Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 11:57

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

07.05.2023

797

0

Бүгін қазақстандықтар Отан қорғаушылар күні мейрамын атап өтуде.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президентінің Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлығы жарияланды. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған.

Бұл – ел тыныштығын қорғап, бейбітшілікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілерді құттықтап, құрмет көрсететін күн.

Айта кетейік, Қазақстан қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушылар күні – қыз-келіншектердің де мерекесі.

Қазақстан әскері үш түрлі құрылымнан тұрады. Атап айтқанда, құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.

Атаулы күн қарсаңында еңбегі сіңген сала мамандарына әскери атақтар беру және ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру дәстүрге айналғанын атап өту қажет.

Қазақстандық әскери қызметшілерге қатысты бірер күн бұрын белгілі болған жағымды жаңалық, келер жылдан бастап әскери атақ үшін төленетін жалақы 30 пайыз өседі.

«Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлықақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатыр. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек», – деді Президент 5 мамырда елордада өткен бүкілармиялық кеңес отырысында.

Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүрге сай Мемлекет басшысы биыл да бірқатар әскери қызметшіні марапаттады.

Айта кетсек, Қорғаныс министрлігі 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Жеңіс күніне орай әскери шерудің өтпейтінін хабарлаған еді. Оған себеп – бюджет қаражатын үнемдеу. Дегенмен, ведомстводан аталған мейрамға орай, әскери-патриоттық іс-шаралардың жоспарланғаны мәлім етілді.

Еске салайық, 5 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бүкілармиялық кеңестің отырысы өтті.

Жиында 7 мамыр – ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні қарсаңында өтетін жиын барысында әскери саланы дамытуға және әскер дайындығына, Қазақстан армиясын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға қатысты мәселелер қарастырылды.

Президент бүкілармиялық кеңес барысында қорғаныс саласына қатысты бірқатар мәселені көтеріп, жаңа міндеттер жүктеді.

«Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: