Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 19:34

Апат айтып келмейді

17.10.2023

6059

0

Кеше шығармашылық топ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №11 өрт сөндіру бөліміне атбасын бұрдық. Онда бөлімдердің күн тәртібімен, тыныс-тіршілігімен және өрт сөндіру автокөліктері мен өрт сөндіру жарақтары, өрт сөндірушілердің арнайы киімдерімен таныстық. Сондай-ақ бөлімдегі барлық өрт-техникалық құралдармен қалай және қандай жағдайда жұмыс жасайтыны жайында ақпаратқа қанықтық. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімі құтқарушылары қарлы боранда да, қатты желде де, аптап ыстықта да, жалпы кез келген жағдайда тұрғындарға әрқашан көмектесуге дайын екеніне тағы мәрте көз жеткіздік. Жауапты да күрделі мамандық иелерінің жұмыс күндері туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Еркін Назарқұлов сұхбат аясында айтып берді.

– Еркін Есетұлы, аудан тұрғын­дарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қауіптің алдын алу бойынша өз тараптарыңыздан қандай жұ­мыс­тар атқа­рылуда?
– Мен 2023 жылдың 5 қазанынан бастап Жалағаш ауданы төтенше жағ­дайлар бөлімі бастығының лауазымына тағайындалдым. Жалпы аудан гарни­зо­нының штат бойынша қырыққа жуық қыз­меткер бар. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінде 4, №11 өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер жұмыс істейді.
Биыл 9 айда аудан аума­ғында 41 төтенше жағдай тіркелді. Оның 39-ы техногенді төтенше жағдай болса, 2-еуі – табиғи төтенше жағдай. Жыл басынан бері төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жоспарлы 3 рет ко­миссия отырысы өткізілді. Онда 10 өзекті мә­селе қаралып, 32 жауапты тұлғаға тапсырмалар берілді. Нақтырақ тоқ­талсам, қыс, көктем мезгілінде аудан ау­мағына қарасты Сырдария өзені мен Қараөзек арнасы арқылы келетін мол суды қауіпсіз өткізу және су тас­қынының алдын алу жұмыстары, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ал­дын алуға байланысты дәрілеу-залал­сыздандыру жұмыстары, мемлекеттік орман қоры алқаптарында өрттің алдын алу және болдырмау мақсатында про­филактикалық жұмыстар пысықталды. Сондай-ақ жаз мезгілінде суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіп­сіздік шаралары, жылу беру маусымында білім, денсаулық және әлеуметтік ны­сан­дардың дайындық жұмыстары, аудан аумағында жеке тұрғын үй сек­торларында өрт қауіпсіздігінің ереже талаптарын сақтау мен көмірқышқыл газынан улану фактілерінің алдын алу, аудан көлеміндегі егін жинау науқаны кезіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар қаупі туындаған уақытта аудан халқын хабардар ету мақ­сатында құлақтандыру жүйесінің жай-күйі және т.б. мәселелер туралы тапсырмалар берілді.
– Бөлім қыз­мет­керлері тек апатты оқиға орын алған жағдайда ғана әрекет етіп қоймай, күнделікті өмірде де жұмыс­тарыңыз қауырт болар, сол ту­ралы айтып берсеңіз…
– Біздің бөлімнің қызметі ең алдымен төтенше жағдайлардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған. Мысалы, жарнамалық іс-шаралар, акциялар, флеш­мобтар, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына шығу сияқты шаруалар же­терлік. Қазір жылу маусымы бас­талды, жеке үйлер мен ғимараттар кө­гілдір отынға қосылған. Қыс мезгілінде пеш, газ құрылғыларынан шыққан ақау­лардан жиі оқыс оқиға орын алып жатады. Ал біздің мамандар барлығын алдын ала болжауға міндетті. Егер қы­тымыр қыста немесе боранда біреу жолда қиындыққа тап болса, біз көмек­тесуге бар күшімізді саламыз. Көктем басталса, су тасқынының алдын алу мақ­сатында тағы да үгіт-насихат жұ­мыс­тарын жүргізіп, тұрғындарға арықтар­ды тазалап, аулаларындағы қарды уақы­тында шығаруды ескертеміз.
Соңғы уақытта әлемде ор­ман өрті өршіп тұр. Сол себепті өрт қаупі бар аумақтарды қатаң бақылауға алып, қураған ағаштар мен был­тырғы шөп­терді, тағы басқа осы секілді дүниелерді жою қажет екенін еске саламыз. Соны­мен қатар біз орман шаруашылығы маман­дарымен де белсенді түрде бірге жұмыс істейміз. Жазда егіс алқаптарында өрт қаупі төніп жа­тады. Мұндай күтпеген жағдайларды алдын ала болжап, дер кезінде ауыздықтап, тез арада жоюы­мыз керек. Қорыта айтқанда, біздің жұмысымыз жылдың төрт мезгілінде де қызу қайнап жатады.
– Өңірде өрттер жиі тіркеле ме? Өртке қарсы қандай жұмыс­тар атқарылуда?
– 2023 жылы 9 айда аудан бойынша 38 өрт оқиғасы есепке алын­ды. Тіркелген өрттерді талдау ба­ры­сында өрт объектілері 4 есеге кө­бейген, автокөліктерде 6, тұрғын үй сек­торларында 19 өрт орын алып, был­­­тырмен салыстырғанда 13 пайызға азайды. Биыл орман өртіне бай­ланысты 7 оқиға тіркелді. Өкі­нішке орай биыл 1 аудан азаматы өрт­тен қаза болды, өрттен жарақат ал­ған­дар тіркелмеді.
Өрттің шығу се­беп­теріне келсек, жылыту пеші мен электр желі­лерінің ақауынан, газ плита үстінде дайындап жатқан асты бақылаусыз қал­ды­ру­дан, отпен абайсыз болудан, өші­ріл­меген темекі тұқылын тастауынан орын алып жатады. Осы орайда қатаң шара­лар қаралып, өрт оқиғасына себеп бол­ған 40 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылык туралы ко­дексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Прокуратураның қаулысына сәйкес тағайын­далған тек­се­ру нәтижелері бойынша 3 шара, яғни «Орман және жа­нуар­лар дүние­сін қорғау» мемлекеттік ме­кемесі бас­шы­сына лауазымды тұлға ретінде 86 250 теңге айыппұл салынды, сондай-ақ аудандық ауруханаға және «Ақтерек» сауықтыру лагеріне заңды тұлға ретінде «ескерту» шаралары көрілді. Қалған өрт немесе өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша 36 ескерту шарасы қаралды.
– Түрлі апаттық жағдайлар орын алғанда халық соған дайын болу үшін аудан бойынша қандай оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде?
– Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан бойынша бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне 25 мақала, атап айтқанда, мұздағы қауіп­сіздік 5, суға шомылу маусымы бойынша 20 мақала жарияланды, әлі де жариялануда. 4 рет бейнетүсірілім жасалды, әлеуметтік желілерге орна­лас­тырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желісінде және ауданның «Facebook», «Instagram» парақшаларында 189 мақала жарық көрді. Сондай-ақ дауыс күшейткіш ар­қылы халыққа өрт, судағы қауіпсіздік және төтенше жағдайдың алдын алу мақ­сатында 384 рет түсіндірме ақпа­рат­ оқылды. Сонымен қатар №11 өрт сөндіру бөлімшесімен кезекшіліктен тыс жеке құрамымен әр аптаның сенбі күндері жеке тұрғын секторда 6 128 тұрғын үйдің 29 483 тұрғынына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек аудан бойынша азаматтық қорғау оқу-жаттығулар жоспарына сәйкес биыл 91 оқу-жаттығу өткізілді.
– Өрт сөн­діруші қыз­меткерлерінің өртті ауыз­дықтауы үшін қажет өртке қарсы су көздерінің, яғни өрт гидранттарының жағдайы қалай, бақылауда ма?
– Иә, апат айтып келмейді, біз бәріне дайын болуымыз керек. Ауданда барлығы 704, кентте 163 өрт гидранты орналасқан. Бүгінде барлығы жа­рамды күйде, толық бақылауымызда.
Бізде электронды карта да бар, яғни бір жерде өрт оқиғасы орын алса, соған жақын қай маңда өрт гидранты бар, соны анықтап береді. Бұл бір жағынан орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді.
– Аудан орталығынан шалғай елді мекендерді өрттен қорғау мақ­сатында және орман, дала өрттері бойынша жергілікті атқарушы ор­ган­дармен атқарылған жұмыстар бойынша кеңінен тоқталсаңыз…
– Аудан көлемінде мемлекеттік орман қоры 769 482 гектарды құрайды. Жалпы аудандық орман және жануарлар дү­ниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 2023 жылға жоспарланған 660 шақырым ескі минералды жолақтары толық жаңартылды. Сондай-ақ биыл аудандық орман және жануарлар дүние­сін қорғау мемлекеттік мекемесіне 1 АЦ-5-40 Урал маркалы өрт сөн­діру автокөлігі алынды. Орман қоры аумағында жер­гілікті атқарушы орган­дары мен ау­дандық полиция бөлімінің учас­келік ин­спекторлары бірлесіп, күн­делікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен қа­тар Қаракеткен, Бұқарбай батыр ауылдық округінен өрт сөндіру бекеттері ашылды.
– Төтенше жағдай кезінде әлеу­мет­тік маңызы бар нысандармен, мә­селен, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ұйым­дармен қалай бірге әрекет етесіздер?
– Біз аудандағы барлық әлеу­меттік маңызы бар нысандармен, оның ішінде білім беру, медициналық, балабақша, халыққа қызмет көрсету ме­кемелерімен тығыз байланыста бола­мыз. Бұл мә­селе аталған мекемелерді тексеру ке­зінде талқыланады. Өрт ке­зінде түрлі қызметкерлер өзін қалай ұстауы керек, яғни жұмысты тоқтату, өздерінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және шұғыл түрде іс-әрекеттерді орын­дау, мұның бәрі жаттығулар ке­зінде алдын ала пысықталады. Білім беру орын­дарына келсек, балабақшалар мен мек­теп­ мұға­лімдеріне және балаларға қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керектігі нұсқауда көрсетілген. Жазда апаттық баспалдақты қалай пайдалану және түтін болған кезде балаларды кө­шеге шығару сынды жұмыстарды көрсетеміз.
Біз климатты ескере отырып, қыста балалар қалай эвакуацияланатынын да зерделейміз. Осының барлығын тө­тенше жағдайлар кезінде алдын ала үйретеміз, ол үшін жылдың кез келген мезгіліне қарамастан қызметкерлермен кездесулер, тәжірибелік жаттығулар ұйым­­дастырылады. Сондықтан қызмет­керлерді үй-жайдан шұғыл эвакуациялау үшін әрқашан үйретіп отыру керек.
– 19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл датаның сіздер үшін маңызы қандай?
– Әріптестерім қандай қиыншылыққа тап келсе де, өз ісін абыроймен атқаруға бар ынтасымен кірісуде. Қандай қай­ғылы, қасіретті оқиға болсын бар күш-жігерін салып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген құтқарушылардың осы мереке күні жұмыстарына табыс, жан­­ұяларына амандық және зор ден­саулық тілеймін. Әріптестерімнің үлкен ең­бегі құтқарған адамдар­дың алғысымен бағаланып, тәуелсіз Қазақ­станның гүлденуіне сеп болады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: