Ауыр жағдай. Бір әулеттің басына түскен қайғылы оқиға кімнің де болсын жүрегін ауыртып, ойландырары анық. Түркістан облысында болған қайғылы оқиға туралы ақпарат дүйсенбі күні түнде жария болды. Отырар ауданындағы Сырдария өзенінің жағасына бір әулеттен тараған 4 отбасы мүшелерінің демалысы қайғымен аяқталды. Демалуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-уы ересек адам.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, суға батқан 11 адамның ішінен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен 9 адамның, оның ішінде 3 әйелдің және 6 баланың денесі табылып, судан шығарылды, 2 кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Мира Мүсілімнің хабарлауынша, бір әулеттің мүшелері тойдан кейін өзен жағасына демалуға тоқтаған. «Ешкімнің суға түсу туралы ойы болмаған, яғни арнайы суға түсу үшін тоқтамаған. Жаға тайғақ болған соң біреуінің аяғы тайып кеткен. Артынша басқалары оны құтқаруға ұмтылған. Олардың барлығы шомылатын жер емес екендігін білген. Себебі ешбірі суға шомылатын киіммен түспеген. Ал аман қалған отбасы мүшелеріне көршілері мен ағайындары көмектескен», деді Мира Мүсілім. Қайғылы оқиғаға байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кіріскен. Іздестіру шараларына барлығы 150 адам, 18 техника, 2 дрон және 6 жүзу құралы жұмылдырылды. Облыс әкімінің орынбасарлары оқиға орнында болып, тиісті нұсқаулықтар жүргізген.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен еріктілер аудан тұрғындарына жаз бойы бұл жерге суға түсуге болмайтындығы жайлы жан-жақты ескертулер жүргізген. Анықталғандай, мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда рұқсат етілмеген орында демалудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары қайғыға ұласып отыр. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Сырдария өзеніне адамдардың батып кету оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты. «Қазір іздеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар тергеу органдары бұл оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Қайғылы оқиға болған жерде суға шомылу үшін тиісті жағдай жасалмаған. Лауазымды адамдардың жауапкершілігі тексеруден кейін анықталады», деді журналистер сұрағына жауап берген министр.
Айта кетелік, Отырар ауданында соңғы үш жылда тілсіз жау – суға бату оқиғасы орын алмаған. Ал қайғылы жағдайға ұшырағандар – 240 тұрғыны бар шағын ауылдың тұрғындары. Жалпы, облыс аумағындағы су нысандарының саны – 4 334. Оның ішінде 42 су қоймасы, 149 ірі және кіші өзен, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!