Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

11°C

, Жұма, 29 наурыз, 14:09

Батыр атындағы ауылдың бірлігі бекем

24.01.2023

533

0

Бұқарбай батыр бұрын ат ізін салмаған ауыл емес. Тілшілік тіршілікпен талай барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысқанымыз бар. Әр сапарымызда бір жоба жүзеге асып жатады, елдің қуанышына ортақтасып, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігіне талай тәнті болғанбыз. Бұрын ауданда қолға алынбаған кәсіп те осы ауылда басталады, елді мекеннің ертеңіне арналған тың жобалар да бірінші осы ауылда жүзеге асып жатады. Бастысы, бұл бағыттағы жұмыстарға ауыл халқы жұмыла атсалысады. «Мынау мемлекеттің еншісіндегі жұмыс, ал мынау менің атқаратын шаруам» деген ауылдағы ағайында түсінік жоқ. Керісінше ойлары «абырой ортақ» деген түсінікте түйіседі.

Жуырда батыр атындағы ауылға тағы да жолымыз түсті. Әлгінде айтқанымдай, кіреберістен тағы да өзгерісті байқадық. Бұрынғыдай ауданға алып баратын елді мекен паспортына дейінгі жолдың екі бетінде күл-қоқыс шашылып жатқан жоқ. Жолдың қос беті қоршалып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргені көрініп-ақ тұр. Уақытында отырғызылған қалемшелер алдағы 2-3 жылда адам саялайтындай биіктеп қалыпты.
Сағат Байділдаев жалпы арық сөйлеп, семіз шығатын азамат қой. Ауыл әкімі болғалы Сәкеңнің әр сағаты елді мекеннің екінші тынысын ашуға арналғанын жақсы білеміз. Бір сөзбен айтқанда, кабинет төңіректемейді. Қай кезде барсақ та қайнаған жұмыстың бел ортасында жүреді. Жергілікті ша­руашылық төрағаларымен ақыл­даса отырып, ел ішіндегі ірілі-ұсақты мәсе­лелерді аудан орталығына жеткіз­бей шешкеніне де талай куә болғанбыз.
Жалпы «Бақ бірлігі жарасқан елге қонады» деген нақыл осындағы ағайынға қаратып айтылғандай. Ауыл әкімі кез келген мәселе төңірегінде шаруашылық төрағаларымен ақылдаса қалса, бірі техника шығаратын болады, ал енді бірі материалын алуға қаржылай қолдау білдіреді. Бұл екеуі де жоқ қарапайым халық та қол көмегін беріп жатады. Әсіресе елді мекенде Сыр салысын күтіп-баптауда толағай табысқа кенелген «Байтабын» ЖШС мұндай жұмыстардың басы-қасынан табылуды дәстүрге айналдырған. Кешегі сапарымызда биыл­дың өзінде серіктестіктің ауылда ау­қымды жобаларды қолға алғанын, бүгінде олардың халықтың қажетіне жарап тұрғанын байқадық.


Жалпы ісіне, мақсатына қарап, оларды «мынау ауыл әкімі, мынау шаруашылық төрағасы» деп тану қиын. Кәсіп өз алдына, шаруашылық басшылары бірінші кезекте ауылдың болашағына бас қатырады, ал қалған шаруа өз деңгейінде жүзеге аса береді. Ауыл әкімінің де ойының осы мақсатқа тірелетіні айтпаса да белгілі.
Болат Ділдәбеков «Байтабын» ЖШС-ын басқарады. Серіктестік ұжымының қай бағытта еңбек етіп жатқанын жоғарыда айттық. Бұған дейінгі сапарымызда Бәкеңді шаруашылық бригадирі ретінде білетінбіз. Күріштің күтіміне қатысты кез келген тың идеялар төрағаға таңсық емес. Бір сөзбен айтқанда, жиған тәжірибесімен серіктестік жұмысына серпін беріп отыр.
Естеріңізде болса, осыған дейінгі басқосулардың бірінде ауылдағы аға­йын елді мекенде байланыс желісінің тым төмен екенін жергілікті биліктің наза­рына салған. Аудан басшысы Асқарбек Есжанов ести сала мәселені назарға алып, тиісті сала басшыларына оның шешімі қалай, осы сауалдың жауабына жұмыс жасауды тапсырған. Жалпы Болат Ділдәбеков сол тұста бұл бағытта жұмыс жасап жатқанын айтқан. Тіпті қажетті биік қондырғыны облыс орталығынан қыруар қаражатқа сатып алыпты. Алайда оны орнату да біраз уақытты алады. Қысқасы, «келесі тоқсандағы кеңесте ел бұл мәселені қайта көтереді» деп түйгенбіз. Бірақ біз ойлағандай болмады. Оған кешегі сапарымызда куә болдық.


Төраға бүгінде биік қондырғыны орнатып қойған. Тіпті «Activ» желісі де іске қосылыпты. Енді бұрынғыдай батыр атындағы ауыл халқы біреуге хабарландыру жіберу үшін немесе жақынымен тілдесу мақсатында биікке шығып бас қатырмайды. Бір сөзбен айтқанда, үйінде отырып-ақ еркін тілдеседі.
Жалпы бір жылда серіктестіктің демеушілігімен ауылда жүзеге асқан жобалар легі мұнымен шектелмейді. Балалар жылы қарсаңында ауылда бос жатқан жерді қалыпқа келтіріп, балалар ойын алаңын ашыпты. Қазір ауылдың кішкентайларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Енді Бәкең бұл алаңды кеңейтіп, алдағы уақытта немересін ойнатуға әкелген ата-әжелерге де жағдай жасамақ, мұнан бөлек футзал салу да жоспарда жоқ емес.
Естеріңізде болса, 100 млн теңгеден астам қаражатқа аталған серіктестік спорт кешенін салған. Мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында бой көтерген зәулім нысан бүгінде салауатты өмір салтын ұстанған ауыл халқының қажетіне жарап тұр. Сол уақыттан бері саладағы ауыл өрендері халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып, аудан, облыс, қалаберді мемлекет мерейін үстем етті. Ал сол балалардың барлығы заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақталған зәулім ғимаратта шыңдалғанын ескерсек, ауыл спортының дамуына бұл нысанның қандай көмек болғанын аңғару оңай.
– Осы елдің топырағында өсіп, тынысымен тіршілік еткеннен кейін оған қызмет ету – азаматтық борыш. Сондықтан ауылдың абаттануына, өрісінің кеңеюіне жұмыс жасай береміз. Мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында «Байтабын» спорт кешенін салдық. Қазір бұл да халықтың қажетіне жарап тұр. Бағдарлама шартына сай тиісті қаражат кейін ғимаратты салған кәсіпорын иесіне қайтуы тиіс болатын. Өкініштісі, бүгінде ол бағдарлама тоқтап қалыпты. Жаңа нысанды салуға жұмсалған тиісті қаражат бізге қайтқан жағдайда оны да осы елді мекеннің дамуына жұмсаймыз. Туған жердің түлеуіне алдағы уақытта да күш саламыз, қолдаймыз, – дейді төраға Б.Ділдәбеков.
Ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі осындай, қолына сәл қаражат тисе, туған жерді түлетуде қарап қалмайды. Елді мекеннің өрісін кеңейтуде бірлікті ту етеді, осы мақсатта жұмыла еңбек етеді. Бастысы, нәтижесі анық байқалып тұр.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: