Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 26 сәуiр, 17:41

Белбеу күресінен чемпион атанды

06.06.2023

611

0

Белбеу күресі кең байтақ далада еркін өскен ержүрек қазақтың бүкіл болмысымен біте қайнасқан спорт түрі, тіпті өнері деуге де болады. Ұлттық спортымыздың төресі, қазақтардың ең көне спорт түрлерінің бірі. Иә, қазіргі таңда бұл жекпе-жек өнеріне сұраныс жоғары деп айта алмайсың. Дегенмен белбеу күресі, яғни қазақ күресі 1938 жылдан бері республикалық жарыстар бағдарламасына енгізілген. 2016 жылы ЮНЕСКО толеранттылық, ізгі ниет және ынтымақтастық принциптеріне негізделген қауымдар арасындағы қатынастарды нығайтуға әсерін атап өте отырып, қазақша күресті адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізді. Белбеу күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде тұрақты өткізіліп келеді.

Иә, ұлттық спорттың дамуы еліміз егемендік алғаннан кейін серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чем­­пио­наттар мен біріншіліктер жыл сайын жоғары деңгейде өтетін бол­ды. Ауданда да соңғы жылдары қа­зақша күреске, оның ішінде белбеу кү­ресіне ерекше мән беріле бастады. Ұлттық спортпен шұғылданатын аудан жастарының да қатары едәуір арт­қан. Тіпті аудан жастары қазақ күре­сінен түрлі жарыстарда бой көрсетіп, жүл­делі орындарды қанжығалап та жүр.
Өткен аптада редакцияға екі жасөс­пірім жігіт келіпті. Спорттық киім киген, қолдарында медалі мен дипломы бар. Сөйтсек, белбеу күресінен ел бірінші­лі­гінде атой салып, аудан абыройын асқақ­татқан палуан жігіттер болып шықты. Жеңістерін сүйіншілеп жүрсе керек. Әрине біз де қуана қарсы алып, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтап, дереу әңгімеге тарта жөнелдік.
Белбеу күресінен ел біріншілігі Жаңа­қорған ауданында өтіпті. Тартысты до­даға еліміздің барлық аймағынан ірік­тел­ген мықты палуандар қатысқан. Біз­дің Жалағаштан облыстық жарыстан жүл­делі орындарды иеленіп, ел бірінші­лігіне жолдама алған Азамат Әлихан мен Қайрат Ақберген бақ сынаған. До­дада топты жарып, 68 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Қайрат на­мыс­ты қолдан бермей қанжығасына бас жүлдені байлаған. Ал бозкілемде атой салған Азамат ініміз өзінің шебер­лі­гі­мен көзге түсіп, жүлделі 3 орынды иеленген. Осылайша жас спортшылар жауы­рындары жерге тимей, аудан абы­ройын ел алдында бір асқақтатты.
– Ел біріншілігінде жеңіске жетсем деген ой ғана болды. Спортшы үшін басқа қандай мақсат болуы мүмкін? Иә, ақтық кездесу мен ойлағандай оңай болған жоқ, қиын соқты. Қарсыласым жақсы дайындықпен келген. Өзімнің жалпы жарыстардағы өнеріме көңілім то­лады. Дегенмен ең бастысы, чемпион атандым. Ендігі бар күшімді әлем чем­пио­натына саламын, – дейді Қайрат Ақберген.
Балуан Қайрат алдағы уа­қытта өтетін қазақша күрестен әлем біріншілігіне дайындық үстінде, жаттығу барысын да әдеттегіден күшейткен. Сондай-ақ Қайрат Қызылорда Ашық университетінде дене шынықтыру пә­ні мұғалімі мамандығы бойынша жо­ғары білім алуда. Иә, білім мен спортты қатар алып жүрген ініміздің талабына біз де іштей риза болып, сәттілік тіледік.
– Мен үшін Қазақстан чемпионаты сәтті өтті. Бұл жарысты асыға күттік. Жарыс өте қызықты әрі бәсекеге толы болды. Барлық спортшының мықты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Десе де жеңіс менің еншімде қалды, жүлделі орынға ілігіп, қола медальға ие болдым. Осы жарыста жақсы өнер көрсетуіме себеп болған жаттықтырушыларым Кал­менов Өмірбек, Талапбекұлы Олжас және белбеу күресінен жаттықтырушы Есе­нов Жайдар ағайларымның еңбегі зор, үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Ал­дағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға талпынамын, – дейді ба­луан Азамат Әлихан.
Азамат – бүгінде Алматы спорт коллед­жінің 2 курс студенті. Ол болашақта оқуын бітіріп, туған жерде Қажымұқан атамыздың жолымен жүретін жас ба­луан­дарды тәрбиелеуге ниетті, алдына қойған мақсаты да айқын.
«Жігітке жеті өнерде аз» демекші, жас балуандар тек белбеу күресінен ғана емес, дзюдодан да біраз жетістікке жетіпті. Мәселен, Қайрат дзюдодан 2020 жылы жасөспірімдер арасында өткен республикалық жарыста жүлделі 3 орынды жеңіп алған. Азамат өткен жылы да Қызылорда қаласында белбеу күресінен өткен республикалық жарыста жүлделі орынға ілігіпті. Иә, тізіп жаза берсең, жас спортшылардың жетістігі көп.
Балуандардан қазақша күрестің ере­желерін де сұрай жөнелдік. Қазақша күрес тағанда жүргізіледі, аяққа өтуге тиым салынады. Күртеше мен белбеуден қармауға болады. Белбеу күресінде қолды қағып жіберуге, жамбас тәсілдері арқылы аяқтан шалуға рұқсат етілген. Бірақ тіземен кілемге отыруға болмайды, бұған қатысты ескерту қарастырылған.
Жалпы, қазақша күрес техникасы грузин, татар, өзбек күресімен ұқсас. Сондай-ақ бұл күрес тәсілдері самбо техникасына енгізілген. Көбіне қазақша күрес балуандары самбодан, дзюдодан түрлі жарыстарға қатыса береді.
Иә, осындай спортқа ынтық жігіттер барда ұлттық спортымыздың көсегесі кө­ге­ретініне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Басқа да жалағаштық спортшыларға осындай жеңісті күндер жұғысты болса екен деп тіледік. Өйткені бізде жеңісті жатқа бермейтін мықты спортшылар жетерлік.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: