Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сейсенбі, 23 сәуiр, 21:57

1391 жағдай тіркелген

23.05.2023

394

0

Елімізде 2023 жылдың 4 айында АИТВ инфекциясының 1391 жағдайы тіркелген. Науқастардың 66-сы – шетел азаматы. Былтыр 4 айда 1280 жағдай анықталыпты. Демек, бұл кеселді жұқтырғандар қатарында өсім бар. Ұлытау мен Қызылорда облысынан басқа аймақтарда індет жұқтырғандар қатарында өсім қалыптасқан. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аудандық психоәлеуметтік кеңес беру кабинетінің дәрігері Айман Бекниязова айтты.

Спикер адамның иммун тапшылық вирусы жаhандық сипатқа ие болып, көптеген елдердің әлеуметтік дамуына қауіп туғызып отырғанын айтады. Вирус айналымы наша­қорлар ортасынан шығып, АИТВ жұқтырғандар саны елі­мізде артқан. Сондықтан Айман Қуанқызы өзімізді және жа­қын­дарымызды АИТВ-дан қорғауымыз керек деп есептейді.
Дәрігер АИТВ-ның жұғу жолы оңай екенін айтады. Бірақ одан толық сауығып кету мүмкін емес екен. Себебі ағзаға бір енген вирус өмір бақи жүреді. ЖИТС-тің шегі жоқ, ұлт, жыныс, жас талғамайды және ол ешкімді аямайды.
– АИТВ-ның негізгі үш жұғу жолы дәлелденген. Қан және оның препараттары, қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. АИТВ жұқтырғаннан кейін бірден пайда болмайды, 3-6 айдан кейін анықталады. Себебі АИТВ бірден клиникалық көрініс бермейді, сондықтан адамдар өздерін жақсы сезініп жүре береді. АИТВ ны тек қана қанды тестілеу арқылы анықтайды. Адам бұл ауруға лайық емес. Осы індеттен өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін барлық қорғану шараларын қабылдауымыз керек, – дейді А.Қуанқызы.
АИТВ жұқпасымен күресу – аса қауіпті аурумен күресудің пәрменді шараларының бірі. Әлем ғалымдары АИТВ жұқ­пасына қарсы тиімді дәріні жасауға жұмыстар жүргізіп, біршама жетістікке жеткен, алайда осы күнге дейін ауруға қарсы нақты екпе табылмапты. Осы ретте спикер АИТВ-ның алдын алу инфекциядан сақтанудың ең тиімді және кепілдендірілген жолы, оның нәтижесі әрбір адамның мінез-құлқына байланысты деп есептейді.
– АИТВ-дан қорғану үшін жастарымыз жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір сүре білу керек. Себебі бұл індетке көбіне санасы уланған, жаман жолға түскен адамдар шалдығады. Сондықтан біздің болашағымыз жастарды өмірде дұрыс жолмен жүріп, жат қылықтардан бойымызды алшақ ұстауға шақырамын. Сол кезде ұлт болашағы жарқын, ұрпағымыз сау болады, – дейді дәрігер.
Осы ретте көзіқарақты оқырманда «АИТВ дегеніміз не?» деген сауал туындайды. Ол адамның иммунитет тап­шылығының вирусы ағзаны әртүрлі жұқпалардан қорғайтын қорғаныш жүйесін зақымдайды. Ал ЖИТС – жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы. ЖИТС – АИТВ жұқ­пасының соңғы сатысы.
Айман Бекниязова бүгінге дейін АИТВ және ЖИТС-тен толықтай айықтыратын дәрі-дәрмек табылмағанын айта­ды. Бір жұқтырылған АИТВ вирусы адам бойында өмір бойы қалады екен. АИТВ-дан толық айықтыратын ем бол­ма­са да, ағзадағы вирус мөлшерін көбейтпейтін, адам өмірін ұзартатын вирусқа қарсы препараттар бар екен. Дәрі­гер осы препараттарды үздіксіз қабылдау арқылы адам өмірін ұзартып, қаншама жоспарды іске асыруға болатынын айтады.
– Өмірде кез келген адам АИТВ жұқпасын жұқтырып алуы мүмкін, алайда жұқтыруға әкеп соғу жолдары туралы шынайы ақпаратқа сүйеніп, тәуекелден бас тарт­саң, АИТВ және ЖИТС-тың алдын алуға болады. Осы ретте бұл кеселдің жұғу жолдарын да айтып, отандас­тарымызды одан сақтануға шақырғанның зияны жоқ. Біріншіден, ол қан арқылы жұғады. Яғни АИТВ-мен зақым­данған донордың қанын құйғанда немесе мүшелері мен ұлпаларын салғанда адам бұл кеселге шалдығады. Қан тамырына есірткіні енгізген кезде бір инені бірнеше адам қолданғанда, медициналық манипуляция кезінде залалсыздандырылмаған құралдарды пайдаланғанда да дерт жұқтырып алуы әбден мүмкін. Екіншіден жыныстық қатынас арқылы да бұл кесел тарайды. АИТВ жұқтырған анадан балаға берілуі де мүмкін. Оны жұқтырған анадан баласына жүктілік кезінде, босанғанда және емізу кезінде жұғады, – дейді дәрігер.
Спикер «Адамның АИТВ жұқтырғанын қалай білуге болады?» деген БАҚ өкілдерінің сауалын да жауапсыз қалдырмады. Оның жауабына сүйенсек, адамның АИТВ-мен зақымданғанын сыртқы келбетінен, жасы, жынысынан білу мүмкін емес. АИТВ жұқпасын қанды зертханалық зерттеуге тапсыру арқылы ғана анықтауға болады. Ағзада қоздырғыштың бар екені қоздырғыштың табылғанынан емес, оған қарсы өндірілген антидене пайда болғанда анықталады. Көпшілік жағдайда АИТВ жұқтырған соң 3 айдан кейін анықталады. Бұл кезең «терезе кезеңі» деп аталады, өйткені тест жүйесімен анықтау ағзаға антиде­нелердің керекті мөлшерде өндіру 3 айға дейін мерзімді қажет етеді.
Айта кетейік, жыл сайын әлемнің барлық елдерінде мамыр айының үшінші жексенбісі ЖИТС-тен қайтыс болған­дарды дүниежүзілік еске алу күні аталып өтеді. Бұл шараның мақсаты – ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу, АИТВ және ЖИТС-пен өмір сүретіндерге қолдау көрсету, АИТВ-ның бар екенін еске салу, қоғамды АИТВ және ЖИТС пен күресуге жұмылдыру.
Бұл күні адамдар өздерінің ЖИТС індетінен қайтыс болған достарын, жақындарын еске алып, АИТВ/ЖИТС-қа шалдыққандарға қолдау көрсетуге тырысады. Ең алғаш ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында аталып өткен. Содан кейін ЖИТС-ке қарсы күрес символы қызыл лентаны суретші 1991 жылы сәуірде Фрэнк Мур ойлап шығарды. Қызыл лента ЖИТС пен күресудің символына айналып, дертке шал­дыққан адамға деген ынтымақтастықты білдіреді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: