Әрине, жағымсыз хабармен бөлісу бізге де оңай емес. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, дерттің алдын алған тиімдірек екені белгілі. Қысқасы, осыдан 3-4 жыл бұрын әлемге үрей тудырған дерт қайта бас көтерді. Енді ғана есін жиған халық «қайтадан карантин бастала ма?» деген үрейде. Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, бүгінде елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 2 есе өскен.
Нақтырақ тоқталсақ, ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 2024 жылғы қаңтарда былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың саны 2,5 есе өсіп, 477 адамға жеткен. 2023 жылғы желтоқсанда 187 адам коронавирус жұқтырған. СOVID-19 жұқтырғандардың ең көп саны Алматы (143 адам) және Астана (74 адам) қалаларында тіркелген.
Биыл 26 қаңтар және 1 ақпан аралығында елде жалпы 155 адам СOVID-19 жұқтырған. Бір аптада ауру жұқтырғындар 26 адамға артқан. Бас дәрігердің айтуынша, бүгінде Омикрон штамы тарап жатыр. Алайда ауру жеңіл түрде өтуде. Ауруханаға жатқызу деңгейі, өлім-жітім көрсеткіші өзгермеген. ДСМ ауру жұқтыру көрсеткішінің өсуіне қарамастан карантин шектеуі енгізілмейтінін хабарлады. Десе де енді тұрғындар жабық ғимараттарда және қоғамдық көліктерде маска тағып жүруге міндеттелмек.
Маска тағу
міндеттелмек
Осы орайда кеше бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова «Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойып, маска тағу міндетті орындарды бекітті.
Қаулыда «Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттерінің басшылары медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын, сондай-ақ халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін» деп жазылған.
Сонымен қатар бас санитар облыстар мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы халық көп жиналатын жерлерде, яғни әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және көліктің барлық түрлерінде, нақтырақ айтсам, қоғамдық көлік, әуе, темір жол қатынастарында медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілсін деді. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
2 коронавирус
инфекциясы анықталған
Аудандағы ахуалға тоқталсам, ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетованың айтуынша, Жалағашта жыл басынан бері 2 коронавирусты инфекциясы есепке алынып, барлығы зертханалық жолмен нақтыланған. Науқастар жедел респираторлы вирусты инфекциясымен ауырып, медициналық көмекке жүгінген. Бүгінгі науқастың бірі аудандық ауруханада ем алса, бірі үй жағдайында ем қабылдауда. Науқастың біреуі коронавирусты инфекцияға қарсы екпе алған.
Біз бүгінде коронавируспен күресудің ең тиімді амалы екпе алу екенін айтпасақ та білеміз. Жалпы, мамандардың айтуынша, 2021-2023 жылдары 67 988 жалағаштық коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған. Сондықтан алаңдаудың еш реті жоқ, десе де мамандар міндеттеген талаптарды орындаған абзал.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!