Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 11 желтоқсан, 14:45

Кент келбетіне нұқсан келмесін десек…

13.02.2021

686

0

Жыл сайын ауданды дамытуға бағытталған жобалар қолға алынып, кент келбетін келтіретін заманауи, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Жол жөнделді, ауыз су жайы шешімін тапты, көшеге жарық жүргізілді. Үлкен қалалардағыдай болмаса да, әйтеуір көштен қалып жатқан жоқпыз. Газет бетінде де «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші осындай ілкімді істерді қаламға арқау етудеміз. Бірақ алға басатын, дамитын елде бір-бірін қамшылайтын, барды бар деп, жоқты жоқ деп айта алатын азаматтардың да болғаны жөн. Тарқатайық…

Елдің жайын қағазға түсіріп, билікке жеткізіп жүрген соң біздерге жұртшылықтың айтары көп-ақ. Ұшыраса қалсаң, аудандағы игі істерді шолып шығады да, «Әттеген-айым тағы бар» деп жатады. Кент көркейгенмен, көңіліңді күздей жығатын мәселелер бар. Бірнеше рет газет бетінде әріптестерім көтеріп те көрді. Осы уақытқа дейін кентті көркейтіп-көгалдандыру мақсатында қаншама тындырымды істер жүзеге асты. Тазалыққа басымдық беріліп, бірқатар мекеме ұжымы әр сенбілікте Жалағаштың жайқалып, жаңа кейіпке енуіне күш салды. Әрбір мекеме ұжымы көктем шыға көше жиегіндегі арық бойына қалемшелер отырғызып, ауданның абаттануына білек сыбана атсалысып жүр. «Көрген көзде жазық жоқ» дегендей, енді осыншама еңбекті бір-ақ сәтте жоққа шығарып, жайпап жүрген иесіз жайылған малдарды тезге салуға күш жетпей тұр. Қазіргідей дамыған заманда, отыздыққа үміткер мемлекетте тапа-тал түсте аудан орталығын бейберекет жайылымдық жер еткен мал иелерінің де бұл мәселеге бас қатырғысы жоқтығын байқап жүрміз. Көше бойында, вокзалда, мекеме алдындағы кіреберіске дейін еркін еніп жүре беретін төрт түлік түрлеріне тоқтау салатын азаматтар қай да екен?


«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қазақ. Ата кәсіпті қолға алғандар болсын, жеке өзінің қажеттілігі үшін қорасын ірі қарамен толтырғандар болсын біле жүруі керек, кент келбетін кетірген кез келген көрініс олардың да азаматтығына сын. Қараусыз жүрген малдардың иелері үшін арнайы айыппұл бар екенін ескертетін құзырлы органдар да қол қусырып отырмаған шығар? Бірақ жұмыс жүйелі болса, бірді-екілі емес, неге көшенің әр бұрышында жайылған малға кезігеміз? Ағаштарды отағаны былай тұрсын, адам жүретін жолға тасталған нәжістерін қайда жасырамыз? Таңқалатынымыз, бұрын-соңды ірі қара мал ғана жайылып жүргенін көрсек, қазір топ-топ ешкілер де емін-еркін қыдырып жүре беретін болды.
Өзің тұратын өлкенің әр тасы қымбат, әр кемшілігі бәрімізге сын. Тәртіп бәріне ортақ. Тәртіпке бас иген құл болмайды деген. Таңертеңгісін қорасынан шыққан малдың қай бағытқа кеткенінен, қайда жайылып жүргенінен хабардар болмайтын қандай жауапсыз тұрғын дейміз кейде. Осы бір жауапсыздықтың кесірінен, тіпті түн ішінде көшеге еркін шығып кете беретін малға соқтығысудан талай мәрте көлік апаты да орын алды ғой. Әлде тұрғындар жеке иелігінде төрт түлігін көшеге иесіз, қараусыз жібермеу және саябақтарға, темір жол мен автокөлік жолдарына, мекемелер территориясына, басқа да қоғамдық орындарға жіберуге болмайтынын білмейді ме? Малдың жол қозғалысына кедергі келтіретінін, қысы-жазы қараусыз жайылып жүре беретін іздеусіз мал ұрлықтың құрбаны болатынын, аудан орталығын жайылымдық жер еткен төрт түлік көркейген ағаштарды тып-типыл ететінін түсіну соншалықты қиын ба? Дәл осы мәселені қолға алатын, үн қосатын азаматтардың жоқ болғаны ма? Жауапты мамандардың жұмысы неге көрінбейді? Қазір малын қорадан бейберекет жібере салып, сосын жинап аламын дейтіндер малы көлік апатына себепкер болса, қарасын көрсетпейтін көрінеді. Өйткені қараусыз малдың иесі заң аясында өзі жауапқа тартылатынын біледі. Енді осы заңдылықты білген тұрғын мәдениетті, көркейген ағашты бүлдіру қиянат екенін, кенттің келбетіне нұқсан келтіру азаматтық атына сын екенін неге білмей қалды?


Біз мұнымен тырнақ астынан кір іздеп, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етейін дегеніміз жоқ. «Жоқтамағанның малы түгел» демекші жайбарақат отырып, қызыл шығынға ұшырап қалмасын дегеніміз. Жайылған малдың кесірінен қайғылы оқиғаға ұшырамайық деген ниетіміз. Жауаптылар жауапкершілікті білсе, жұмыс жүйесімен жүрсе, әр тұрғын иелігіндегіге ие болса, сіз де тыныш боласыз, біз де тыныш боламыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: