-2025 жыл­дарға ар­налған «Ұлттық жоба» мемле­кет­тік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық ставкасын субси­диялау ба­ғыты бойынша 1 жоба 57,6 млн теңгеге, «Агро Несие Кор­порациясы» АҚ облыстық фи­лиалының жеке қаражаты есе­бінен 13 жоба 60,3 млн теңгеге, «Қы­зылорда» Өңірлік ин­вестциялық ор­та­лығы» микро­қаржы ұйымы» ЖШС-ның «Мик­ро­бизнес Қызылорда» бағ­дар­ламасы аясында 22 жоба 240 млн теңгеге және «Агробизнес» бағ­дар­ламасы аясында «Ауыл» несие се­ріктестігі» ЖШС арқылы 4 жоба 185,8 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұны қайталап айтқан себебім, осы жо­­ба­лар табысты жұмыс жүргізіп кет­се, ауданда қаншама адам екі қол­­ға бір күрек табады. Яғни жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендейді.

– Аудан – аграрлық өңір. Десе де жергілікті тұрғындар тарапынан егін және мал шаруашылығынан бө­лек саланы түрлендіру бойын­ша нен­дей жобалар қолға алынып жатыр?

– Иә, жалағаштықтар әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс жа­са­ғанды құп көреді. Себебі ауданы­мызда атакәсіп, яғни егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен ауданға таңсық, әзір келе қоймаған жаңашыл жобаларды тартуға, қолдау көрсетуге біздің тарап әрқашан ниетті.

Әрине жаңашыл жоба екен деп бірден бас салып, қаржылай қолдау көрсетуден ау­лақпыз. Десе де, жо­ба­мен та­нысып, оны әрі қарай зерттеп, кемшіл тұстарын түзеп, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты зерде­леп жү­зеге асырғанды жөн деп санаймын.

Бүгінде Жалағаш кентінде орна­ласқан «Серпін» аграрлы-индус­триал­ды аймағында жалпы құны 658,5 млн теңгені құрайтын барлығы 15 жоба орналастырылып, оның ішінде 10 жоба іске қосылса, 2 жобаның құрылысы жүріп, 3 жобаның құрылысы осы жылы бастау алады. Сонымен қатар аймақта өндіріс орны, яғни күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылса, жыл аяғына дейін 2 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сауда саласын дамыту бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, кент орталығынан жалпы құны 507 млн теңгені құрайтын үш сауда нысан­ын салу жоспарда бар. Мысалы, кент тұрғыны жеке кәсіпкер Кайпов Еркебұланның жалпы алаңы 1385 шаршы метрді құрайтын жоба құны 350 млн тенгелік екі қабатты сауда үйін айтуға болады. Бүгінде құры­лыс жұмыстары басталған. «Өңір­лік инвестициялық орталығы» микро­қаржы ұйымына жоба құжат­тары ұсынылып, 50 млн теңгеге жеңіл­де­тілген пайызбен берілетін несие қаражатымен қолдау тапты.

– Салада кәсіппен айна­лысып жатқан жастардың үлесі қанша?

– Ауданда алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жастардың саны артып келеді. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараған жас кәсіпкерлердің ішінде барлы­ғынан оза шауып, кәсіп шыңының биігінен көрінгендер де жоқ емес. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге мем­­лекет тара­пынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Маңызы зор, қол­дауға ие болған жас­тар ісін өрге домалату үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен тиімді пайыз­бен иелене алады.

Жалпы, ау­данда жастарды кәсіп­керлікке тарту бағытындағы жұ­мыстар жалғасын табуда. Атап айт­қанда, бүгінде тіркелген барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тіле­рінің 39 пайызын, яғни 1249 кәсіпкерлік субъектісі 18-35 жас ара­­­лығындағы жас кәсіпкерлерге тиесілі болса, жыл басынан қаржы­лан­­дырылған 40 жобаның 11-і, яғни 27,5 пайызын жастар құрап, олардың жобалары 113,6 млн теңгеге қаржыландырылды.

Өткен жылы аудан бойынша 2021-2025 жылдарға ар­налған кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңбе­рінде 1 225 200 теңге көле­міндегі қайтарымсыз грантқа қолдау алған 300 жобаның 154-і, яғни 51,3 пайызы жас кәсіпкерлерге тиесілі болды.

Жыл басынан бері аудан бойынша 215 млн теңге 2 жоба іске қосылды. Мысал ретінде жас жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаевтың анти­фриз өндірісін айтсақ болады. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шең­берінде мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп отыр. Жоба қуаттылығы 1 тәулікте 1000 литр антифриз өндіреді.

– Елімізде ауылдарды да­мы­туға арнал­ған «Ауыл ама­наты» жобасы бас­тау алды. Бұл бағдар­ламаның игі­лігін кімдер көре ала­ды? Шарты мен мақсаты қандай?

– «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік өнімімен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Негізінен «Ауыл ама­наты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуында. Несие мал, құс пен өсім­дік шаруашылығын дамытуға, коопе­ра­­тивтерді жабдықтауға және ауыл­ шаруашылық өнімдерін өңдеу ба­­ғы­­тында, шағын кәсіп ашуға бағ­дар­ланған. Несиенің шекті көлемі – 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін 7 млн теңге, кооперацияларды дамытуға 8 мың айлық есептік көр­сеткішке дейін 26,7 млн теңге беріледі. Мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі.

– Бұл мақсатқа бөлінген қара­жат көлемі қанша және оның қанша жалағаштық игілігін көре алады?

– Облыс бойынша жобаны қаржы­ландыруға биыл республикалық бюд­­жет есебінен 3 млрд теңге бө­лінді. Алдағы уақытта қаражат көлемі ар­тады деп есептеймін. Өйткені осы тұрғыда облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасына ұсыныс беріліп, ау­данға қосымша 2 млрд теңге тарту жұ­мыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда несиені үйлестіру мақсатында аудан бойынша коммиссия тобы да жа­сақ­талды. Жоба жетекшісі болып ау­дандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі бекітілді. Аудан бойын­ша арнайы 4 маман бекітіліп, несие алуда халыққа көмек көрсететін болады.

– Кәсіптің саласы немесе түрі бойынша шектеу бар ма? Кепілдік қою міндетті ме?

– Ешқандай шектеу болмайды. Ал­ды­мен конкурс ұйымдастырылып, әрбір адам өзінің бизнес-жоспарын таныс­тырады. Қолдау тапса, ақша дереу бөлінеді. Тек сауда-саттық ба­ғытындағы жобаларға аталған не­сиені беру қарастырылмаған. Не­сиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті.

– Сіздер шалғайдағы елді ме­кен­дерді аралап, түсін­дірме жұ­мыс­тарын жүргізіп жатыр­сыз­дар ма?

– Әрине «Ауыл аманаты» тікелей ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған жоба болғандықтан түсін­дірме жұмыстарын бастадық. Сон­дықтан бұл жоба бойынша тіке­лей ауыл халқымен жұмыс жа­сайтын боламыз. Әр ауылда мемлекет та­ра­пынан болып жатқан қол­­­дау­ларды түсіндіру бағытында ұйым­­дас­тырған кездесулерімізде біз үнемі тұрғындарды кәсіппен айна­лысуға барынша үгіттеп, қар­жылай қолдауға қалай ие бола­тынын толықтай тү­сіндіреміз. Бір сөзбен айт­қанда, кәсіп ашып, ауданның да­муына үлес қо­са­мын, өңірді өркен­детемін дегендерді қол­дауға дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: