Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі. Бұл ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы, организмнің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Бұған дейін тасымалдаушысы кене болатын конго-қырым қандыбезгегі турасында сөз еткен едік. Енді Жалағаш аудандық СЭББ басшысының міндетін атқарушы Г.Айымбетова брифинг өткізіп, жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу, аурудың белгілері туралы кеңінен ақпарат берді.
Жаз, күз мезгілдерінде жіті ішек жұқпаларымен ауыратын науқастар саны көбейе түседі. Өйткені бұл мезгілдерде ауа-райының жылып, күннің ыстық болуы ауру қоздырғыштарының сақталып қана қоймай, тез бұзылатын тағам түрлері ет, сүт, балық өнімдерінде, салаттарда, кремді, кондитерлік өнімдерде көбейе түсуіне қолайлы әсер етеді. Сонымен қатар жаз, күз мезгілдерінде топырақпен, тыңайтқыштармен ластанған көкөніс, жеміс-жидектерді жумай жеу аурудың көптеп тіркелуіне себеп болады.
Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, жұқпалы жедел ішек инфекциясының алғашқы белгілеріне іштің жиі, су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, нәрестенің емуден бас тартуы, асқа тәбетінің болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы жатады. Науқаста қайталамалы құсу орын алып, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені ағза өз тіршілігіне қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан дәрігерге көріну керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты молынан көбірек ішкізген жөн. Маманның сөзінше, өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы да мүмкін, тіпті созылмалы формаларына ұласуы да ғажап емес.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, дамушы елдерде жыл сайын 1 млрд ішек аурулары тіркеледі, олардың ішінде 5 жасқа дейінгі балалардың үлесі 65-70 пайызды құрайды. Жыл сайын диареядан 3 млн бала көз жұмады. Бұл жұқпалы ауру әлемде және біздің елімізде де ең көп таралған. Бұл аурумен барлық жастағы адамдар ауырады. Бірақ аурудың қауіптілігі 2 жасқа дейінгі балалар үшін өте жоғары деп есептеледі.
– Ауданымызда биылғы жыл басынан 11-ші шілде аралығында ЖЖІИ-ның алғашқы диагнозымен 71 жағдай тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 197,6 құрады. Сырқаттанушылықтың 81,6 пайызы 14 жасқа толмаған балалар үлесінде болып, оның 22,4 пайызы 1 жасқа толмаған және 32,7 пайызы 1 жастағы сәбилер құрады. Ал жұқпалы жедел ішек аурулары асқазан-ішек жолдарының қабынуымен сипатталатын патогенді, шартты патогенді бактерия, вирустан болатын, диареямен, адам ағзасының уыттануымен және сусыздануымен сипатталатын әртүрлі жұқпалы аурулар тобы. Жедел жұқпалы ішек ауруларының тобына дизентерия, іш сүзегі, А, В паратифтері, тағамдық токсикоинфекция, сальмонеллез, гастроэнтериттер жатады. Жоғарыда аталған жұқпалы ішек аурулары бір топқа жатқанымен, ауруларды әртүрлі қоздырғыштар тудырады және олар әрқалай өтеді, – деген Г.Айымбетова аталған ауру әлемде кең таралған дерттердің бірі екенін де жасырмады. Яғни инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп тарайды. Тағы да қайталап өтейік, инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, яғни жуылмаған көкөніс, пісірілмеген сүт, сапасыз, шала пісірілген тағамдармен тамақтануда, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішу, лас суға түсуден де жұғуы мүмкін. Ал жаз айларындағы негізгі тасымалдаушысы шыбын.
Брифингте айтылған мәліметтерге сүйенсек, жұқпаның негізгі көзі – науқас адам.
Маманның сөзінше бұл дерттің алдын алудағы бірден-бір жол – сақтық шараларын қатаң сақтау. Өйткені барлығы денсаулыққа немқұрайды қараудан, салғырттықтан болатыны даусыз. Ал науқастары саны бойынша алдыңғы тізімде тұрған жұқпалы жедел ішек инфекциясының алдын алу шаралары аса қиындық туғызбайды. Мәселен, сәбилерді 1 жасқа дейін тек қана ана сүтімен қоректендіру, жеке бас тазалық шараларының қарапайым қағидаларын сақтау, суды тек қайнатылған түрде, сүтті пісіріп ішу, көкөністер мен жеміс жидектерді мұқият жуу, қайнаған сумен шаю, ас дайындауға, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су көздерін пайдаланбау, дайындалған тағамдарды ашық қалдырмау, исі, дәмі, сақтау мерзімі бұзылған азық-түліктерді пайдаланбау, тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау, жиналып қалған лас- қоқыстарды уақытылы тазалап отыру, ауру тасымалдаушы болып табылатын шыбындарға қарсы есік, терезелерді торлау, әртүрлі дәрілерді пайдалана отырып жою, балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау аталған дерттен сізді сақтайды. Ең бастысы ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз.
Брифинг барысында айтылған аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы белгілері қарапайым болғанымен, әлемде осы аурудың өршіп тұрғанын айтады маман. Тағы айта кететін жайт, жұқпаның негізгі көзі науқас адам, сондай-ақ ауру тасымалдаушылары болып табылады. Су, тағам және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы таралады. Сондай-ақ бала күтімінің нашарлығы және сәбилерді қосымша тамақтандыру кезінде ас дайындаудағы тиісті ережелердің сақталмауы аурушаңдықтың сәбилер арасында тіркелуінің негізгі себептері болып отыр. Көбіне екі жасқа толмаған нәрестелер арасында инфекция көптеп тіркелетінінің бірден-бір себебі де осы.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!