Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Бейсенбі, 02 мамыр, 20:37

«Ауыл аманаты»: 7 жоба қолдау тапты

16.09.2023

880

0

«Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» деген мақсат-міндет қойды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Иә, осы орайда ауылдық елді мекендердің дамуына демеу болатын «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем шығар. Ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаның басталғанына көп болмаса да бүгінде тиімді несиеден үміттілер қатары көп секілді. Қалың жұрттың ойы – ертерек құжаттарын өткізіп, несиені тездетіп алу. Осы орайда ауыл тұрғындары тарапынан аталған жоба аясында туындаған сұрақтарға жауап іздеу және жобаның ауданда іске асырылу барысымен танысу мақсатында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен сұхбаттасқан едік…

– Жасұлан Ерданұлы, «Ауыл ама­на­ты» жобасы бойынша құжат­тар қабылдау қашан басталды?
– «Ауыл аманаты» жобасына құжат қа­былдау 2023 жылдың шілде айынан басталды. Бүгінде жоба аясында құ­жат­тарды қабылдау, комиссия отырысы секілді жұмыстар жүруде.
– Бүгінге дейін аудан бойынша қанша жоба қабылданды?
– Аудан көлемінде 28 жоба қабыл­данды. Оның ішінде 7 жоба қолдау тауып, 1 жоба мақұлданбады. Қалған 20 жобаның құжаттары дайындалып жатыр.
– Ұсынылған жобалардың қан­шасы қай бағыттағы кәсіп түрі?
– Негізінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру бес бағыт бойынша жүргізіледі деп жоспарлануда. Бірінші өңдеу саласына қатысты жобалар, мысалы, жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы, екінші өсімдік шаруашылығын да­мы­ту, үшінші ауыл шаруашылығы коо­пе­ра­тивтерін жабдықтау, төртінші мал шаруашылығын дамыту бойынша және басқа да бағыттағы бизнес жобалар болып табылады. Ауданымызда өңдеу са­ласы бойынша 4 жоба, асыл тұқымды мал алу бойынша 11 жоба, өсімдік ша­руа­шылығы саласы бойынша 3 жоба, басқа да бизнес жобалар шеңберінде 4 жобамыз бар.
– Дайындалған жобалардың қан­шасы ауылдық елді мекендерге тиесілі?
– Жобаның өзі айтып тұрғандай, не­сиеге ниеттілердің басым көпшілігі ауылдық елді мекен тұрғындары. Нақ­тырақ айтсам, 18 жоба ауылдық елді мекендерге тиесілі.
– Қай елді мекендерде бағдар­лама шеңберінде құжаттар өткізуде бел­сенділік бар, қай ауылдар төмен деңгейде?
– Бір қуантарлығы, бүгінде әсіресе ауыл азаматтарының кәсіп ашуға ын­тасы басым. Мәселен, бағдарлама шең­бе­рінде құжаттар өткізу белсенділігі жо­ғары ауылдар Есет батыр, Аққұм, Таң, Мақпалкөл ауылдары болса, төмен деңгейдегі елді мекендер М.Шәменов, Мырзабай ахун, Мәдениет ауылдары. Белсенділік төмен деңгейдегі ауылдарда біздің тараптан қосымша түсіндірме жұмыстары күшейтілуде.
– «Ауыл аманаты» жобасы ая­сын­да қаржылай қолдауға ие болу үшін қандай талаптарды орындау қажет?
– Негізінен несие алуға көп талап көр­сетілмеген. Жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Бірақ ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделген. Егер мал ша­руа­шылығын қолға алғыңыз келсе, 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз, 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тек бір шарты бар. Қаржылай қолдауды алу үшін бірінші кезекте несие тарихы дұрыс болуы қажет және кепіл мүлкі болуы шарт.
– Бағдарлама шеңберінде беріле­тін қаражаттың көлемі қанша?
– Жоба бойынша ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 27 млн 600 мың теңге, жеке кәсіпкерлік субъек­ті­леріне 8 млн 600 мың теңгеге дейін беріледі.
– «Ауыл аманаты» жобасы ая­сында 2,5 пайызбен несиемен ауданда қанша жоба қолдау тапты? Оның қаншасы ауылдық елді мекендерге тиесілі?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бү­гінде аудан бойынша 7 жоба қолдау тапты. Оның ішінде Таң ауылынан 1 жоба, Еңбек ауылынан 1 жоба, Жаңа­талап ауылынан 1 жоба, Есет батыр ауылынан 2 жоба, Жалағаш кентінен 2 жоба облыстық комиссияда қаралып, 65,5 млн теңгеге қолдау тапты.
– Қолдау тапқан жобалардың қа­та­рында мал шаруашылығынан бөлек кәсіптің басқа да түрлері бар ма? Ол жобалардың ішінде ауданда бұрынсоңды қолға алынбаған жо­балар бар ма?
– Әрине бар. Қазір әсіресе жастар біздің ауданға таңсық бизнес жобаларын ұсынып жатады. Әрине бұл тұрғындар арасында үлкен ізденіс бар екенін көрсетеді. Бұл бізді қуантады. Мәселен, жобалардың ішінен «Қап шығару цехы», «Жылыжай» кешеніне қатысты жобалар құжат­тары ұсынылып, қолдау тапты.
– Жоба шеңберінде несие ең әуелі қай санаттағы азаматтарға бе­ріледі?
– Жоба бойынша 18 жасқа толған және зейнеткерлік жасқа жетпеген жеке кәсіпкерлерге, кооперативтерге және кооператив мүшелеріне беріледі.
– Облыс бойынша бұл жобамен кәсіп бастаймын дегендерге жалпы құны қанша қаражат қаралған?
– Облыс бойынша биылға жалпы 3 млрд теңге қаражат қаралған. Алдағы жылдары қаржы көлемі көбейеді деп жоспарлануда.
– 2,5 пайызбен несие үлестіретін бұл жоба бойынша түсіндірме жұ­мыстары жүріп жатыр ма?
– Иә, бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ эконо­миканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұ­мыспен қамтуға бағытталғандықтан ауыл тұрғындарының жоба игі­лігін көруге бағыт-бағдар беру – біз­дің міндетіміз. Осы орайда бүгінде ау­данда құрылған жұмысшы топ ар­қылы ауылдарды аралау жұмыстары жүр­гізіліп, бағдарламаның мақсат-мүд­­десін халыққа кеңінен түсіндіру мақ­сатында ақпараттық-түсіндіру ба­­ғы­тында іс-шаралар атқарылуда. Нақ­ты­рақ айтсам, бүгінде кент және ауыл­дық округтер бойынша 28 кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді. Нә­тиже жаман емес.
– Үміткерлер мақсатын айт­са, жо­басын дайындауға көмекте­се­сіз­дер ме?
– Әрине көмектесеміз. Қазіргі таңда біздің бөлім және «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасының аудандағы фи­лиалы, «Бизнеске арналған үкімет» ме­­кемесінің аудандағы мамандары бір­­лескен штаб құрып, жұмыс жасауда. Үміткерлерге бизнес жоспарынан бастап барлық құжаттарының жиналуына сүйе­мелдеу жұмыстары жүргізіледі.
– Аталған жоба аясында ау­данда кооператив құрылды ма? Құ­рылса, сол жоба жайында кеңірек тоқталсаңыз?
– Бұл бойынша өңірде ауқымды жұ­мыстар жүріп жатыр. Бүгінде аудан бойынша 13 кооператив құрылды. Коо­перативтер бойынша 4 кооператив және 7 мүшесі басқа облыстан асыл тұ­қым­ды мал әкеліп, көбейту бағытында құжат­тарын жинақтап жатыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Жандос Махмұтұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: