Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен «Air Astana» АҚ-ның жай акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысатынын хабарлады. Оның аясында 2024 жылғы 14 ақпанда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 1 акция үшін 1 073,83 теңге бағамен 24,9 млрд теңгеге «Air Astana» АҚ-ның жай акциялары сатып алынды. Әуе компаниясының сатып алынған жай акцияларының жалпы саны 23 168 975 дананы немесе шығарылған компания акцияларының жалпы санының 6,5 пайызын құрады.
«Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелін әртараптандыруға бағытталды және ұзақмерзімді перспективада оның кірісін арттыруға ықпал етеді. БЖЗҚ зейнетақы активтерін «Air Astana» АҚ-ның жай акцияларына инвестициялау туралы шешім тұрақты қаржылық көрсеткіштерге, сондай-ақ болашақта тұрақты дивидендтер төлеуге мүмкіндік беретін компания қызметінің жоғары рентабельділігіне негізделді. Осы инвестициялар іс жүзінде БЖЗҚ салымшыларына Орталық Азияның авиациялық нарығындағы көшбасшылардың біріне акционер болуға мүмкіндік береді», деп мәлімдейді Ұлттық банк.
Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы мәліметтер ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланып отырады.
Жалпы, IPO басталғалы бері биржалардағы сұраныс ұсыныстан асып түскен. Айта кетейік, «Air Astana» тобы – акциялары бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру аясында акция сатушы үш тарап: «Самұрық-Қазына» АҚ, BAE Systems PLC және компанияның өзі 370 млн доллар қаржы тартыпты. Сөйтіп, «Air Astana» 15 ақпан күні IPO-ны аяқтады.
Жеке инвесторлардан түскен өтінімдердің 97,8 пайызы мақұлданған. IPO барысында компания құны шамамен 847 миллион долларды құрады. 120 млн доллар қаржы өсімнің келесі кезеңін жеделдету мақсатына жұмсалмақ.
«Топтың IPO-ға қатысу үшін берілген өтінімдер саны қазақстандық инвесторлар, бөлшек және институционалдық, сондай-ақ халықаралық инвесторлар қауымдастығының қолдауының арқасында ұсыныстан асып түсті. Ұсыныстың 58 пайызы жергілікті нарықта, 42 пайызы халықаралық нарықта орналастырылған. Отандық нарықтағы жалпы сұраныс 483 млн доллардан асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53 пайызы қанағаттандырылды», делінген хабарламада.
Жергілікті институционалдық инвесторлар (БЖЗҚ-ны қоса алғанда) жалпы сұраныстың шамамен 38 пайызын қамтамасыз еткен. Ал халықаралық инвесторларға жалпы сұраныстың 25 пайызы тиесілі. 1 жаһандық депозитарлық қолхаттың бағасы – 9,5 долларды, ал 1 жай акция үшін 1 073,83 теңгені құрады.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жергілікті және халықаралық институционалдық инвесторлар, сондай-ақ бөлшек инвесторлар тарапынан үлкен сұраныс туындады. Бұл әуе компаниясының және жалпы Қазақстан экономикасының жоғары инвестициялық тартымдылығын, сондай-ақ «Air Astana» даму әлеуетіне жергілікті және халықаралық нарықтардың сенімін білдіреді дейді.
Бұған дейін Еуропалық қайта құру және даму банкі «Air Astana» акциясының 5 пайызын сатып алып, акционер атанған еді. Олар IPO шеңберінде қазақстандық әуе тасымалдаушысының бағалы қағаздарына 41,99 млн доллар инвестиция құйған.
IPO қорытындысы бойынша, әуе компаниясындағы «Самұрық-Қазынаның» үлесі 51-ден 41 пайызға, ал BAE Systems PLC-тің үлесі 49-дан 15,3 пайызға төмендеген.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, «Air Astana» KASE биржасында 49,2 млрд теңге тартқан.
«Олардың кем дегенде жартысы зейнетақы қаражаты екені белгілі болды. Ал енді цифрларға мән беріп көрейік. «Air Astana» екі бірдей қазақстандық биржадан 215 млн доллар тарта алды, оның 108,9 млн долларын (жаңағы айтқан 49,2 млрд теңгеміз) KASE-ден тартты, соның ішінде 55,4 млн доллары – зейнетақы қаражаты. AIX биржасы арқылы жай акциялар мен GDR есебінен 106,1 млн доллар тапты. KASE-ге қарағанда AIX биржасында жеке инвесторлар мен мемлекеттік емес институционалдық ойыншылардың нақты сұранысының жоғары болғаны таңғалдырады. Ал Қазақстанның ескі биржасындағы негізгі көлемнің басым бөлігі БЖЗҚ есебінен қалыптасты. Ал БЖЗҚ-ны KASE-нің 46,9 пайызын иеленетін Ұлттық банк басқарады», деп дерек келтіреді сарапшы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!