Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 29 наурыз, 20:01

3 млн долларға жуық қаражат аударылды

14.02.2023

205

0

«Қазақстанда соңғы 3 күнде жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған 1 миллион 28 мың 706 доллар көлеміндегі қаражат AFAD-тың ресми шотына аударылды. Осылайша қайырымдылықтың жалпы сомасы 2 миллион 849 мың 836 долларды құрады» делінген Астанадағы Түркия елшілігінің хабарламасында.

Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде екі күшті жер сілкінісі болды, сонымен қатар Сирияның бірнеше провинциясы зардап шеккен.
Қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 33 мыңнан асты. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. БҰҰ мәліметінше, құрбандар саны 50 мың адамнан асуы мүмкін. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 7 ақпанда жер сілкінісі салдарын жою үшін Алматыдан Түркияға ұшып кетті.
Жер сілкінісі елге 70 миллиард доллардан астам шығын әкелді. Сондай-ақ жұмыс күшінің жоғалуы түрік экономикасына үш миллиард доллар шығын әкеледі.
Қазіргі таңда қазақстандық құтқарушылар Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілген күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 67 адамның, оның ішінде 6 баланың денесі үйінді астынан шығарылған.
Қазір Қазақстан ТЖМ құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Газиантеп қаласына бірінші эшелонмен барған құтқа­рушылар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жұмыс істеп жүр. Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасады. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 14 қаза тапқан адамның денесі шығарылған.
Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Нысан толығымен демонтаждалды. Инженерлік техниканы, авария­лық-құтқару жабдықтарын, қарапайым аспап­тарды қолдана отырып, 10000-нан астам текше метр үйінді арасы ашылды. Демонтаждауға жұмыл­дырылған бөлімше жұмыс жүргізіліп жатқан 1 және 3 учаскелерге бөлінді. Қайтыс болған 19 адамның денесі шығарылған.
Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінді­лердің арасынан адамдарды іздеу жұмыс­тары жүргізілуде, қайтыс болған 22 адамның денесі шығарылған.
Қазақстан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нур­дагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Толығымен қираған ғима­ратта қазақстандық құтқарушылар адамдар­дың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды, яғни бір ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық көмек алды. Қайтыс болған 8 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік тех­ника пайдаланылып жатыр. Үйінділердің арасы­нан адамдарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: