Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аудан орталығындағы бірқатар сауда орындарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді.
Мониторинг облыс әкімінің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін сатып алынатын азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін және тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес ұйымдастырылды.
Аудан әкімі кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгіленген шекті деңгейден асырмау, әр тауардың бағасын нақты әрі көрнекі түрде көрсету, сондай-ақ өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шекті деңгейден асырмау – тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл бағыттағы талаптар қатаң сақталуы тиіс», – деді А.Ибраимов.
Бүгінгі таңда аудан бойынша ірі және шағын сауда нысандарында жалпы көлемі 572 тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Тұрақтандыру қорында жинақталған азық-түлік өнімдері де аудан тұрғындарына қолжетімді, төмен бағамен ұсынылуда.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы сатып алынған ауыл шаруашылығы өнімдері аудан тұрғындарына жеңілдетілген бағамен сатылуда.
Алдағы уақытта да облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаға бақылау жүргізу жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!