Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 11:32

Саяси науқанда жалағаштықтар белсенді

20.11.2022

925

0

Жалағаш ауданында ҚР Президентінің сайлауы таңғы сағат 7.00-де басталды. Мемлекеттік әнұранмен жұмысын бастаған сайлау учаскелерінде сайлаушылардың белсенділігі анық байқалады.

Саяси науқан барысын ақпараттандыру мақсатында редакцияның тілшілер тобы бірінші кент орталығындағы №246 орта мектеп ғимаратында орналасқан №132 сайлау учаскесіне аялдады. Сайлау учаскесінің төрайымы Айнұр Айбосынова таң атпай елдің өз таңдауын жасауға асыққанын олардың мемлекет болашағына бейжай қарамайтынымен байланыстырады және әрбір сайлаушы осындай көзқараста һәм түсінікте болса дейді.

– Өзім ҚР Президенті сайлауында бірінші рет сайлау учаскесінің төрайымы болып отырмын. Алайда осыған дейінгі саяси науқандардың бірінен шет қалған емеспін. Себебі мен үшін де тәуелсіз Қазақстанның болашағы бәрінен маңызды. Өзім дауыс беруге бұған дейін ерте, түске таяу және кештеу барған кездер де болды. Қай уақытта халықтың белсенділігі қалай болады, маған ол жағы таңсық емес. Бүгінгі сайлауда мен жалағаштықтардың белсенділігін анық аңғардым. Таң атысымен ғимарат алдына жиналған халықты көріп, риза болғанымды да жасырмаймын. Әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауы еркінде, бірақ осыны іштей әрбіріміз азаматтық міндет санаған дұрыс сияқты, – дейді Айнұр Шыңғысқызы.

Төрайымның бұл сөзіне алып қосарымыз жоқ. Расында таң атысымен сайлау учаскесінің алдына жиналған қаншама халықты көзімізбен көрдік, іштей риза болдық. Елдің ертеңіне бейжай қарамайтын осындай азаматтар барда жаңа Қазақстанды жұмыла құратынымызға сендік. Ал Айнұр Айбосынованың «Әрбір сайлаушының өз таңдауын жасауы еркінде, бірақ осыны іштей әрбіріміз азаматтық міндет санаған дұрыс сияқты» деген сөздің астарында да үлкен мағына бар. Себебі ҚР Президенті сайлауына қатысу мемлекет болашағына деген жауапкершілігіңнің басы екені даусыз.

Айта кетейік, кент орталығындағы Шекер Ермағанбетова атындағы білім ошағында орналасқан №132 сайлау учаскесінде 1810 сайлаушы дауыс бере алады. Әзірге саяси науқанға халықтың қатысу белсенділігі жоғары. Сайлау учаскесінің комиссия құрамында 7 адам бар.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: