Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сейсенбі, 16 сәуiр, 16:03

Байрақты бәсекеде топ жарды

11.12.2022

367

0

Қазіргі таңда елімізде спорт саласына баса назар аударылып келеді. Нәтижесінде саңлақтарымыз түрлі әлемдік додаларға қатысып, Қазақстанның көк байрағын биіктен желбіретіп жүр. Аудан көлемінде де бұқаралық спортты, ұлттық спорттық ойындарды дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. 

Иә, Жалағашта қарқынды дамыған салалардың бірі де бірегейі – спорт. Әсіресе соңғы жылдары ауданда сала саңлақтары үлкен додаларда топ жаруды дәстүрге айналдырды. Міне, мұның бәрі – бірінші, салаға көрсетілген қодаудың нәтижесі. Онан кейін сол қолдауды шын сезініп еңбек еткен қызметкерлер мен бапкерлердің жемісті еңбегінің арқасы. Әрине, бұл жолда үлкен ізденісте болған саңлақтардың орны бөлек.

Сыр елі, оның ішінде Жалағаш өңірінен талай тарландар мен таланттар шыққаны белгілі. Табиғат бойын күш-қуат, талант берген ұл-қыздарымен туған жердің мәртебесі қашанда биік. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»  дегендей, жарыс болған соң жеңіс болады, жеңіліс болады. Бірақ, кім де болса жарысқа жеңемін деп барады. Сондай «жеңемін» деген ішкі арман-мұраттары мықты болса, жеңіс тұғырына көтеретіні анық. Ал әрбір жарысқа деген тыңғылықты дайындық пен рухани күш-жігер өз алдына. Соңғы жылдары жалағаштықтар спорт саласында биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем етуде. Бұған дау жоқ, оған саладағы жетістіктер легі дәлел бола алмақ. Бөлімнің жұмысының жүйелілігі, жас спортшылардың ынта-ықыласы мен жаттықтырушылардың табандылығы аудандағы осы саланың өркендеуіне серпін болуда. Әсіресе жуырда ғана онжылдықты қорытындылаған «Наркескен» спорт клубының сала саңлақтарын шыңдауда жасаған еңбегі ұшантеңіз.

 Қарашаның алғашқы онкүндігінде Индияның Нью Дели қаласынан тағы бір жағымды жаңалық жетті. Онда өтіп жатқан гір спортынан әлем біріншілігінде жерлесіміз, аймақ мақтанышы Қайсар Төлеген жеңіс тұғырынан көрініп, тұтас мемлекеттің мерейін үстем етті. Байрақты бәсекеге әлемнің 30 мемлекетінен 800-ге жуық спортшы қатысса, оның жүзге жуығы – қазақстандық спортшылар. Білектілер сайысында саңлақтар 63-тен 95 келіден жоғары салмақ арасында өзара мықтыны анықтады. Жерлесіміз Қайсар Төлегенұлы бұл додада 73 келі салмақта сынға түскен. Қайсардың бапкері – қазір аудан халқының ауызында жүрген Абдулхасан Сейтенов. Иә, бұлай дейтіндей жөніміз бар, бүгінде гір спорты хақында қоғамда әңгіме өрбісе, жас та болса, осы білікті бапкердің есімі елдің ауызында қатар жүреді. Сөзінен ісі алда жүретін азаматтың өзі де бүгінге дейін талай байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп, көк туымызды биіктен желбіреткен болатын. Азияны екі мәрте бағындырған спортшының бапкерлік қабілетіне ешкімнің сын таға алмасы хақ. Кешегі дүбірлі додада Қайсар Төлеген гір тасын ұзын циклды серпе көтеру бойынша сынға түскен болатын. Бұл сайыста қатысушыларға 10 минут уақыт берілген. Осынша уақытта 32 келілік 2 гір тасын 45 рет бағындырған мақтанышымыз үздік үштікті түйіндеді. Ал бірінші және екінші орындарға ресейлік спортшылар жайғасыпты.

Туған жерінен үлкен күш-жігермен аттанған спортшылар намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Аудан мерейін асыруда, абыройын асқақтатуда маңдай термен, білектің күшімен сынға түсетін әрбір спортшының еңсесі биік болуы керек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, біздің міндет аламанға аттанған әр саңлақтың тілеуін тілеу, жігерін жасытпай қайратын қамшылау.

Ал жерлесіміз бұл жетістігін бапкермен жасаған ұзақ жылдық жаттығумен байланыстырады. – Жалпы гір спортымен 7 сыныптан бері айналысып келемін. Мені сол уақыттан бері бапкерім Абдулхасан Жанатұлы жаттықтырады. Сол білікті бапкерімнің берген тәлімінің арқасында бойдағы күшті қабілетпен байланыстырып, бұған дейін де талай додаларда жеңіс тұғырынан көріндім. Салада жеткен барлық жетістігім сол жаттығу залында өткен күндердің жемісі деп білемін. Бұл жеңісімді барша отандастарыма арнаймын. Алдағы уақытта мұнан да биік белесті бағындыруға тырысамын. Алда әлі жарыстар бар, енді соған дайындықты бастауымыз қажет. Биылғы жылдың қорытындысы, яғни гір спортынан Қазақстан кубогына арналған дода күтіп тұр. Бұл жарыста да жерлестерімді жерге қаратпаймын, – дейді жеңімпаз.

Айта кетейік, Қайсар Төлеген – Дәуімбай елді мекенінде орналасқан З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің түлегі. Ол бүгінде облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру» факультетінде облыс әкімінің грантымен білім алып жатыр. Бұған дейін салада жеткен жетістігін тарқатып айтсақ, Қайсардың атына заты сай азамат екеніне көз жеткізесіз. Жалағаштық спортшы осыған дейін Қазалы қаласында өткен «Алтын күз» ауыл спартакиадасында да 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Мұнан бөлек «Ақбидай» сайысында, ҚР біріншілігінде де жеңіс тұғырынанкөрініп, аймақтың мерейін үстем еткен болатын. Ал биыл Бурабайда өткен гір спортынан Азия біріншілігінде де Қайсарға қарсылас шақ келмеді. Осылайша ол ел намысын қорғап, көк туымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Қазір ауданнан шыққан бір саңлақ үлкен додада топ жарып жатса, оны іштей «Наркескен» спорт клубының түлегі екен» деп отырамыз. Олай ойлауға да себеп жоқ емес, соңғы уақытта аталған спорт клубынан шыққан саңлақтар дүбірлі додалар мен байрақты бәсекелердегі жеңіс тұғырынан жиі төбе көрсетуді дәстүрге айналдырған. Ғалымжан Ержанов басшылық ететін ұжымның жұмысы жүйелі, мақсаты айқын. Айтпақшы, кешегі Қайсар Төлегеннің жарысқа баратын жолақысы мен басқа да шығындарға Ғалекең өз қалтасынан қаржылай қолдау көрсетіпті. Шын спорт жанашыры осылай болса керек. Бастысы нәтиже бар. Оң нәтижеге жетуде бар қабілетін, қолдауын аямайтын азаматтар тізгінді алған кез келген салада серпін болары айтпаса да белгілі. Бұл сөзімізге бір ғана спорт клубының бүгінгі жүйелі жұмысы тұздық болып отыр. Осыған дейін «Алтын күз» ауыл спартакиадасында төртінші орыннан төбесі көрінбейтін аудан спортшыларының биыл үшінші орынға жайғасуында да «Наркескен» спорт клубының өзіндік қолтаңбасы барын жақсы білеміз.

Қай спортшыны да бір сапардан келіп жатса, екінші сапар күтіп тұрады. «Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді» дегендей, спортшының жұмысы да тынымсыз жолсапарлар мен байрақты бәсекелермен етене байланысты. Сондықтан жалағаштық алапат күш иелері спортшылардың байрақты бәсекелердегі айы оңынан туып, бағы басым болсын деп тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: