Он жылдық тәжірибе оны жұмыссыз қалдырмады, оның үстіне қазір жұмысшы мамандықтар сұраныста, ал дала жұмысында майталман механизатор – таптырмас маман. Бұл сөзімізді Мақсат Мұхамедқалиұлының еңбек жолы қуаттай түседі. Он жылда ол қаншама шаруашылықта жұмыс істеді, бұны тұрақсыздық деу қате болар, өйткені Мәкең – жас та болса тәжірибелі маман. Сондықтан еңбек адамын жергілікті шаруашылықтар таласа жұмысқа шақыруда.
Кейіпкеріміз бүгінде ең алғаш жұмысқа орналасқан шағын әлі де ұмытпаған. «Егіншінің баласы арық қазып ойнайды» деген сөз осы Мәкеңе қаратып айтылғандай. Әкесі Даңмұрын Мұхамедқали – осы салада өзінің қолтаңбасын қалдырған білікті маман. Тіпті Мақсаттың ауыл шаруашылығына келуіне де асқар тау әкесі себепкер болған.
Даңмұрын Мұхамедқалиды Бұқарбай батырда білмейтін адам жоқ. Иә, ол адал еңбегімен елдің аузында жүрген азамат. 1988 жылдан бері техника тізгіндеген майталман механизатор баласын да трактор айдауға бейімдейді. Қасына көмекші қылып жұмысқа алып, техника тізгіндеудің қыр-сырын үйретеді. Қазір әкеден жиған тәжірибе оған азық болуда.
– Әкем – ауылда ең алғаш мол өнім жинауда чемпион болған азамат. Қазір сол кісінің ізін басып келемін. Шүкір, әкемнен біраз тәжірибе жинадым, қазір соның жемісін көріп отырмын. Ауылдық жерде жұмыс табу қиын ғой, бірақ мен соңғы 5 жылдықта ешкімнің алдына жұмыс сұрап барған емеспін. Керісінше шаруашылық басшылары өздері іздеп келеді, – дейді ауыл еңбеккері.
Мәкең алғаш еңбек жолын 10 жыл бұрын «Шағырай» шаруа қожалығында бастаған. Ол кездегі қиыншылықты кезінде қандай бейнетпен еңсергені белгілі ғой. Бастысы, бүгінде соның барлығын күліп еске алады. Осыдан 10 жыл бұрын заманауи техникалардың енді қолданысқа енген кезі, бірақ Мақсат жұмыс істейтін шаруашылықтың ол кезде техникалық базасы 80-85 пайыз көне техникаға толған. Оның бір сөзі бізге үлкен ой салды, «не нәрсені де қиыннан бастау керек» дейді майталман механизатор.
– Не нәрсені де қиыннан бастау керек, олай дейтінім, бұрын шаруашылықта барлық күнің қайнаған жұмыспен өтетін, сала жұмысы өте ауыр. Азаннан кешке дейін шаңның ортасында жүреміз, техниканың жүруінен тұруы көп. Сонда әкеме таңқаламын, бұзылған көлікті іске қосуда бүкіл жұмысты маған айтып отырып жасатады. Сол кезде сәл іште реніш болған, мәнін енді түсініп отырмын. Шындығында, ол кісі маған жұмыста балам деп қараған жоқ, керісінше тек көмекші ретінде тәрбиеледі. Оның әрбір айтқан ақылы бүгінде маған азық болды, – дейді кейіпкеріміз.
Кез келген механизатор мол өнім жинауда чемпион болмасы анық, міне, үйдегі, түздегі бала тәрбиесіне қарап Даңмұрын Мұхамедқалидың қандай адам екенін, оның чемипондыққа әбден лайықты болғанын түсіне қойдық. Ол тек баласының ғана болашағына еңбек еткен жоқ, тұтас қазақ елінің ауыл шаруашылығына білікті кадр даярлады.
Бүгінде Мақсаттың астында сужаңа техника, барлық ауыр жұмысты сонымен еңсереді, тіпті баяғыдай шаң-тозаңның астында жүрмейді. Себебі оның азаннан кешке дейін жұмысы техниканың ішінде өтеді. Ал қазіргі техниканың қалай жарақталғаны айтпаса да түсінікті, ішінде салқындатқыш, былғары салон, сыртқы дыбыс ішке мүлде естілмейді, дала төсінде емес, тура жеңіл көлікпен айнадай тегіс жолда сапарға шыққандайсың.
Иә, ол әкесінің ізін басып, осы салаға келгеніне мүлде өкінбейді, керісінше қуанады. Қазір Мақсат аяқсу келетін арықтар мен каналдарды ретке келтіріп, диқандардың жаздай еркін күрішін баптауға жұмыс жасап жатыр. Ал күзде комбаинға отырады. Биыл ол ауылдағы «Ахон» шаруа қожалығына жұмысқа тұрды. Төраға Ақылбек Мейрамбекұлы да оның жұмысқа жауапкершілігін, табандылығын жоғары бағалап отыр.
– Шүкір, осы еңбеккерлердің арқасында алдағы науқанда мол өнім аламыз. Барлық межеміз осы, соған бүгіннен дайындықты бастап кеттік. Әрқайсысы өз ісінің кәнігі маманы десе де болады. Соның ішінде Мақсат Мұхамедқалиұлы да бар. Оның шаруашылықта құлықсыз жұмыс жасауға да хақысы жоқ, себебі әкесінің ауыл шаруашылығы саласында қалдырған қолтаңбасы бар. Өзі де бүгінде сол кісідей білікті маманға айналды. Қазір бізде жас мамандар көп, соның бірі – Мақсат. Иә, ол – өзі жас болса да еңбекте тәжірибелі, кәнігі маман, сонысына қызығып жұмысқа алдық, қазір бұл шешіміме еш өкінбеймін, – дейді төраға.
Мәкең өз жұмысын шабытпен жасайды, басшылық та онысына құрметпен қарап отыр. Артылған сенімді ақтап, адал еңбек ететін осындай жастар қай салаға да қажет.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!