Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Жексенбі, 13 сәуiр, 21:17

Аяқсудан тапшылық жоқ

08.04.2025

138

0

Соңғы жылдары егін шаруашылығымен айналысатын өңірлерде аяқсу тапшылығы басты мәселеге айналғаны жасырын емес. Соның салдарынан кей жылдары өнім де аз болып, диқандардың көңілі көншімеді. Бұл мәселені түбегейлі шешу қиын болса да, ғалымдар мен мамандар мұны ғылыммен ұштастырып, аяқсуды үнемдей алатынына сенімді. Бастысы, алаңдауға негіз жоқ. Өзбекстанда өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті отырысында еліміз үшін вегетация кезеңіне су лимиті белгіленген.

Сырдария арқылы 3,7 млрд текше метр су өтеді

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Қазақстан биыл суару кезеңінде Сырдария өзені арқылы шамамен 3,7 млрд текше метр су алады. Нақтырақ айтсақ, Үкімет Өзбек­стан, Тәжікстан және Түрікменстан мем­­лекеттеріндегі әріптестерімен осы мәселе жө­нінде келісімге келген. Ал «Достық» мемлекетаралық арнасы ар­қы­лы суару ке­зеңінде елге 909 млн текше метр су келеді. Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберу жос­пар­ланып отыр.
Сала мамандарының айтуынша, қазір тасқын суды өзен-көлдерге ба­ғыт­­тап, оны су қоймаларына жинау жұ­мыстары жүруде. Алайда оң­түстік ай­­мақтарға ке­летін болсақ, су дипло­матиясы өте маңызды. Жазғы суару ке­зеңіне да­йын­дық аясында Үкімет мү­­шелері был­тырдан бастап келіссөз жүргізген.
Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су Шардара қоймасына жина­лып, оңтүстік облыстардың шаруаларын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Былтыр суды тиімді бөлу, су үнемдеу технологияларын енгізу және көрші ел­дермен уақтылы келіссөз жүргізу ар­қылы шаруа қожалықтары суармалы суға деген қажеттіліктерін толық қа­нағаттандырды.
Еске салсақ, өткен жылдың қазан айынан осы жылдың 1 сәуіріне дейін Өзбекстан Қазақстанға 12,6 млрд текше метр су жіберген. Бұл жоспарланған көлемнен 1,7 млрд текше метрге артық.

193,7 мың гектарға егін егіледі

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мә­лі­метінше, биыл Сыр өңірінде 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның 85,9 мың гектары негізгі да­қыл күрішке тиесілі. Өткен жылмен салыс­тырғанда жалпы егіс көлемін 4 300 гектарға, оның ішінде күріштің көлемі 350 гектарға және егісті әрта­раптандыру мақсатында мал азықтық дақылдарды 3 400 гектарға, майлы дақылдар 710 гектарға ұлғайса, кар­топ, көкөніс, бақша дақылдарын 118 гектарға азайту межеленуде.
Бүгінде аймақта ерте егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі да­қыл күрішті сәуір айының үшінші онкүн­дігінде бастау межеленіп отыр. Көктемгі егіске облыс бойынша 22,2 мың тонна күріш тұқымы құйылған. Қазіргі таңда күріш тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек биыл егіске қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі 64,6 мың тоннаны құраса, қазіргі таңда оның 57 мың тоннасы сатып алынған.

«Кеңдала-2» шаруаларға көмек болды

Әрине, егін мол шығу үшін техника да жарақты болуы шарт. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, көктемгі және күзгі егіс жұмыстары кезінде шаруаларды қолдау мақсатында «Кеңдала-2» жеңіл­детілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Бұл – егіс жұмыстарына қаражат таппай, көп пайызды несиеден қиналған шаруалар үшін үлкен кө­мек. Бағдарлама аясында несиенің кепілдеме ретінде 85 пайызы «Даму кә­сіп­керлікті қолдау қоры» тарапынан қаржыландырылады.
Биылғы көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге «Кең дала-2» бағдарламасы шеңберінде облыс бо­йынша қараша айынан бастап құ­жат­тар қабылдануда. Бүгінгі күнге «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ арқылы 7,8 млрд теңгеге 63 ша­руа­шы­лықтан өтінім түсіп, 12 ша­руа­шылыққа 3,6 млрд теңгеге, ал «Фридом Банк Қазақстан» АҚ арқылы 3 шаруа­шылыққа 2 млрд теңге несие берілді. Жалпы көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 15 шаруашылық 5,6 млрд теңгеге қаржы­ландырылса, «Даму» қоры арқылы бар­лығы 10 шаруашылыққа 2,9 млрд тең­геге кепілдеме берілген.

26 техника сатып алынды

Жалпы аудан бойынша биыл 36 780 гектарға егін егу жоспарланған. Бүгінде көктемгі дала жұ­мыстарын оңтайлы мерзім ішінде жүргізуді қамта­масыз ету үшін шаруашылықтармен қолда бар техникаларды толық дайындау жұ­мыстары жүруде.
Аудан шаруа­шылықтары тех­ни­ка­сын жаңартып келеді. Былтыр 1670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы тех­ни­касы сатып алынды. Ал өткен күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.
Сонымен қатар барлық су ны­санын толық дайын­дыққа келтіруді, су жолдарын таза­лау, оның ішінде егіске қажетті тұқымдар, мине­рал­дық тыңайт­қыштар, гербицидтер және ди­зель отыны­мен дер кезінде қамтамасыз ету де басты назардан түспеген. Осы орайда Жа­лағашта аймақ басшысының тапсырмасына сәй­кес суды аз қажет ететін дақыл­дарды көбейтуге басымдық бе­рілді. Былтыр егіс алқабы 597 гек­тарға артты. Осы жетістіктердің нәтижесінде ауданның бірқатар ша­руа­шылығы мен қыз­меткерлері озат атанып, арнайы жүлделермен марапатталды.

Күріштіктен шыққан суды
кәдеге жаратқан

Айта кетейік, былтыр егінді сумен қамтамасыз ету үшін ауданға қажетті су көлемі 820 млн текше метрді құ­рады. Оның ішінде егінге 664 млн текше ме­тр, экологиялық қажеттілікке 156 млн текше метр қажет болды. Вегета­­циялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілді. Алайда аудан­да­ғы бірқатар шаруа қожалықтың «Жа­лағашсушар» өнді­рістік учаскесіне су жет­кізіп беру қызметіне қарызы 305,9 млн теңгені құрап, төленуге тиісті қар­­­жының 42,8 пайызы өтелмеген. Жер­гілікті би­лік­тің айтуынша, бұған қа­­тысты бүгінде тиісті жұмыстар атқа­рылуда.
Сон­дай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожа­лығы шалғайдағы Ақ­қырды өндіріске қо­сып, ауыл халқына жұмыс берді. Енді аққырлықтар бұрын­ғыдай тек мал ша­руашылығымен емес, егін де егеді. Нақтырақ айтсақ, былтыр елді мекенде 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тартып, күріш еккен бо­латын. Суды үнемдеудің тың тәсілі ретінде Мақпалкөл ауылының күріш­тігінен шыққан суды қайта кәдеге жа­ратқан.

Ж.АРЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: