Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:55

Екі мыңнан астам өтінім мақұлданған

24.01.2023

251

0

Күні кеше Мемлекет басшысының елімізге былтыр 1 қыркүйекке дейін әкелінген және ҚР заңнамасына сай мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыруға қатысты тапсырмасы аясында шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтініштер қабылдау басталды. 23 қаңтардағы кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда 2000-нан астам өтінім мақұлданыпты. Оның ішінде 100 адам тиісті құжаттарды алып үлгерген.

«ХҚКО мамандары өтінім берушілерге көмектесіп тұрады. Мұнда сіз кеңес ала аласыз, құжаттарды базалар бойынша тексере аласыз. Әрбір өтінім жеке қаралады. Қосымша сұрақтары бар автокөлік иелеріне қажетті ұсыныстар беріледі» делінген Ішкі істер министрлігі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары кешкі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Көлікті заңдастыру үшін е-gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы, сондай-ақ ХҚКО-ларда өтінім беруге болады.
Ереже бойынша автокөлік Қазақ­станға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі тиіс, көлік қылмыстық есеп­те тұрмауы шарт, басқа мемлекетте бұ­рынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдер­ден әкелінген автомобиль кедендік тазар­тудан өтуі керек.
Қызылорда қаласының тұрғыны Қайырбек Бакдәулет те бірінші бо­лып, шетелден жеткізілген көлігін заң­дас­тырды. Яғни ол Грузиядан әкелген автокөлігін тіркеп, полиция қызмет­кер­леріне алғысын білдірді.
– Мамандандырылған халыққа қыз­мет көрсету орталығында автокө­лігімді заңдастырып рәсімдедім. Бұл маған әлдеқайда оңай болып, алысқа бармай, қаламызда тіркеп, тиісті құжаттарды алып отырмын. Полиция қызметкерлеріне және Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарына рахмет, – деді ол.
Полиция департаменті Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, басқаруы оң жақтағы автокөліктер заңдастыруға жататынын айтады. Оны заңдастыру үшін алдымен жоғарыда айтқанымыздай, автокөлік Қазақстанға өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек. Өтінім беру 1 шілдеге дейін жалғасады.
Автокөлікті заңдастыру үшін алдымен өтінім, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі қажет. Сондай-ақ көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат та қажет. Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі.
Онда қабылданған шешім нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет. Алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге төленуі тиіс. Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.
Иә, қазір Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік көліктер жетіп артылады. «Бір шілдеге дейін уақыт бар» деген түсініктен арылып, мүмкіндік болса, темір тұлпарыңды заңдастырып алған абзал. Әзірге өткен жылдың қыркүйек айына дейін елге шетелден жеткізілген көліктер ғана заңдастырылуда. Ал одан кейін келген көлік иелеріне қайтпек керек? Ол жағы әзірге беймәлім.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: