Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері көкжөтел ауруының зертханалық дәлелденген 3 жағдайы тіркеліп отыр. Ал 2023 жылы бұл сырқат түрімен 1 жағдай анықталған. Мамандар барлығы балалар және көкжөтелге қарсы екпе алмағандар екенін айтады. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзираш Айымбетова да БАҚ өкілдерімен өткен брифингте індеттің алдын алуда екпенің маңыздылығына мән берді.
Спикердің айтуынша, көкжөтел – балаларда жиі кездесетін және жылдам таралатын тыныс жолдарының жұқпалы ауруы. Науқас бала жөтелгенде бактериялар оның демі мен қақырығы арқылы ауаға тарап, ауру сау балаға жұғады. Сонымен қатар сырқат баланың пайдаланған ойыншығы, ыдысы арқылы да жұғуы мүмкін. ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетова көкжөтел ауруының белгілеріне де тоқталып өтті.
– Көкжөтелдің пайда болу себептері бактерия жөтелгенде немесе сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғады. Сондықтан бұл ауруды науқаспен байланыста болған барлық адамдар жұқтыруы мүмкін. Әсіресе көкжөтел балабақшада жылдам таралады. Ал ересектерде кейде бұл ауру еш белгі бермейді, бірақ олар тасымалдаушы болады. Көкжөтелге қарсы туабіткен иммунитет жоқ, сондықтан оны кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Әдетте көкжөтел 6-7 аптаға созылады. Аурудың жасырын кезеңі 2-15 көбінесе 5-7 күнге дейін созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі. Мұрны бітіп, ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді, әсіресе түнге қарай жиі жөтелген кезде бала булығып қысылады. Қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптаға, кейде 2 айға дейін созылады. Содан кейін көкжөтелдің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азаяды, бала 2-3 апта жәй жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады, – дейді Гүлзираш Айымбетова.
Басқарма басшысының айтуынша, көкжөтел ауруымен 7 жасқа дейінгі балалар, көкжөтелге қарсы екпе алмағандар және жұқпаны тасымалдаушымен үнемі байланыста болғандар тез ауырады. Кез келген жұқпалы аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе егу.
– Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, сәбилерге қойылатын алғашқы вакциналардың бірі – AбКДС, балаларды 3 аурудан, яғни дифтерия, сіреспе және көкжөтелден қорғайды. Көкжөтелге қарсы ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес аурудың алдын алу үшін 2,3 және 4 айлығынан бастап балаларға жоспарлы профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары жүргізіле бастайды. Одан әрі қарай балаға 1 жас 6 ай және 6 жасқа толған кезде ревакцинация, яғни қайталап егу жүргізіледі. Көкжөтел ауруының асқынуы тыныс жолдарының, мидағы қан айналымының бұзылуына және баланың басқа да организміне қауіпті ауруларды әкелуі мүмкін. Бір жасқа дейінгі емізулі балалар үшін көкжөтел ауруы қауіпті, сондықтан ауруға қарсы екпені мүмкіндігінше белгіленген мерзімде алуға кеңес береміз, – дейді Гүлзираш Айымбетова.
Айта кетейік, жыл басынан бері бұл инфекцияға қарсы екпе алмаған балалар арасында да көкжөтел ауруы көбейген. Мәселен, елімізде 159 көкжөтел тіркеліп, оның 148-і көкжөтелге қарсы егілмегендер қатарынан және жұқтырғандардың барлығы балалар екені анықталған.
Қазір ел ішінде кез келген ауруға қарсы вакцинаға байланысты кері көзқарас қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Мұндай түсінік 2019 жылы тарала бастаған коронавирустан кейін қалыптасқан еді. Бірақ кереғар түсініктің елге тек зияны тигенін де жақсы білеміз. Тіпті уақытылы адамдарға салынатын вакцинадан да бас тартатындар қатары артты. Сәйкесінше жұқпалы аурулар да көбейгенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл сөзімізге өткен жылдың соңында елді қызылшаның қаулауы дәлел болады. Сондықтан әлеуметтік желіде желдей ескен бейресми ақпаратқа емес, мамандар кеңесіне құлақ асқан абзал екенін түсіну керек.
Ақтоты Бүркітбай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!