Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 08 мамыр, 07:57

Әлеуметтің әлеуеті артады

09.02.2021

298

0

Елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу, жұмыссыздар санын азайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту күн тәртібінен түспейді. Өйткені өркениетке қадам басу үшін, алпауыт елдермен иық тіресу үшін, кемел келешекке қол жеткізу үшін халықтың тұрмыс сапасын арттыру маңызды. Себебі әлеуметтің әлеуеті артпай, дамуға бағыт түзей алмаймыз. мемлекеттік бағдарламалардың барлығы да әлеуметтік салаға бағытталуының себебі осында.

Жалпы жұмыссыздық кедейшілік деңгейін арттырып қана қоймай, жоқшылықтан титықтаған кез келген адамға психологиялық күйзеліс әкелуі де мүмкін. Мұндай жағдайда бір азамат қана емес, бүкіл отбасы мүшелерінің өмірге деген көзқарасы өзгеріп, тіпті кей жастар жұмыссыздықтан басына түскен қиындықты ақылға жеңдіре алмай тығырыққа тіреледі. Ал кей отбасында дәл осы мәселе шешілместей көрініп, шаңырақ шайқалатын да кездер кездеседі. Неге барлығы жұмыссыздыққа келіп тірелетініне жауап іздеудің де қажеті жоқ. Өйткені қазір нарық заманы, қымбатшылық. Бұрынғыдай қазақылыққа салынып, тіпті жақыныңа да қол жая алмайсың. Адамның бәрі нанталап тірліктің соңында таңнан кешке дейін жүргендіктен біреудің біреуге қарайласуға көп ретте мүмкіндігі де бола бермейді. Не де болса екі қолға бір күрек табу керек, отбасын асырау керек. Бұл тұрғыда біздің қоғам қатігез демейміз. Тек халыққа сауаттылық болса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы алдына мақсат қойып, өз ісін бастауына мүмкіндік бар. Әдепкіде демеп жіберетін бұл бағдарламалардың тиімді тұсы көп түсінгенге. Жалағаш халқының бұл тұрғыда айы оңынан туып тұр деуге болады. Мұны жыл сайын өз мақсатына қадам басып, ойындағы арманын шындыққа айналдырған, кәсібін қолға алғандар қатары артқанынан байқаймыз. Бастысы, ниет болса болғаны. Тиыннан теңге құрап, шағыннан басталған кәсіптің көкжиегін кеңейтуге де болады. Ауданда әсіресе «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін біршама жоба қайтарымсыз грантпен қаржыландырылды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген бағдарлама осылайша жұмыссыз жандардың өз ісін бастауына үлкен көмек беруде.

Ал аудандағы жұмыссыздық жайына келетін болсақ, жалпы халық арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды көрсетеді. Дегенмен өткен жылы осы мәселені шешу жолға қойылды. Атқарылған шаруалардың нәтижесінде 1428 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздар саны едәуір төмендеді. Ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 496 отбасына тағайындалып, осынша отбасы тұрмысын түзеуге, балаларының білім алуына толыққанды жағдай жасауға мүмкіндік алды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан бері 2012 адам қатысушылар құрамына енгізілген. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқуға да тиісті қаржы қаралып, 44 адам мерзімдік оқуды аяқтаған болатын. Оның ішінде 37 азамат жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жүзден аса жұмыссыз адамға тиісті мөлшерде жеңілдетілген пайызбен несие бе­рілсе, жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін екі жүзден аса кәсіп бастаушыға мемлекеттік грант беріліп, өз кәсіптерін ашуға қолдау көрсетілді. Үшінші бағыт – әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс аясында мың жарымға жуық адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық мәселесі біршама оң шешімін тапты.

Айта кету керек, енгізілген төтенше жағдайға байланысты азық-түлік, тұрмыстық қажеттілікті өтеу мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, үш мыңнан аса адамға төленген.

Негізі «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір» дейміз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-эканомикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешуде алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты шешуді қолға алған тиімді. Әсіресе жас отбасылардың өмірден өз орындарын табуына, көшке ілесіп, ел қатарлы тұрмысын түзеуіне мүмкіндік берілгені жөн. Бұл тұста жастарға арналған бағдарламалар мен қолдауды жандандыру, то­ластамауын қатаң қадағалау ма­ңызды. Тұрақты жұмыспен қам­тылған, өз қарым-қабілетін жан-жақты дамытуға бел буған, барлық жағынан бәсекеге қабілетті жастар қоғам үшін де пайдалы болмақ.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: